Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, 2020 жылдың қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге шағын және микрокәсіпорын субъектілерін тексеруге мараторий жарияланды. Кәсіпкерлер үшін тағы бір жағымды жаңалық: микро және шағын бизнес өкілдерін корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік салық және бірыңғай жер салығынан босату болып отыр. Мұның өзі шағын кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдайлар туғызып, сол арқылы ел экономикасын көтеруге серпін береді деген үміт бар. Кәсіпкерлер үшін осы жағымды өзгерістерге қатысты Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Шыңғыс Әнуәрбековпен сөйлесіп, мәселенің мән-жайы туралы айтып беруін өтінген едік.
– Кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мараторий жариялау бірінші рет өтіп отырмағаны белгілі. Бұл жолғы мараторийдің қандай ерекшеліктері бар және кәсіпкерліктің еркін дамуына оның қаншалықты әсері тиеді деп ойлайсыз?
– Бұл мораторийдің ерекшелігі – ол шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпорын субъектілеріне арналған. Егер сіз осындай санатқа жататын болсаңыз, онда биылғы жылдың қаңтарынан бастап орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері 2023 жылдың қаңтарына дейін, яғни, үш жыл мерзім ішінде сізге тексеру жүргізе алмайды. Дегенмен, бұл шағын кәсіпкерлік субъектілері тексеру атаулыдан түгел босатылады дегенді білдірмейді. Мынадай жағдайларда тексерістер жүргізілу мүмкіндіктері сақталады:
– Халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға залал тигізу, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке жаппай қатер төндіру, еліміздің конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігімізге тура немесе жанама қатер төндіретін заң бұзушылықтардың алдын алуға және жоюға қатысты, сондай-ақ, «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша жүргізілетін тексерулер;
– Еліміздің заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактілерінің туындау себептерін анықтау үшін бақылау мен қадағалаудың нақты субъектісіне қатысты нақты айғақ бойынша жос-
пардан тыс тексеру жүргізу жеткіліксіз және нақты фактіге байланысты өзге де субъектілерге қатысты бақылау мен қадағалау талап етілетін жағдайларда осы тармақтың 1-тармақшасына сәйкес тексерулер;
– Кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне қатысты өтініштері негізінде, оның ішінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы ҚР Заңына сәйкес, рұқсат алуға өтініш бойынша жүргізілетін тексерулер және алдын алуға арналған бақылаулар;
–2014 жылғы 4 шілдедегі ҚР Қылмыстық процестік кодексінде көзделген негіздер бо-йынша тексерулер.
– Кедендік тексерулер;
– Қарсы салықтық тексерулер.
Жоғарыда аталған жағдайлардан басқа жағдайда мемлекеттік органдар тарапынан шағын кәсіпкерлік субъектілері үш жыл бойы тексеруден босатылады. Шағын кәсіпкерліктің өркен жайып, дамуына атқарушы органдар тарапынан жиі жүргізіліп жататын тексерістердің кері әсері болатындығы туралы БАҚ айтып, жазып жүр. Жасыратын не бар, сондай тексерулерді алға тартып, мемлекеттік орган қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлерді бопсалау, пара беруге мәжбүрлеу жайларының орын алатындығын теріске шығаруға болмайды. Ал, тексерулер болмайды екен, онда жемқорлық заң бұзушылықтарға да жол берілмейтіні анық.
– Биылғы жылғы кәсіпкерлер үшін тағы бір жағымды жаңалық – микро және шағын бизнес өкілдерін салықтан босату. Осы жа-йында таратып айтып берсеңіз.
– Жаңа өзгеріске сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни, үш жыл мерзімге арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып саналатын, соның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер мынадай салықтардан босатылады: корпоративті табыс салығы (төлем көзінен ұсталатын салықтан басқа); әлеуметтік салықтар және бірыңғай жер салығы.
Жоғарыда аталған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің үш жыл бойына осындай салықтарды төлеуден босатылуы олардың өз бизнестерін дамытуларына айтарлықтай игі ықпалын тигізетінінде дау жоқ. Бұның өзін мемлекет тарапынан шағын бизнесті дамытуға жасап отырған үлкен қамқорлық деп түсінген жөн. Дегенмен де, бұл жеңілдіктер төмендегі қызметтерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды. Енді солар жа-йында нақтырақ айтып кеткен жөн болар.
Ең алдымен, акцизделетін өнім өндіруді және көтерме сауда өткізу қызметі; астық қабылдау орындарындағы астық сақтау қызметі; лоторея ойындарын ұйымдастыру; ойын бизнесі саласы; радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызмет; банк қызметі; аудиторлық қызмет; бағалы қағаздар нарығы; кредиттік бюролар қызметі; күзет қызметі; азаматтық қару мен оқ-дәріге байланысты қызмет; жер қойнауын пайдалану; пайдалы қазбаларды сату; мұнай өнімдерін бөлшек саудада сату қызметі.
Міне, осы аталған қызмет түрлерімен айналысатын кәсіпкерлер жоғарыда аталған салық жеңілдіктерін пайдалана алмайды.
– Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері туралы не айтасыз, оған кімдерді жатқызуға болады?
– Заңды тұлға құрмаған жеке кәсіпкерлер және бір жыл ішінде еңбек ететін жұмысшыларының саны жүзден аспайтын, жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш жүз мың еселенген мөлшерінен аспайтын кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Ал, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 15 адамнан аспайтын, жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің отыз мың еселенген мөлшерінен аспайтын жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері микрокәсіпкерлік субъектілері деп танылады.
Жаңа жылдан бастап күшіне енген салық жеңілдіктерін пайдаланатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне осы аталған топтар жатады. Айта кету керек, салық бо-йынша жеңілдіктерді пайдалана алатын осындай топтарға жататын кәсіпкерлердің саны Ақмола облысы бойынша 42 мыңдай екен. Соншама кәсіпкер биылғы жылдан бастап жоғарыда аталған үш түрлі салықтан үш жыл мерзімге дейін толықтай босатылады. Бұл жеңілдіктер кәсіпкерлеріміздің өз шаруаларын өркендетіп, дамытуларына айтарлықтай игі ықпалын тигізетіні анық. Осы орайда, кәсіпкерлеріміз салыққа және тексерулерге мараторий жариялауға қатысты өзгерістерді қуанышпен қабылдап, ол өз істерін алға бастыруға игі ықпалын тигізеді деп санап отыр.
Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.