Қорғалжын. Қазақ тілін латын графикасына көшіру бо-йынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік органдар, қоғамдық және ғылыми-білім беру құрылымдарының қатысуымен жұмыс тобының бірлескен біршама жиналыстары өткізілді. Алдымен ақпараттық жұмысқа баса назар аударылды. Халық жаңашылдықты оң қабылдап, латын графикасын қолдануға белсенді атсалысып, жиі диктанттар жазады. Аудан тұрғындарын жаңа ережелермен таныстыру мақсатында аудандық тілдерді оқыту орталығы бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізуде. Олар ұйымдар мен кәсіпорындардың еңбеккерлерімен жиі сабақ өткізеді. Орталық латын графикасын оқытатын құрал шығарып, арнайы мультимедиялық кабинетін ашты. Мұнда қазақ, ағылшын тілдері оқытылуда.
Жақсы. Мемлекет басшысы халық арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Бүгінгі күні барлық ауылдық округтерде әртүрлі спорттық секция-лар жұмыс істейді. Екі ауылдың тұрғындарына қазіргі заманғы дене шынықтыру-сауықтыру кешені қызмет көрсетеді. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға жеке кәсіпкерлер мен шаруашылық субъектілері өз үлесін қосуда. Өткен жылы ауданның төрт селосында балалар ойнайтын және спорт алаңдары, Терісаққан ауылында хоккей корты пайдалануға берілді. Аудан орталығында құны 59 миллион теңгеге бағаланған спорттық алаң салынды. Мұның бәрі спортпен тұрақты түрде айналысатын адамдар санын көбейтуге жол ашты. Тұрсынбек Уәлиев атындағы спорт мектебінде Қазақстан бокс федерациясы кубогының ширек финалы өтіп, жергілікті қолғап шеберлері бағын сынады.
Целиноград. Жыл өткен сайын қазақтың ұлттық ойындары дамып, өткізілетін жарыс барысында жас шеберлер мен чемпиондар топ жаруда. Таяуда Павлодар қаласында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы чемпионаты болып өтті. Спорттық шараға еліміздің мықты спортшылары қатысты. «Блиц» бағдарламасында Қоянды ауылының оқушысы Медина Садықова жас спортшылар арасында алтын медальды жеңіп алды. Шәкіртінің жеңісіне жаттықтырушысы Дүйсенбай Молдабаев қатты қуанды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.