Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен болған брифингте өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына тоқталып, биылғы жылдың жоспарларын ортаға салды.
Брифингте аудан әкімі сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркениетінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді өңірде жүзеге асыру барысынан бастады. Ермек Нұғымановтың айтуынша, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түскен.
– Ел Президенті белгілеген бағдарларға сүйене отырып, біз экономикалық және әлеуметтік даму жолымен сенімді түрде қадам жасап келеміз. 2019 жылға қойған негізгі жоспарлар мен міндеттер бойынша келесі көрсеткіштерге қол жеткізілді, – деді аудан әкімі.
Брифингте айтылғандай, өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуында барлық салаларда өсім байқалды. Жыл аудан үшін маңызды оқиғаларға толы болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша көптеген шаралар жүзеге асырылды. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтік нысандар салынды.
– Жұмыспен нәтижелі қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» жаңа бағдарламасы шеңберінде өткен жылы қолдау шараларымен 367 адам қамтылды, – дей келе, аудан әкімі Степняк қаласында 21 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Ауданда ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де айтылды. Сәуле, Құдықағаш және Ақтас ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары басталды. Ал, Макинка, Баймырза, Сәуле, Тасшалқар, Алға ауылдық клубтары қалпына келтірілуде.
Бұдан бөлек, ауданда «Сыбаға», «Алтын асық», «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Осының арқасында ауданда ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, халықты еңбекпен қамту салаларында көрсеткіштер жақсара түскен.
– Атқарылған және атқаратын жұмыстар жетерлік. Ауданның экономикалық және рухани әлеуеті биылғы жылдың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша алда тұрған барлық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді, – деді Ермек Нұғыманов.
Брифинг барысында журналистер аудан әкімінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзге салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы сұрап білді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.