мінсең көлік, ішсең сусын болған жылқы өсіруге енді ынта мен ықылас жетпей отыр
Соңғы кезде мал тұқымын асылдандыруға мейлінше мән беріле бастады. Қазір облыста 430 мыңға жуық қара мал болса, соның 75 мыңы ғана асыл тұқымды. Бар-жоғы 17 пайызды ғана құрайды. Осы асыл тұқымды малдың 70 ппайызы етті бағыттағы ақбас, ангус, герефорд. Әлемдік тәжірибеде бағымдағы малдың 30-35 пайыз асыл тұқымға жеткен. Қара малдың қарасыны көбейгенімен, Қамбар атаның жайы қамқорлыққа зәру болып тұр.
Жылқы деген сөздің өзі жүрегіңді уылжытып жібереді. «Тегіміз – түркі, түлегіміз – жылқы» деп өскен елміз. Ықылым заманнан бері жылқы малы ұлтымыздың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен өміршең өнерінің бір бөлігіне айналып кеткені қашан? Ертеректе атам қазақ байлығын жылқысының санымен бағалаған. Күнделікті тұрмыста дүниенің өлшемі де осы жылқыға байланысты болған. Айталық, қалың малдан бастап адамның құнына дейін.
Бүгінгі күні сан ғасыр бойы игілігін көріп келген жылқы баласының тұқымы азып бара жатса да селт етер емеспіз. Мәселен, облыста қазір 180 мыңға жуық жылқы бар. Бірақ, тұқымы жұқалап айтқанда, азып барады. Құнанның тұрқы тайдай, тайың жабағыдай. Себеп, үйірге түсер айғыр жоқ.
–Қазір жеке шаруа айғыр ұстағысы келмейді,–дейді Бұланды ауданының тұрғыны Мамырбек Есілтай, – өзіңіз есептеп қараңыз, менің екі-үш бием бар екен дейік. Екі-үш биеге арқыратып айғыр ұстамаймын ғой. Одан бие ұстаған әлдеқайда тиімді. Айғыр құлындамайды, биеден жыл сайын төлін аласың, қысы-жазы жегіп, көлік ретінде пайдалануға болады. Ал, ортақ табынға қосу үшін тұрқы келіскен, тұқымы жақсы айғырды таба алмайсың. Тапқан күннің өзінде бір айғырдың құны миллион теңгеден асып жығылады. Сатып алуға бір үйдің шамасы жетпейді. Демек, ауыл болып ортақ ақша жинап қосылу керек. Оның өзінде де жалғыз айғыр аздық етеді. Қазір жүзге жуық үй түтін түтетіп отырған біздің ауылдың жылқы табынында 200-ден астам бие бар. Бұрын жылқы үйірінде шамамен он екі-ақ бас бие болған. Енді 300 бас биеге қанша айғырдың керек екендігін өзіңіз шамалай беріңіз. Мемлекет тарапынан қара малдың тұқымын жақсартуға қаншалықты қарекет жасалып жатқанымен, жылқы малының тұқымын жақсартайықшы деп тұрған кісіні көрмеппін.
Осы тақырыпты індете іздедік. Шынымен асыл тұқымды айғырды табу қиямет екен. Тек Ерейментау ауданында ғана «Жайтапов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде үйірге салар айғыр сатылады екен. Кез-келген малсақ жанға шылбырынан ұстатпайтын мұғалжар тұқымы. Шаруашылық сіңіре будандастыру арқылы Арқа даласында өсіруге әбден қолайлы жаңа тұқым шығарған. Жылына 300 басқа жуық үйірге салатын айғыр сатады. Жақсы бастама. Тек облыстағы 180 мыңға аздық етеді. Бұдан басқа асыл тұқымды айғыр сататын шаруашылықты таба алмадық.
Тығырықтан шығар ендігі амал біздіңше, мұғалжар, жабы, көшім жылқыларынан іріктеп, табиғи климаттық жағдайға байланысты айрықша ерекшелігі бар мал тұқымының қорын жасау. Ол үшін біздің тараптан бір ұсыныс. Жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың, оған қоса, мал сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы малсақ қауымның сұранысын қанағаттандыру үшін жылқы зауытын ашу. Бұрынғы Көкшетау облысында заманында атақ-даңқы күллі Одаққа тараған №47 жылқы зауыты болып еді. Өтпелі кезеңде «байтал түгіл бас қайғы» болып, жабылып қалды. Қазір мемлекет тарапынан Қамбар атаға қамқорлық жасаудың жалғыз-ақ талпынысы бар. Мәселен, үйірге салатын асыл тұқымды жылқы сатып алған шаруашылыққа мемлекет тарапынан 100 мың теңге бөлінеді. Біздіңше, тым аз. Өйткені, жоғарыда асыл тұқымды айғырдың орташа құны миллион теңгеден асып жығылатынын айттық.
Онда да етті тұқымды көбейтуге көңіл аударылса. Жыл он екі ай бойы далада еркін жайылатын жылқы еті өте сапалы. Пайдасы шаш-етектен. Ендігі арада жылқы малының бар қасиетін, тиімділігін, табыстылығын түпкілікті зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашса да артықтық етпейді. Міне, сол кезде ет, қымыз өндіру тәрізді өзекті мәселелердің шешімі табылар еді. Қазіргі күні қазы-қартаны француздар, қымызды неміс, көкпарды қырғыздар иемденіп жүргенін көргенде, қазақ төл малынан толайым айырылып қалғандай өкініш өзегіңді өртейді.
Асылында, өзіндік құны ең арзан түлік осы жылқы. Қара мал тәрізді біздің солтүстік өңірде алты ай бойы қолға қарап тұрмайды. Қаңтар-ақпанда тай-жабағы бір-екі ай ұсталғанымен, қысы жұмсақ жылдары тебіндеп шығады. Қазір жылқы еті қымбаттады. Бұл қаладағы тұтынушыларға қолайсыз болғанымен, ауылда мал сүмесімен күн көріп отырған ағайынға өте тиімді. Биылғы соғым маусымында Көкшетауда семіз биенің құны 600 мыңға жуықтап қалды. Екі елі қазы байлаған құнан-байталдарыңыз 500 мың төңірегінде. Елі ғана қазысы бар тай 330-340 мың теңге көлемінде. Ауылдық жерде жұмыс көзі жоқ дегенімізбен, кез-келген
отбасы он бие ұстаса, аузынан ақ май ағатыны шындық.
Таяуда облыстық прокуратура 1 миллион 500 мың гектар жердің игерілмей жатқанын анықтады. Әр малға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, бар-жоғы сегіз-ақ гектар жер керек екен. Рас, жер құнарына байланысты әр өңірде әртүрлі болуы әбден мүмкін. Бірақ, негізінен осы. Сонда игерілмей жатқан жаңағы жерде қанша жылқы өсіруге болар еді? Егер мал басы өссе, ет өнімдері де бүгінгіден әлдеқайда арзандайды ғой.
–Жылқы тұқымын асылдандыру шынын айтқанда, көтерілмей жүрген тақырып,–дейді Қасым Итқұсов,–бағаны сұраныс қалыптастыратыны шындық қой. Егер жылқы малының тұқымы жақсарып, басы өссе, мал баққанға да, тұтынушыға да өте пайдалы. Біздің облыстың малсақ қауымы үшін мал өнімдерін сату оншалықты қиынға соқпайды. Өйткені, біз Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамту белдеуіндеміз ғой.
Төрт түліктің төресін бағып, етті молайтудан басқа бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие болып отырған тұлпарлардың тағдыры да асыл тұқымды жылқы зауытына тәуелді. Спорттық жылқылардың генетикасын жақсартса, қазақтың қазанатының да бағы жанар еді. Құлагердің шабысын көрген елде Қамбар атаның тұқымына қамқорлық жасалып жатса, жарасымды емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.