жыры көп осы ауылдағы тұрғын үйлердің сапасыз салынғанына ағайын өкпесі қара қазандай
«Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы тұрғын үйлер салу үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Осы қаржыға 2010 жылы Краснояр ауылдық округінде 2076 отбасына лайықталған 138 пәтер салынды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің 35-і күрделі жөндеуді және 102-і ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Он шақтысы тұруға жарамсыз.
Тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыз Қырым мен Қытайдан ата жұртқа ат басын бұрғанда, Көкше жұрты ақ түйенің қарны жарылғандай қуанған. Бұл кезде Көкшетау қаласы әлі де сап-сары болып тұратын. Тау асып, тас басып келген, бірақ, ата дәстүрді перзенттік махаббаттарымен қымтап, орап сақтаған, ана тілінің бар мәйегі сүйегіне сіңген ағайынмен бірге рухани әлемге жылы ағыс келеді деп есептеді. Солай болды да. Тыңның эпицентрі болған өңірде ана тілі ала шұбарланып, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ғажайып дәстүрге селкеу түсіп жатқаны да ақиқат болатын.
Ата қонысты аңсаған ағайынның шаттығы өз алдына, тіпті, тілмен жеткізу мүмкін емес. Облыс орталығынан таяқ тас-там жерде жаңадан салынған Нұрлы көш ауылындағы құрылысшының қалағынан енді ғана шыққан су жаңа баспанаға ие болды. Несін айтасыз, Алаш жұрты ақ құшағын айқара ашып, басына баспана, алдына мал салды. Бұдан артық жаратқаннан не тілерсің? Ендігісі жергілікті жұртпен біте қайнасып, тастай батып, судай сіңіп кету ғана. Онда да пәлендей қиындық жоқ. Өз қаны, өз туысы. Әйткенмен, сол қуаныш лебі арада көп уақыт өтпей-ақ су сепкендей басылды. Қай қиырда жүрсе де, адамға бірінші қажеті тұрғын үй. Ал, мұндағы тұрғын үйдің бәрі дерлік сапасыз салынған. Айналдырған алты айдың ішінде 138 екі пәтерлі тұрғын үйді көлеңкелеп, қалқалай салған. Алдымен, екпін түсіріп айтатын сөз ешбір архитектуралық үлгінің жоқтығы. Бір-бірінен айнымайтын егіз қозыдай өңсіз ғимарат. Сыртқы түр, ажарын айтасыз, қазірдің өзінде қаусап тұрған қабырғаның ішінен не шықпай жатыр дейсіз?! Босаған бөтелке, ескі киімнің етегі мен жеңі.
Әр тұрғын үйді салудың өзіндік орташа құны 3 миллион 200 мың теңге болып есептелген екен. Құрылысшылар әлде ақша үнемдеді ме, әлде жауапкершілік мүлде жоқ па, әйтеуір пеноплекс, панель, пескоблоктан салған. Жұп-жұқа қабырға Сарыарқаның сақылдаған сары аязына қайдан шыдас берсін?! Тұрғындар үйлері суық болған соң алғашқы қыстың өзінде тамыр-таныстарының баспаналарын паналаған. Пәтер жалдап тұрған.
Әуел баста «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы депозиттік кредиттеу бағдарламасы арқылы шарт ұсынылған. Негізі өте тиімді шарт. Пәтер құнының елу процент көлемінде депозитке қаржы жинақтау керек. Жинақтап болған соң бес пайыздық жеңілдігі бар мөлшерлеме бойынша сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бір айта кетерлігі, бағдарламаға қатысушы 215 адамның екеуі ғана кестені бұзбай, жарналарын төлеп отырған. Бүгінгі таңда жарна бойынша жалпы берешек 32,4 миллион теңгеге жетіп отыр. Міндеттемелердің мерзімі шарт бойынша 2015 жылы аяқталуға тиісті болатын. Біз тілдескен тұрғындардың барлығының айтатын уәжі үйлердің сапасыз салынғандығы. Сондықтан да, жарамсыз үйлерге ақша төлемей отыр. Жағдайды түзету және қаржылық жүктемені төмендету үшін тұрғын үйді жалға алу шарттарын қайта жасау рәсімі де қолға алынған. Күні бүгінге дейін 238 шарт жасалыпты. Әлі де 38 тұрғын құжаттарға қол қоймай отыр. Бұл арада тұрғындардың да жағдайын түсінуге болады. Кейбір үйлердің іргетасы да жоқ.
–Ағайынның өкпесі қара қазандай,–дейді Нұрлы көш ауылының тұрғыны Жырғау Туғанбай,–мемлекеттің қаншама қаражатын жұмсаған соң адам сияқты салмай ма? Енді осындағы кейбір адамдар бізге жер учаскесі де жетеді, сапасыз үйлерді сырып тастап, өзіміз салып алар едік деп отыр.
Әуел баста Нұрлы көштегі тұрғын үйлердің қора-қопсысы ескерілмеген. Тек маңайы жылан жалағандай болып жатқан үй ғана. Ал, қоңыр күздің соңында, қыс басталар шақта қоныстанған ағайынның отын-көмірін, өзге де шаруашылыққа қажетті дүниелерін қоятын орын жоқ. Орынды өкпенің өрістейтін жері де осы. Жалдау ақысының құны 2013 жылы қайтадан бекітілген. Яғни, 1 шаршы метр үшін 88 теңге. Демек, пәтер үшін төлем көлемі айына 6866 теңгені құрайды. Сөз арасында жалдау ақысының төмендеуі депозиттердің толықтырылуына әсер етпегендігін сыналап айта кеткен жөн. Тұрғын үйлерді жалға алғандар үшін де 73,4 миллион теңге қарыз қордаланды. Осыған орай жалгерлік берешекті сот арқылы өндіріп алу рәсімдері басталып отыр.
Бірінші қыстан бастап іргетастарының жоқтығынан немесе осалдығынан үй қабырғаларының қақырап кеткендігін, қабырғасы қақыраған соң төбе тақтайларының да ырсия ашылғандығын көрген ағайынның иманы қасым болып отыр. Жұқа қабырғадан сырттағы аяз лап қойғанда, іштегі болар-болмас жылудың әсерінен үй қабырғаларында ылғал пайда болған.
–2010 жылдан бастап Нұрлы көш ауылының тұрғындарынан шағымдар түсе бастапты. 2010-2011 жылдары электрмен жабдықтауды сыртқы инженерлік желілері тартылған. 2012 жылы бірнеше тұрғын үйлерге ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы 84 пәтер жылытылды. 2016 жылы осы ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт пен полиция пункті ұйымдастырылды,–дейді селолық округтің әкімі Нұрлан Айсин.
Тұрғындардың айтуына қарағанда, соншалықты жауапсыздықпен салынған үйлердің кейбірінде тіпті іргетас та жоқ. Іргетасы болмаған соң қабырғалары сөгіліп, ар жағынан дала көрініп тұр.
– Сапасыз салынған үйлерге ең алдымен техникалық тексеру жүргізу қажет. Ол үшін 2020 жылға 15,7 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр,–дейді Нұрлан Айсин,–тұрғын үйлерді техникалық жағынан толық тексеріп болған соң жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Нұрлы көш ауылында мектеп жасына дейінгі 202 бала бар. Ауыл тұрғындары Краснояр селосында іргедегі «Алтынтау Көкшетау» тау-кен өндіру комбинатында жұмыс істейді. Әйелдердің көпшілігі Көкшетау қаласындағы «Новопэк» кәсіпорнында. Сондықтан, бала бақшасын салу уақыт күттірмейтін мәселе болып отыр. Ал, азын-аулақ мал сүмесімен күн көретін ағайын шабындық және жайылымдық жердің жоқтығына қынжылады. Ауылдың 191 оқушысы іргедегі Краснояр селосындағы мектептерге тасымалданып оқытылады.
Бір ауылдың басындағы қат-қабат мәселеге жүрдім-бардым қарауға әсте болмайды. Шынын айтқанда, шеттегі қазақ мұндағы жайдан құлағдар болса, ат басын ірке бермей ме?!.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Суретте: «Нұрлы көштің» қора-көпсысы да жоқ жадау үйлері.