Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мал да соя алмайтын болғанбыз ба?!. - АРҚА АЖАРЫ

Мал да соя алмайтын болғанбыз ба?!.

Жасырары жоқ жаһандану көшіне ілесеміз деп жарыса ұмтылған жастардың дені ұлттық салт-дәстүр дегеннен хабарсыз. Үлкендерден келе жатқан үлгілі үрдіске сызат түскен. Бір ғана мысал. Қаланы айтпағанда, ауылда қасапшы қат. Қазақтың баласы қой соя алмайтын дәрежеге жетті. Қанжар ұстағанның бәрі қасапшы емес екендігі де айқын. Қалай дегенмен де, басқа-басқа, мал союды қазақтай меңгерген ұлт жоқ шығар сірә…

Шындығын айту керек, басқалардан қара үзіп, ет жеуге келгенде алдына жан салмайтын қазақтың бұрынғыдай буын бұрқыратып, астау-астау ет асатын дәуірі өткен. Нарықтық дағдарыс елді есеңгіретіп тастады. Ауылда тұрып, соғым соймайтындар көп. Қалалықтардың дені ет сатылатын сөрелерді жағалап жүр. Бәрі де қаражаттың тапшылығынан. Әйтпеген күнде, қай қазақ соғым сойғысы келмейді дейсіз. «Соғымбасы шүйгін болсын, ұрпақтарың тұйғын болсын» деп берілетін батаның да астарында үлкен мән жатыр емес пе?!
Қасапшы азайып кетсе, бәлкім біз жоғарыда келтірген себептер де өз септігін тигізген болар. Бірақ, ауылда өз ісінің шеберлері жоқ емес, бар. Солардың бірі Шағалалы ауылының тұрғыны Қожабек Мәкенов.
– Мал шаруашылығымен етене таныспын. Әкеміз жүз қойдан жүз саулық алатын елге сыйлы шопан еді. Малды күту, мал сою, етті мүшелеу, керек десеңіз асу бұл кәсіпті бес саусағымдай білемін десем артық емес. Құдай сақтасын, әлеуметтік желілерден неше түрлі сұмдықтарды көрсетіп жатыр ғой. Кейбір қасапшылар малды балтамен, ұрып немесе тұншықтырып өлтіріп жатады. Мен немерелеріме де айтып отырамын. Қазақ халқы мал сойғанда оны міндетті түрде бауыздайды. Соңғы кезде ғаламторда малды тұншықтырып өлтірген қасапшылар туралы да ақпарат таратылуда. Қателеспесем, бұл үрдіс, яғни, малды бауыздамай, тұншықтырып өлтіру деген Корей елінде бар. Себебі, олар малды тұншықтырып өлтірсе, қан етке сіңеді, бұл адам ағзасына пайдалырақ болады деп есептейді екен. Алайда, қазақ халқы үшін бауыздалмаған малдың, қан-жыны ақпаған еттің бəрі – харам болып саналады. Жылқы жалпы, басқа малдар да бауыздалған соң, жанының толық шыққаны күтіледі. Содан соң, алқымын жуып, қанынан тазартамыз. Мойынының астына салынған жаңғырықты алып тастап, аяғындағы арқан, жіпті шешеміз. Жылқыны бауыздауға қатысқан адамдар аудара жылжыту тəсілімен төселген қамыстың, сабанның үстіне əкеліп, бір жағына аунап кетпеуі үшін екі жағынан қапталдығын ала жаңғырық қойылады. Мұнан кейін малдың терісін пышақпен сыпыруға, қолмен іреуге кірісеміз, – дейді Қожабек Есләмбекұлы.
Аға дұрыс айтады, соңғы кезде осы әлеуметтік желі арқылы неше түрлі жан түршіктірер жағдайлар түсірілген бейнежазбалар таратылуда. Біз де солардың бірнешеуін мысал ретінде келтіріп өтсек дедік. «Атыраудағы мал сою цехтарының бірінде қасапшы тірі жылқыны балтаның сыртымен ұрып жатыр». «Өгізді жұлынына пышақ сұғып сұлатқан қасапшы». Осындай тақырыптағы мақалалар. Бейнежазбаларын көруге батпайсыз. Иә, осы ретте қазақтың қасапшы қатыгез болса, мал арам дейтіні ойға оралады.
Күндердің күнінде ауылда қасапшы қалмайды деп кім ойлаған. Бұрындары ауылдың қара домалақ баласының кез-келгені қонақ күту дәстүрін білетін. Қазіргі қазақ қонақ күтіп, малға бата сұраудың орнына көше кезіп қой соятын қасапшы іздеп әлек. Оны айтасыз, ауылда ішек-қарын тазалайтын әйел санаулы. Бәлкім содан болар, қазіргі таңда қасапшылар мен ішек қарын тазалай білетін келіншектердің қызметі аспандап тұр. Сұрастырып көрсек, бір жылқыны сойып бергені үшін қолақысы 20-25 мың теңге екен, бұған қоса әрелік бересіз. Ал, ішек-қарынын тазалап бергені үшін 10 мың теңге төңірегінде.
– Қазіргі жастар етті мүшелеуді білмейді, – деп әңгімесін әрі жалғады қасапшы. – Жас келіншектерді айтпағанда алпысты алқымдаған апаларымыздың өзі қайсысы омыртқа, қайсысы белдеме екенін айырмайды. Ішек-қарынды тазаламай, лақтыра салады. Ғалымдардың өзі етті пайдалы дәруменнің көзі деп отыр емес пе? Мал союдың өзіндік әділ-тәсілі бар. Мәселен, қойды сойғанда төстік алынса, жылқыны сойғанда төстік алынбайды. Жылқының терісін жұдырықтап түсіру қиынға соғады. Сонымен қатар, терісіне шел жібермей таза сою асқан шеберлікті талап етеді. Қазы майының қалыңдығы – жылқы қоңының көрсеткіші ғой, – дейді Қожабек аға.
Жасырары жоқ, жастар қара жұмыстан қашатын болды. Кез-келген мәселенің күрмеуін табу үшін қаражат керек деген жаңсақ пікірді желеу етеді. Осындайда ауылда селтең-селтең жүріспен бос жүрген жұмыссыз жастарды көріп, өз ісін білетін Қожабек ағалардан қасапшылық кәсіпті неге үйренбейді деген ой орала береді. Ал, сіз қалай ойлайсыз?!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар