Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық – драма театры «Ару қыз бен құбыжық» атты таңғажайып музыкалық ертегіні сахналап, кішкентай көрермендердің назарына ұсынды. Қойылымның алғашқы тұсаукесері 2019 жылдың 20-шы желтоқсанында өткен болатын. (Туындының авторы Анастасия Краснощенкова, қоюшы режиссері Фархатбек Қанафин, қазақ тіліне аударған Серік Жетпісқалиев, киім үлгілерінің суретшісі Маймұра Топанбаева, қоюшы суретшісі Ирина Лунга, хормейстер Сәуле Мұстафина).
Бүлдіршіндеріміз бұл ертегімен бұрын теледидар арқылы таныс болса, енді сүйікті кейіпкерлерін театр әртістерінің шебер ойнауында сахнадан көріп көзайым болды. Ертегінің қысқаша сюжеті былай: «Өткен заманда алыс бір өлкедегі зәулім сарайда бір ханзада өмір сүреді. Бір күні қыстың қақаған суығында оның сарайына бір егде жастағы әйел келеді де жалғыз раушан гүлін ұсынып, ақысына сол сарайда түнеп шығуға рұқсат сұрайды. Егде әйелдің ұсқынсыз түрінен жиіркенген ханзада ұсынған гүліне мұрнын шүйіріп, әйелді қуып шығыпты. Алайда, әйел ханзадаға адамның сыртқы келбетіне алданбай, ішкі жан-дүниесіне үңілуді ескертеді. Ханзаданың жүрегінде мейірім жоқ екеніне көзі жеткен сиқыршы оны жазалау үшін алып құбыжыққа айналдырып, сарай мен оның тұрғындарын қарғыс дуасымен дуалап, үй жиһаздары мен ыдыс-аяққа айналдырып тастайды. Сөйтіп, мазасыз күндер өтіп жатады. Бір күні сарайға орманда жүріп жолдан адасқан бейтаныс адам келеді. Оны мейірімсіз құбыжық тұтқынға алып торға қамап тастайды. Бейтаныс жан Белль атты ару қыздың әкесі еді. Әкесін іздеп Белль сол сарайға аяқ басқан бойда оқиға шиырлана түсіп, көрерменді өзіне баурап алады… Шытырманға толы оқиғалардың соңында ару қыз құбыжықтың бойындағы мейірім мен сүйіспеншілік сезімін оятып сарайдағылардың барлығы бұрынғы адам кейпіне оралады».
Қойылым балалардың көңілінен шықты деуге толық негіз бар. Оған балдырғандарымыздың қошеметі куә. Бұл тынымсыз ізденісте жүретін театр әртістері мен режиссердің еңбегінің жемісі. Ертегінің негізгі айтар ойы адамды бақытты ететін тән сұлулығынан гөрі, жан сұлулығы дегенге саяды. Ертегі бүгінгі ұрпақты адамгершілік пен имандылыққа баулиды.
Әртістер ойынына қысқаша тоқталсақ. Мәселен, адам түгіл, тірі жәндікке залал келтірмейтін, жүрегі мейірімге толы, ақ ниетті ару қыз Белльдің бейнесін (әртіс Гүлнұр Қожанова) өз деңгейінде әдемі алып шықты. Ал тәкәппарлық пен менмендіктің кесірінен Құбыжыққа айналған, өз өткен өміріне өкінішпен қарайтын ханзада бейнесін, театр труппасына жаңадан қосылған жас дарынды әртіс Жомарт Сағындықов сомдады. Белльдің әкесі Мористі ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Мырзаболатов қарапайым шаруа кейпінде жақсы жеткізді. Қаладағы паң жігіт Гастонның рөлін әртіс Марат Шакар пластикалық негізде көркем қимыл-әрекет арқылы жоғары дәрежеде алып шықты.
Жалпы, театр сахнасындағы көркем туындыларға ерекше әр беретін жарық берушілер мен әуенмен әрлеушілер, бет әрлеушілер мен кастюмершілердің де еңбегі зор. Сол қажымас жандардың бірі Ботагөз Бекенова бастатқан театрымыздың тігін цехындағы он саусағынан өнер тамған шебер қызметкерлері. Олардың қаншама күн, көздің майын тауысып, ине мен жіпті серік етіп тігетін сан түрлі кастюмдерінің бағасын көрермен жұрт біле де бермейді. Осы жолы да көп тер төгіп тамаша кастюмдерді сахнаға жарқыратып жолдаған өз ісінің майталмандарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Манарбек Қыдырбайұлы,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.