«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен және «Ақмола облысы мүгедек балаларды қолдау қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Жиында өз ойын ортаға салған қоғамдық бірлестік өкілі Раушан Тұранова балаларды қажетті дәрілермен қамтамасыз ету жағының нашарлығын, дәрі-дәрмектердің көпшілігі Денсаулық сақтау министрлігінің тегін тізімінде жоқтығын, ата-аналар оларды өз қаражаттары есебінен сатып алуға мәжбүр екендігін айтты. Сонымен қатар, дәрілер тізімін әкеліп, ұсыныстарын да жазып берді. Бұған қатысты Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Татьяна Бишораева:
–Бүгінгі күні сіздер өтініп отырған төрт препарат тегін дәрі-дәрмектер тізіміне енгізілген. Жыл сайын өтініштер қаралып, сұрақтар тыңдалады. Бұдан басқа келтірілген үш препарат бойынша бұған дейін ата-аналар тарапынан болсын, мамандар тарапынан болсын өтініштер келіп түскен емес. Дегенмен, алдағы уақытта осы айтылған ұсыныстарыңызды қабылдап, Денсаулық сақтау министрлігіне жолдайтын боламыз, – деп жауап берді.
–Барлық сұрақтар бойынша түсініктемелер берілуі қажет. Ондай мүмкіншілік заңда қарастырылмаған күннің өзінде, әлеуметтік сала қызметкерлері адамның жағдайын түсініп, мәселелерін шешуге тырысуы керек. Егер аталған мәселелер жиі тіркелген болса, заңнамаға өзгеріс енгізілуіне өтініш берілуі тиіс, – деп атап өтті Ғалым Бекмағамбетов.
Гаухар Камелинова ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру және жалақы төлеу мәселесін көтерді. Көптеген аналар жұмыс істемейтіндіктен, отбасының тұрмысы төмен болғандықтан, баланы емдеуге қаражат жетпейтіндігін, оған қоса зейнетақы жарналары аударылмайтындығын да алға тартты.
Тиісінше бұл мәселе бойынша жауап берген Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының қызметкері Әсел Ілиясова осы мәртебені алу үшін арнайы стандарттар бар екендігін, ол үшін ата-ана өз баласын қараумен қатар, тағы төрт немесе алты баланы күтуге алуы керектігін айтты. Айна Сағындықова болса, балаларға мүгедектік көп жағдайда 2-3 жылға ғана берілетіндігін, ал олардың диагнозы өмір бойына қойылатындығын алға тартты. Сол себепті мүгедектік мерзімінің 16 жасқа дейін ұзартылуын талап етті. Оған Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Ақмола облысы бойынша департаменті жетекшісінің орынбасары Нұрлан Шериязданов жауап берді.
– Бұл сұрақ үнемі күн тәртібінен түспейді. Барлығын бір топқа жинақтап бірден 16 жасқа дейін мүгедектік бере алмаймыз, дегенмен, мүмкіндіктер қарастырылып жатыр, – деп мәселесін жеке қарауға уәде берді.
Ата-аналар тарапынан бұдан өзге де қордаланып қалған мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, оған білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала мамандары жауап беріп, күрделі мәселелер бойынша келген ата-аналарды жеке қабылдап, мүмкіндіктер қарастыратыны баса айтылды.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ.