Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үлкендердің ақ батасын алуда - АРҚА АЖАРЫ

Үлкендердің ақ батасын алуда

Макин орта мектебіндегі жоғары сынып оқушыларының «Еңбек десанты» атты қозғалысы осыдан он жыл бұрын құрылып, талай игі істердің ұйытқысы болғаны баршаға мәлім. Биылғы Еріктілер жылы балалар ұйымының жұмысына жаңа екпін қосуда. Бұл қозғалыстың мән-маңызын кеңейту мақсатында жуырда мектепішілік «Мейірімді жүрек» еріктілер клубы құрылды.

Алғашқы лекте іріктеп алынған он бес бала ауыл қарияларының алғысын алып үлгерді. Бір-бірінің жақсы ісін үлгі еткен жас толқын арасынан аталмыш клубқа мүше болуға талпынып жүргендер де аз емес. Ауылдың жел жақ өтінде тұратын жалғызбасты зейнеткер Валентина Демидкоға қыс біршама қиындықтарды ала келетіні бар. Соның ішінде ең қиыны – ауланы қардан тазарту. Түнеукүні түнімен майлы боран ұйытқыды да тұрды. Қар жарықтық кіреукеленіп, қалыңдап қалыпты. Кішкентай күрегімен түртініп көрген. Түске дейін бейнеттенді. Болар емес. Түс ауа ойламаған жерден мектеп оқушылары келді. «Ахылап-ухылаған» Валя апайдың жүзі жадырап сала берді.
Жұмысты жапырып тастаған балалар енді осында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Скарюкинаның үй тіршілігіне қолқабыс жасауға кірісті. Өздері қамқорлыққа алған қарт ананың дәрі-дәрмегін, азық-түлігін әкеліп беріп, қолғабыстарын тигізу олардың қашанғы әдеті. Өздері де көпті көрген Нина апайдың шай үстіндегі тәлімді әңгімелері еріксіз баурап алады. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қияпат оқиғалар жайлы айтқан естеліктерін құлақ қойып тыңдайды. Қарт көкірегінде қатталып қалған адамгершілік, кісілік туралы ескірмес естеліктер жас жүректерге ізгілік шарапатын төгіп тұрғандай әсерге бөлейтіні анық.
–Біз өзіміздің осы бір болар-болмас көмегіміз арқылы жалғызілікті жандардың демеуі болғымыз келеді,–дейді клубтың көшбасшысы, 10 сынып оқушысы Абылай Қасымов.–Замандастарымыздың арасында адамгершілік пен азаматтықты, мейірімділік пен адалдықты дәріптегіміз келеді. Абылайдың айтуынша, ұйымның жылдық жоспары жасалыпты. Мұнда өздерінің қолдарынан келетін нақты істер сараланған. Сол іс-қимылдары арқылы мүгедектер мен қарт адамдарға көмектесіп, салауатты өмір салтын насихаттамақ және кейде бой көрсетіп қалатын ауыл ішіндегі құқық бұзушылықтың алдын алуға ат салыспақ. Ардагерлермен кездесіп, көп балалы отбасылармен тақырыптық жүздесулер өткізу де қарастырылған.
Жанашырлық – күрек ұстап қар күреу ғана емес, рухани жан-дүниені де сәулелендіру. Бұл бағытта да өнерлі балалардың талпыныстары көңілден шығады. Олар аудандық «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарттар мен мүгедектерге арнап қызғылықты концерт қоюға даярлық үстінде екен. Ауыл тұрғындары да мұндай шаралардан шет қалмайды.
Сондай-ақ, бүгін аудандық ішкі саясат бөлімінен Үлгі ауылындағы Қазгородок орта мектебінің аға тәлімгерлері Г.Нұрмағамбетова мен Д.Сейітқазиннің жетекшілігімен жас еріктілер зейнеткер Клара Лұқпанованың ауласын қардан тазартып, үй шаруасына көмектесті деген хабар алдық.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар