Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде облыстың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және биылғы жылдың міндеттері сараланып, өткен кезең ішінде облыс бюджетінің орындалуы талқыланды және аудан, қала әкімдеріне, департаменттер мен басқармалардың басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Облыс әкімі алдымен Ақмола облысы бойынша техникалық реттеу және бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалған Рүстем Әйменовты, Ақмола облысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып тағайындалған Светлана Занегина, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақмола облысындағы өкілі болып тағайындалған Ернұр Жолымбетовты жиналғандарға таныс-тырып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша мәжілісте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасады. Ол экономиканың көптеген салалары бо-йынша оң нәтижелерге қол жеткізілгендігін атап өтті. Мұндай өсім әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында байқалады. Бөлшек сауда, көлік қызметі мен байланыс жүйелерінде де ілгерілеушілік бар. Дегенмен, негізгі қорға инвестициялар салудың және құрылыс жұмыстары көлемінің азаюына жол берілген.
«Құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі Ерейментау, Есіл, Атбасар, Жарқайың аудандары мен Степногорск қаласында тіркеледі. Ал, Сандықтау, Атбасар және Астрахан аудандарында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері кеміген», – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәжілісте аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріндегі олқылықтар үшін бірқатар басқармалардың басшыларынан, аудандар мен қала әкімдерінен олқылықты жоюды қатаң сұрады және әрқайсысына өздеріне тапсырылған істің жайына жеке жауап беретіндіктерін ескертті. Әсіресе, көп аудандарда өнеркәсіп өндірісі көлемінің азаюы, шағын және орта бизнес субъектілері санының, ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің төмендеуі, негізгі капиталға салынған инвестициялардың, бюджет кірісінің азаюы орын алған.
Аймақ басшысы өнеркәсіп және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларына аудандық және қалалық әкімдіктермен бірлесіп, индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде іске қосылған жобалардың, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың неғұрлым толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, облыс басшысы аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшыларының назарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жаңа жобаларды іске асыруға, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, тұрғындарды сапалы ауыз сумен жабдықтауға, білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау салаларында адам капиталының сапасын арттыруға аударды.
Мәжілісте 2019 жылғы облыстық бюджеттің шығыс бөлігінің орындалу қорытындылары туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов баяндады. Бюджет көлемі 288,7 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама өскен. Ал, шығыс бөлігі 99,5 пайыз көлемінде игерілді. Облыстық 27 бюджеттік бағдарламалардың 18 әкімшілері бюджет қаражатын толық игерсе, қалғандарында жүз миллион теңгеден астам қаржы игерілмей қалды. Бұлардың қатарында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары бар.
Осы мәселеге назар аударған облыс әкімі облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, аудандар мен қалалардың әкімдеріне өткен жылдың қорытындылары бойынша бюджетке салықтар мен төлемдердің жүз пайыз толық түсуін биылғы жылдың бірінші тоқсанында қамтамасыз етуге, бюджет қаржысының, соның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің түгел игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімі Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлды 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.