Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Щучинск филиалының ұйымдастыруымен Мәлік Ғабдуллин атындағы көп тілде оқытатын №3 кәсіби мектеп-гимназиясында әскери-патриоттық тәрбие сағаты өтті.
Шара барысында Ақмола облысы бойынша Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымының төрағасы, филиал директоры Дуанбай Ыбырайдың Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы, осы майдандарға қатысқан жауынгерлердің жанкешті өмірі туралы әңгімесін мектеп оқушылары ұйып тыңдады. Одан кейін мектептің 9 сынып оқушысы Әбіш Әл-Фарабидің орындауында «Атамекен» әні шырқалып, жоғары сынып оқушылары Дуанбай Кәзібайұлының қолынан әскери тіркеу құжаттарын алды. Сондай-ақ, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов жайында бейнебаянды және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қару көрмесін тамашалады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.