Облыста мемлекеттік мақсатты бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға 2019 жылға 2627,3 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, 1355,5 миллион теңгенің 289 жобасына қолдау көрсетілді. Бұл осы бағыттағы жұмыстың белсенді сипат алғанын айғақтайды.
Бизнесті қолдау шаралары жалғаса түсуде екенін де айтқан жөн. Биылғы тамыз айында «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі қаулысына өзгерістер енгізілді. Мұнда субсидиялау және кепілдік беру үшін көзделген қаржы жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен қарапайым заттардың экономикасын кредиттеу бағдарламасы мен тетігі бойынша аударылатын болады. Енгізілген өзгерістерге байланысты Ақмола облысын субсидиялауға – 703 миллион теңге, кепілдендіруге – 50 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қажетті мөлшердегі қаражат болып табылады.
Ендігі жерде кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысу үшін алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жүгіне алады.
Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын іске асыруға елеулі көмек көрсетілуде. Нақтылай түссек, 2019 жылы шағын несиелеуге – 974,8 миллион теңге,
несие кепілдігі үшін 70,9 миллион теңге бөлінген. Мұнда несие сомасы 6,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, несиенің жылдық өсімі 6 пайыздан аспайды. Сонымен бірге, кредит бизнесті инвестициялауға – 5 жылға және айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін мерзімді қамтитын болады.
Шағын бизнес ашу үшін «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде бизнес жобаларды қорғаған және соңғы 24 ай ішінде өзге бағдарламалар аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификаты болған жағдайда тиісті несие қаржысын иемденуге өтініш қабылданады.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша өткен жылы үш лектік шеңберінде 1270 адам оқытылса, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 950 адам курстарға қатысты. Яғни, белгіленген жоспар толық орындалған.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.