2020 жыл – Еріктілер жылы. Осы орайда, біздің облысымызда да еріктілердің қатысуымен көптеген шаралар өткізу көзделуде. Бұл шараларға жастар ресурстық орталықтары тікелей араласатын болады. Волонтерлердің игі істері мемлекетімізге зор пайдасын тигізері сөзсіз.
Жыл сайын елімізде, соның ішінде біздің облысымызда волонтерлердің саны ұлғаюда. Қазіргі таңда қоғамға пайдасын тигіземін деуші жастардың еріктілер қатарына қосылуы бізді қуантады. Осы күні еліміздің түкпір-түкпірінде 200-ден астам волонтерлер ұйымы жұмыс істеуде. Солардың ішінде «Рахат», «Жаңа толқын», «Феникс» және «DREAM» сияқты қозғалыстар Көкшетау қаласының тұрақты волонтерлер ұйымдары болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Волонтер жылы» аясында жеті жалпы ұлттық жоба жүзеге асырылатынын айтты. Мәселен, волонтерлікті одан әрі дамыту үшін «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор» және «Үміт» атты жобалар іске асырылады. Аталған жобаларға 420 грант бөлініп отыр.
Тағы бір айта кететін мәселе, өз еркімен волонтер боламын деуші жастар kaz.volunteer.kz сайтына тіркеліп, волонтерлер қатарына енуге мүмкіндіктері бар. Рес-публика бойынша белсенді, қайырымды жастардың қатарына қосылған еріктілерге Үкімет тарапынан сан-түрлі жағдайлар жасалып, қолдау көрсетілетінін еске саламыз. Сондай-ақ, биыл еріктілерге басқа да көптеген жеңілдіктер қарастырылады. Волонтерлер үшін биылғы жыл өте жауапты кезең болары анық.
Ақмола облыстық жастар
ресурстық орталығы.