Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бабалар аманаты - АРҚА АЖАРЫ

Бабалар аманаты

Өмірдерек: Әлішер Елтаев – Көкшетау қаласындағы №8 орта мектептің түлегі. Ол 11 сыныпта оқып жүрген кезінде Есіл ауданы Бұлақ ауылындағы Құлсары баба басына арнайы барып, Ерғали атаның батасын алса керек. Осы сапардан кейін, «Құлсары батыр» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, қалалық байқауда ІІ-ші, облыстық білім сайысында ІІІ-ші орынға ие болған.
Алғашқы әскери дайындық сабағынан да олимпиадаға қатысып, қала, облыс бойынша жүлделі І орынға қол жеткізген. Әлішер қазіргі таңда Алматы қаласындағы белді жоғары оқу орындарының бірінде білім алуда. Біз төменде жас талапкердің тырнақалды туындысын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Мәңгі ұмытылмас тұлғалардың бірі – Абылайханның серігі, оң қолы болған атақты Құлсары батыр өз заманының көрнекті мемлекет қайраткері, елағасы ретінде беделі зор болған. Атығай руының Құдайбердіден тараған ұрпағы Құлсары батыр туралы естігенде, ерекше бір сезімге бөлендім. Бұрын соңды батыр жайлы естіген сияқтымын, батырды көрген сияқтымын… Құлсары әрі батыр, әрі әулие, шешен адам болған екен. Батыр жайлы интернет желісінен мәлімет іздеп, қазақ әдебиеті, тарих пәні мұғалімдерінен сұрастырдым. Батырдың алдында өтелмеген парызым бардай сезіндім, ақыры әкемнен батасын алып, Самат ағам екеуіміз батырдың жерленген жеріне аттандық.
Жалғызтаудың батыс беткейінде, тау тәрізді үстірттің үстінде, Есіл ауданы Бұлақ ауылының түстігінде жерленген Әулие-батыр Құлсары Бөріұлына ескерткіш кесене тұрғызылған. Бейіті еліміздің батыс өңірінің ақ мәрмәр тасынан алты қырлы, алты терезелі, басы дулыға типтес болып, ойып салынған. Төбенің басында орналасқан аппақ жалғыз бейіт айбынды, аруақты көрінеді екен. Ауыл молдасы Ерғали атаны алып, бейіттің басына барып, құран бағыштап тәу еттік. «Бүгінде дендеріне шипа іздеген жандар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, әулиенің басына қонып, Алладан жандарына медет тілейді. Емделіп кетіп жатқандары да баршылық» – деп Ерғали ата әңгімесін бастады. «Құлсары бабамыз түрлі шөптерден дәрі-дәрмектер жасап, ауру-сырқауларды емдейді екен. Риза болған халық ол кісіні «әулие» деп атай бастайды. Ол қайтыс боларда: «Көзімді жұмғаннан кейін мені ана адырдың басына жерлеңдер. Егер үш жылдан кейін қабірді ашып қарағанда, денем бұзылмаса, сонда ғана маған «әулие» атын беріңдер», – депті. Ел-жұрты Құлсарының бұл аманатын орындап, қабірін ашқанда, батырдың бейітінен бір ғажап жұпар иіс шығады. Бұл хош иіске таңғалған халық сол жерде Құлсарыға «әулие» атын берген екен. Батыр жайлы Ерғали атаны сұрақ астына алып, әңгімесін қызыға тыңдап отырғанда, күн қасқайып, қайтар жолға шығар кез де болып қалған екен. Ағам мен Ерғали атаның әңгімесі таусылар емес, ал мен көліктің артында отырып, көзден таса болғанша батырдың бейітінен көз алмадым. Бейіттің қасында ақ түйенің үстінде бейне бір әулиенің өзі маған қарап тұрғандай болды… Ерғали ата Құлсары батырға деген қызығушылығымды құптап, батасын беріп, «Құлсары батыр» кітабын тарту етті.
Үйге келгеннен соң да ішкі толқынысым әлі де басылмады, кешкі асымызды ішіп болғаннан кейін, бөлмеме кіріп, сол кітапты алып, оқи бастадым. Бір уақытта әлгі кітаптың екі беті алып шаһардың үлкен екі қақпасына айналып, айқара ашылды. Шаһардың іші толы адам: саудасы қызып жатқан базардағы саудагерлер мен сатып алушылар, асық ойнап жүрген жас балалар, иықтарына иінағаш іліп, су тасыған сұлу қыздар. Қатты шөлдеп, су сұрайын деп қыздарға қарай бет алдым. Сұлу қыздар маған қарап, бір-бірімен сыбырласып, сықылықтасып кетіп қалды. Жақындап келіп, ағаш шелекті салайын деп құдыққа қарасам, құдықтың түбінде маған бір батыр қарап тұр… Шошып кеттім де, етбетімнен құлап түстім. Көзім аяғыма түсті. Міне ғажап, аяғымда оюмен көмкерілген былғары саптама етік. Не болғанын түсінбей тұр едім:
– Әлішер батыр, сізге не болды? Сізді Хан ием шақырып жатыр, – деген дауыс естілді. Бұрылып қарасам, үстеріне сауыт-садағын ілген екі нөкер тұр.
– Не дедіңдер? – дедім сасқанымнан.
– Сізді Хан ием шақырып жатыр, – деп қайтара жауап берді.
Еріксіз орнымнан тұрып, үсті-басымды қағып, соңдарынан ердім. Хан сарайына келсем, төрде ақ кілемнің үстінде нар тұлғалы Абылай хан отыр. Оң жағында ханның ержүрек, сенімді батырлары Құлсары мен Құлеке отыр екен. Бұл көріністі көргенде, көкірегімде көшпелілер рухы атойлап, тамырымда қазақтың қаны бүлкілдеп, жүрегім лүпілдеп кетті. Бір тізерлеп отырып иіліп сәлем бердім.
– Тарбағатайдың оңтүстігі – Үржар, Еміл бойында қалмақ рулары отыр. Қай шеттен тиіп, қай жақтан шабу керектігі жайында игі жақсыларымен кеңес құрдық, әскер басында сенің де болғаныңды қалаймын. Құлсары батыр үйірдің ішінен тұлпарын таңдап берсін, атқа қон! – деп бұйрық берді.
– Құп, Хан ием! – деп Құлсарымен еріп, киіз үйден шықтық.
Үйірге келгенде қарап тұрған жұрт:
– Құлсары аға, қалай екен? – деп сұрады. Құлсары үйірдегі жылқыға біраз қарап тұрып:
– Сәттілік адамға байланысты емес, атқа байланысты. Ер жолдасынан ат жолдасы адал. Мынау ала торы жылмаң жүйрік, бітімі бөлек екен. Сәйгүліктің нағыз өзі, – деп үйір жаққа оң қолын көтеріп, нөкерге нұсқады. Нөкер ерен жүйрікті жылқыдан ұстап алып, жүгендеп, құйрық-жалын түйіп қасыма алып келді.
Есіл, Нұра, Сарысу,
Суыңды қайта кешермін.
Балқаш пенен Борлы көл,
Нуыңды қайта кешермін.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Найзаны саған кезермін.
Жауырындай Сарыарқа,
Жайыңды айдап түсермін.
Көк мұнарлы Көкшетау,
Ордамды саған тігермін.
Баба жатқан Ұлытау,
Басыңа туды тігермін, –
деген айбынды Абылай ханның сөздерін ұран етіп мен де атқа қондым. Бүкіл қазақ әскеріне қолбасшылық ету Құлсары батырға жүктеліп, жұдырықтай жұмылған қазақ қолы қалмақтарға жойқын соққы беруге дайындалды.
Алтай мен Атыраудың арасындағы кең дала көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен Ата қонысы. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік Ата жұрты. Құлсары бабамның қазақ даласын азат ету жолындағы қайсар рухы маған да дем беріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қалмақ басқыншыларына соққы беріп, әскерін тас-талқан еттік. Сарбаздар әуелі жау үстінен тасыр-тұсыр тас жаудырып, содан кейін ту сыртынан садақ оғын жаңбырша жаудырдық, әрбір оқ бір-бір жаудан жұлып түсіп жатты. Қазақ жасағын он орап аларлықтай қалмақтар қарақұрым әскерімен жеңіліске ұшырап, кейін қашты.
Құлсары батыр жойқын шайқастан кейінгі шаңы басылмаған айналаға көз жүгіртіп: «Бүгін кезекті тамаша жеңіске жетсек те, жау жағы әлі де күшті, әлі де қауіпті. Сондықтан қайда жүрсең де, қай заманда өмір сүрсең де «елім» деп, «жерім» деп соғатын болсын жүрегің, елім мен жерім саған аманат» – деп арқамнан қақты. «Аманат», «аманат» деген сөз құлағыма қайта-қайта естіліп, шайқастың шаңы қайта күшейіп, есімнен танып құлап түстім…
Көзімді ашсам, таң атып, сабаққа баратын уақыт та таяп қалыпты. Кеудемді кернеген толқыныстан жүрегімнің лүпілі құлағымның түбінде соғып тұрғандай. Жүгіріп мектепке келдім. Бүгін алғашқы әскери дайындық сабағынан қалалық сайыс болатын. Көз алдымнан Құлсары батырдың жүзі, құлағымнан «аманат» деген сөзі кетпей, мазасыздана бастадым. Алайда, осы сайыста болсын, өмірде болсын «бабамның аманатын» орындау үшін қолымнан келгенше бар білімімді көрсетіп, күш-қайратымды салып, мектебімнің абыройын асқақтатуға дайынмын. Егемен елімнің еңсесін көтерген Елбасына алғысымды айта отырып, тарихы терең Тәуелсіз елімнің лайықты азаматы болуға уәде беремін!
Әлішер ЕЛТАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар