Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұрпақ үшін, ел үшін қалғымайды - АРҚА АЖАРЫ

Ұрпақ үшін, ел үшін қалғымайды

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің елордалық соғыс және еңбек ардагерлеріне танытып отырған қамқорлығының бір парасы хақында

Халқымызда «Ізгілік ескірмейді, бұзылмайды» деген ұлағатты нақыл бар. Шынында да, самайларын ақ қырау шалған ардагер аталарымыздың, аға, әжелеріміздің елге сіңірген ерен еңбектерін бүгінгі ұрпақ өкілдері ешқашан ұмытпайды деп толық сеніммен атап өтуге болады. Өйткені, аға ұрпақ өкілдерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері, одан кейінгі кезеңдегі халық шаруашылығын қалпына келтіру жолындағы қажырлы еңбектері бүгінгі жастар үшін ұлағатты өнеге, өшпес мұра. Ендігі жерде осыны бағалай да, дәріптей де білуіміз қажет.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Елордамыздағы ардагер зейнеткерлердің бос уақытын тиімді де мағыналы өткізуіне, денсаулығына қамқорлық жасау, қоғамдық жұмыстардан тысқары қалмауын, тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық жағдайларына бақылау, қажет болған кездерде тиісті жәрдем көрсету, мәдени, спорт шараларынан сырт қалмауы, басқа да шараларды тиімді ұйымдастыру мақсатында орталық кеңестің төралқасы 2011 жылғы мамыр айының 11 жұлдызындағы өз қаулысымен тұрақты комиссиялар жөніндегі ережені бекіткен болатын.
Бұл құжаттың шешіміне сәйкес әрқайсысы 7-9 адамнан тұратын қоғамдық негіздегі жеті комиссия құрамы бекітілген болатын. Соның бірі – ұйымдық әдістемелік жұмыс жөніндегі комиссия. Аталмыш комиссия мүшелері жуырда өткен кезеңдегі атқарған жұмыстарының қорытындысын саралап, жаңа міндеттер белгіледі. Есепті мерзімде комиссия мүшелері Елордамыздағы Алматы, Есіл, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы шағын орталықтардың жұмыстарымен танысып, ондағы атқарылған игі шаралардың озық үлгілерін өзге орталықтарға тарату жөнінде ұйғарым жасады. Ал, шындығында аталған аудандарда 40-қа тарта осындай шағын орталықтар өздерінің игі жұмыстарымен ардагерлеріміздің жиі бас қосып, бос уақыттарын көңілді өткізетін орындарына айналып отырғандығын атап өткен жөн.
Шағын орталықтардың басым бөлігі Алматы мен Есіл аудандарының аумағында орналасқан. Бұл аудандарда тиісінше 16 және 15 шағын орталық жұмыс істеуде. Мәселен, Алматы ауданындағы «Күйші Дина», «Жанұя жігер» және «Мұнар Қайсар» шағын орталықтарының ұйымдастырып отырған жұмыстары зейнеткер ардагерлеріміздің көңілінен шығуда. Сондай-ақ, комиссия мүшелері осы аудандағы Тәуелсіздік даңғылы, 34/1 үйде орналасқан «Алтын ғасыр» және Ш.Құдайберді көшесіндегі 17 үйде қоныс тепкен «Мұнар» шағын орталығының жұмысымен жан-жақты танысты. Аталмыш орталықтың алғашқысы 2012, ал, екіншісі 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда қолы бос зейнеткерлер бір мезгіл осында келіп, бір-бірімен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрып, мерзімдік басылымдардағы жаңалықтармен танысып, шахмат, дойбы, домино ойнап, көңіл-күйлерін көтере алатындығын атап өтер едік.
Оның бер жағында, аудандағы «Ата-әжелер әлемі», «60 жастан асқанда…», «Шебер» клубтарының да ардагер ата-әжелеріміздің жиі бас қосып, бос уақыттарын тиімді өткізетін орындарына айналып отыр. Және бір атап өтетін жай, Интернациональный, Промышленный елді мекендеріндегі «Замандастар», «Әнім Астана» көркемөнерпаздар үйірмелері, «Рябинушка» ансамблі де жергілікті тұрғындардың әсіресе, егде жастағы ардагерлеріміздің белсенділігінің нәтижесінде жұртшылықтың ықыласына бөленуде.
Есіл ауданындағы Достық көшесі, 13 үйдегі «Нұрсая-2», сығанақ көшесі, 18/1 үйдегі «Уют», Сығанақ көшесі 10/1 үйдегі «Номад», Қабанбай батыр даңғылы, 48 үйдегі «Арман қала», Ақмешіт көшесі, 5 үйдегі «Велл Хаус», Қабанбай батыр, 48/1 үйдегі «Времена года» шағын орталықтарындағы орындарда бір мезгілде 25-30 адам бас қосып, түрлі мәдени шараларды өткізе алады. Ауданның құзырлы мекемелерінің жетекші мамандары ардагерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдап, мұң-мұқтажын шешудің жолдарын айтып, нақты кеңес береді.
Сарыарқа ауданындағы Әуезов көшесі, 19 үйдің төменгі қабатындағы «Оптимист» шағын орталығының жүргізіп отырған жұмысы өзгелерге үлгі боларлық. Небары 30 шаршы метр орын осы үйде тұрып жатқан зейнет жасындағы ардагерлердің бос уақыттарын өткізетін қолайлы орынға айналып отыр. Бір атап өтерлік жай сол, ардагерлеріміздің барлығы дерлік әжелер қауымынан. Мұндағы шағын кітапхана, газет-журнал тігінділері, шахмат, дойбы солардың игілігінде. Қолөнер, тігін үйірмелерінің туындыларының көрмесі көзді қызықтырады. Ардагер аналарымыз өздерінің өтініштері, заң, құқық, әлеуметтік мәселелері бойынша тиісті лауазым мамандарымен жүздесіп, кеңес ала алады. К.Байсейітова көшесіндегі «Зодиак» шағын орталығының да жұмысы жақсы жолға қойылғандығын атап өтер едік.
Шындығына жүгінер болсақ, осы біз әңгімелеп отырған барлық шағын орталықтардың ең басты да негізгі қызметі ардагер зейнеткерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталған. Ал, мұндай орталықта бір-бірімен жүздесіп, келелі әңгіме құрып, бірер партия шахмат ойнап, оқыған кітаптары жайында пікір алмасқан кезде уақыттың қалай тез өтіп кеткенін де аңғармайсың да. Ал, осы шағын орталықтардың жетекшілері елімізде болып жатқан түрлі деңгейдегі мерекелер кезінде ардагерлерді назардан тыс қалдырмайды да. Ардагерлердің туған күндерін атап өту, олардың мектеп оқушылары, студент жастармен кездесуін ұйымдастыру сияқты шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.
Ардагерлеріміздің өздері де қоғамдық жұмыстарға қатысуда белсенділік танытуда. Мәселен, Алматы ауданындағы «Күйші Дина» шағын орталығының зейнеткері, филология ғылымының кандидаты Н.Қанапин есімді ағамыз көлік және байланыс колледжі түлектерінің алдында халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уәлихановтың өмір жолы, ғылыми еңбектері жайлы лекция оқып, жастардың қойылған сұрақтарына тұшымды жауап берді. Ал, Қ.Күлжанов ағамыз №22 және №54 мектеп оқушылары алдында Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай лекция оқыды. Аға-әпкелеріміз көктемнің, жаздың қолайлы күндерінде ұйымдастырылған сенбіліктерге қатысып, белсенділік танытатынын да атап өтуіміз қажет.
Осы орайда, Елордамыздағы шағын орталықтардың барлығын пәтер иелері кооперативтері қаржыландырып отырғанын еске салуды жөн көріп отырмыз. Бұған қоса, шағын орталықтарын жаңадан ұйымдастырып ашуда, оларды қаржыландыруда іргелі құрылыс компанияларының көмек көрсетіп отырғанын да біле кеткеніміз жөн. Олардың қатарында «BI Group», «Астана Жилсервис НС», «Нұр Бекет», «Жағалау сервис-2» ЖШС-ін, «Номад» тұрғын үй кешенін атауға болады. Ал, қайырымдылық, басқа да қамқорлығын көрсетіп отырған «Астана Нұр» ЖШС-іне, «Евразия», «Аурика» сауда үйлеріне, «Баянауыл» дүкеніне, «Рахат-Лукум» дәмханасына, «Евразия» жеке кәсіпкерлігі ұжымдарына айтар алғысымыз шексіз.
Ардагерлеріміз – алтын тұғыр. «Қарттары бар ел қазыналы ел» деп жатамыз. Әбден келісуге болады. Қалай дегенмен де, бүгінгі ардагерлеріміз, зейнеткерлеріміз еліміздегі қамқорлыққа зәру тұрғындарымыздың санатында екендігі анық. Бүгінде олардың барлығы заңды еңбек демалыстарында. Кезінде олардың қай-қайсысы болсын еліміздің, туған Атамекеннің өсіп-өркендеуіне, дамуына лайықты үлестерін қосқан жандар.
Ал, әңгімемізге арқау болған ардагерлердің бос уақытын өткізудің дәнекері ретіндегі шағын орталықтардың тиімді жұмыс істеуіне қамқоршы болу әрбір мекеме, ұйым басшысының абыройына парызы дер едік.
Биылғы жыл ерекше жыл. Республика жұртшылығы Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуын, оның бер жағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеді.
Міне, осы мерейтойларға орай ұйымдастырылатын шаралар кезінде облыс өңіріндегі зейнет жасындағы ардагерлеріміз белсенділік танытумен қатар, құрмет пен ықыласқа бөленуден сырт қалмайды деген сенімдеміз.
Бәдуан ИМАШ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Орталық кеңесі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар