«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2020-жылдың 9-ақпан күні «Біз мәңгілік елдің ұрпақтары» атты жас патриоттардың Республикалық жиыны ауысымы барысында Ақмола облысының мәдениет басқармасы жанындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі келді.
Қазақтың ғұлама ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, бар қазақтың жүрегінің төрінен орын тепкен қазақ поэзиясының кемеңгер тұлғасының терең шығармалары арқылы жастардың ұлтжандылық сезімін ояту, елін, жерін, туған тілін сүю – Отан алдындағы қасиетті борыштары екендігін ұғындыру мақсатында «Айнакөл» фольклорлық ансамблі балдәурендіктерге халқымыздың музыкалық қазынасындағы сары алтындай сандалкер күйлері мен тебірендіретін толғау-термелерін тарту етті.
Сондай-ақ, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі ауысым қатысушыларына асқақ жыр, сұлу сырлы күй, қанатты шешендік сөз, ұлағатты терме сынды тұнба бұлақтай төл өнерімізді насихаттап, салт-дәстүріміз бен ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды, тілімізді, ділімізді жандандырып, өнер құдіреті-домбыраның үкісін желбіретіп, асқақтатып, дем берді.
Ұлттық өнер жасөспірімдер мен балаларға тек қана эстетикалық ләззат беріп қана қоймай, ұлттық -руханилығын байытып, талғамдарын дамытады. Осындай игі іс-шаралар балалардың бойына «Ұлттық өнер» деген үлкен қамалдың қалануына өз елінің азаматы ретінде үлесін қосуға жұмылдырады деген сенімдеміз.
«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы Ерденова Айнур Жетпісбайқызы