Ақмола облысының әкімі, «Nur Otan»партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы өтті.
Бюро отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту аясында Ақкөл және Астрахан аумақтық партия филиалдарының төрағалары, аудан әкімдері Алпысбай Қайыржанов және Нұрлан Сейіловтер партия мүшелерінің белсенділігін арттыру және бастауыш партия ұйымдарын нығайту мақсатындағы жұмыстары туралы баяндап берді.
Одан әрі Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов аудан, қала әкімдіктерінің мектеп оқушыларының оқу нысандарына балаларды тасымалдауды ұйымдастырудағы жұмысы туралы хабарлады. Сондай-ақ, саяси кеңес бюросында Целиноград ауданының оқушыларын оқу орындарына тасымалдауды ұйымдастыру туралы «Nur Otan» партиясы Целиноград аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Азамат Қанапиянов айтып берді. Сонымен қатар, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Шұғыла» бастауыш партия ұйымының төрағасы Мәди Елубаев еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Мемлекет қызметтік өкілеттіктерді жеке бас пайдасы үшін пайдаланудың тиімсіз және мүмкін болмайтын жағдайларын жасауы керек» деген тапсырмасын жүзеге асыруға орай қабылданған, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес талаптарына тоқталды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, Гуманитарлық-техникалық академияның ректоры Әбілмәжін
Аюпов «Nur Otan» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын жүзеге асыруда студент жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру жұмысы туралы баяндады.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросының отырысында күн тәртібіндегі барлық сұрақтар бойынша қаулы қабылданды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.