Жеті қазынаның қасиеті жетесіне жетпеген жұрт оңдысын ойыншыққа айналдырып, оңай олжаға кенелмек. Бірақ, оның ар жағында не жатқанын бажайлап түсіне бермейтіні өзекті өртер өкініш.
Қалаға кіре бергенде қамшылар жақ беттен дүрліккен топ көзге ілікті. Арқан бойы жақындағанда аңғардық. Ит төбелестіріп жатыр екен. Соңғы кезде сәнге айналған осындай бір оспадар тіршілік белең алып тұр.
Бұл жолғысы кәдімгі қазақтың төбеті мен питбуль. Екеуі де қанжоса. Әсіресе, төбет. Күшік кезінде кесілген оң жақ құлағының түбі жалбырап жатыр. Даладай омырауы мен жұмырлана біткен жон арқасы қызыл қанмен шыланған. Питбуліңіз төбеттен әлдеқайда қораштау көрінгенімен, қорқуды білмейтін, айқас үстінде анық ажалы жетіп тұрса да мысықтабандап шегінбейтін бір сұрапыл. Оған қарағанда, қазақы төбет иманжүзділеу. Көмейінен гүрілдеп шыққан ызалы ырыл сәл сейілгенде шолақ құйрығын бұлғап-бұлғап қояды. Онысы пәкене питбульді бітімге шақырғаны. Бірақ, қан көріп құтырған ит қайдан тоқтай қойсын.
Айқұлақтана аттандаған, жерді тітірентіп айғайға басқан қалың топтың қақ жартысы жасөспірімдер мен балалар. Иелерінің айтағына еріп, бірін-бірі албастыдай басқысы келіп, жарты қарыс азуларын ақ алмастай жалаңдатып жүрген қос иттің қанын қыздырғысы келіп қапталдаса ұмтылады.
Қазақ төбетіңнің иесі қоңқақ мұрынды, гүжбан кавказдық біреу екен. Итпен бірге өзі төбелесетіндей өңмеңдей ұмтылады. Әлден уақытта питбуль төбеттің аузына іліккен. Манадан бері сілікпесі шығып, әбден ызаланған қазақы төбет бір-ақ қысты. Тіпті, аузымда кетті-ау деген жоқ.
Иті жеңгеннің желігі де аз емес екен. Кавказдық гүжбан да мәз-мейрам. Төбетін мақтап тұр. Өзінің емес әрине, қазақтың төбеті. Момын, мал бағу үшін жаралған жан иесі. Тек соңғы кезде оңай олжаға кенелгісі келгендер осындай төбелеске салып жүр. Әрине, айқасуын айқасады. Сол айқас ақ, адал иесін қорғау үшін, әйтпесе, иесінің малын қорғау үшін болса бір жөн ғой.
Ақ қардың үстінде айғыз-айғыз қан жатыр. Иелері үшін жан алып, жан беріскен қос иттің қаны. Қызыл қанмен суарылған ақ қарды күтір-күтір басып бала біткен бақ-шақ. Олар да жаңа ғана солықтай шаршап, қаржыса қармасқан иттерден бетер өңештейді. Осындай құбыжық құбылысты көріп өскен бала санасы не болар екен?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.