Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері жайында сөз қозғады.
Брифингте аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің кірісі 29 миллиард теңгені құрады. Аудан экономикасын дамыту үшін 67,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 35,7 миллиард теңгеге жетті. Ауданда жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Келешекте бұл жобаларды кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізу жоспарланған.
– Қабанбай батыр ауылында күннен энергия өндіретін қуаты 100 МВт электр стансасының құрылыс жобасы жүзеге асырылуда. «Хэвэл Қазақстан» серіктестігі қолға алған жобаның құны 30 миллиард теңгені құрайды. Биылғы жылдың наурыз айында электр стансасын пайдалануға беру жоспарланған, – деді аудан әкімі.
Өткен жылы ауа райының күрделі жағдайына қарамастан, аудан диқандары мол астық жинады. Ауыл шаруашылығы саласында 38,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде аудан бойынша жалпы құны 6 миллиард теңге тұратын 25 жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, аудан әкімі брифингте елорданың маңындағы елді мекендерді дамыту, инженерлік инфрақұрылымдарды салу және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– 2019 жылы 891 отбасы 544,7 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1443 адам жұмысқа орналастырылды, сондай-ақ, 1110 тұрақты жұмыс орны ашылып, 174 адам кәсіптік білім және оқумен қамтылды, – деді Мәлғаждар Тәткеев.
Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына да ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, аудан кәсіпкерлермен «Туған жер» жобасы аясында 3,5 миллиард теңгеге 50 — ден астам жоба жүзеге асырылыпты.
– Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмаларын орындауда қол жеткізген табыстар – жергілікті атқарушы органдар мен аудан тұрғындарының келісілген жұмысының нәтижесі болып табылады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша барлық міндеттердің орындалатынына толық негіз бар, – деп қорытындылады аудан әкімі өз сөзін.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.