Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
МӘМС-ті енгізу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде - АРҚА АЖАРЫ

МӘМС-ті енгізу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің 2020 жылдың 1 қаңтарында іске қосылатыны туралы айтқан болатын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге нұқсан келтірмеу үшін қателіктерге жол берілмеуіне назар аударған еді. МӘМС-ті енгізу және медициналық қызметтерді сатып алу нәтижелері бойынша «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Ақмола облыстық филиалының басшысы Нұрлан Ақылбековпен сұхбаттасқан едік.

– МӘМС жүйесін жүзеге асыруда қандай заңнамалық жұмыстар жүргізілуде және халық денсаулығын сақтау жүйесінде қандай жаңа өзгерістер бар?
– Әлбетте, Заңнамаға сәйкес, барлық қажетті нормативтік-құқықтық база дайындалған. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеуінің негізгі принциптері мен тәртібін реттейтін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң қабылданды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің бірыңғай операторының және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің мәселелері шешімін табуда. Оған қоса, оның қаржылық тұрақтылығы, сатып алу процедуралары, медициналық қызметтерге сараптама және төлем мәселелері нақты жолға қойылуда. Сондай-ақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделін және МӘМС пакетін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. МӘМС бойынша медициналық көмекті ұйымдастыруға арналған 7 бұйрықтың іс жүзінде қолданылуы бақылауға алынды, медицина қызметкерлері үшін оқу семинарлары өткізілді.
– МӘМС жүйесін қаржыландыру мен оған халықты тарту жұмыстары қалай жүргізіледі?
– 2020 жылы Ақмола облысында 45,9 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру жоспарланған. Бұл 2019 жылғы бюджеттен 1,2 есеге көп. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында – 32 миллиард теңге, ал, МӘМС жүйесі бойынша 13,9 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде облыс бойынша әлеуетті жеткізушілердің деректер базасында денсаулық сақтаудың 77 субъектісі тіркелген. Олардың 37-сі мемлекеттік муниципалитеттер болса, 40-ы жекеменшік субъектілер. 2020 жылы 44 медициналық ұйыммен 93 келісімшарт жасалды. Оның 31-і мемлекеттік муниципалитет және 13-і жекеменшік. Сондай-ақ, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 46 муниципалды білім беру мекемесімен келісімшарт жасалды. Оның 35-і мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Ал, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында 34 қоғамдық, 13 жекеменшік субъектілер тіркеліп, барлығы 47 муниципалды білім беру мекемесімен келісімшарт жасалып отыр.
–Облыс бойынша қазіргі күні қанша адамның құжаттары жаңартылды және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары қалай жүргізілуде?
– Өткен жылдың басынан бері Қазақстан Республикасындағы 114,2 мың адамның 94,5 мыңы немесе 82,8 пайызы жаңартылды. Ал, қалған 19,6 мың азаматтардың құжаттарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. 19648 азаматтың нақты қайда жұмыс істейтіні, немен айналысатыны анықталмаған. Оның ішінде 9 719-ы немесе 49,5 пайызы рәсімдеуден бас тартқан адамдар. Ал,
3 718 адам кетіп қалған, олар 18,9 пайызды құрайды. Жеке қосалқы шауашылықтарда
2 619 адам, яғни 13,3 пайыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1640 адам болса, олардың 1516-і
қызметкерлер, 347-сі студенттер, оған қоса, басқа топтағы 89 адам бар. Жалпы, 5180 азаматтың 5179-ы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдады. Өткен жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың бірыңғай жиынтық төлемін төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Бір жолғы төлем мәселесі қандай шешімін табуда және тіркелген халық саны мен салымдарды төлеуден босатылған азаматтар бар ма?
– Орынды сұрақ. Ағымдағы жылдың екінші онкүндігінен 11 641 адамға бір жолғы төлем төленді. Өткен жылдың 31 желтоқсандағы жағдай бойынша тіркелген халық саны 783,9 мың адамды құрайды, оның ішінде 367,3 мыңы ​​ауыл тұрғындары. Салымдарды төлеуден босатылған азаматтар саны 391,4 адам немесе 47 пайыз. Ал, аударымдар мен жарналар аударылған азаматтар саны 327 468.
– МӘМС жүйесінің қаражаты қазір қанша болды және оған жарналар қайдан аударылады?
– Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша ақмолалық жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 8,5 миллиард теңге аударды. Жарналардың көп бөлігі – 8,2 миллиард теңгесі жұмыс берушілерден, ал, 355,9 миллион теңгесі жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардан түскен жарналар. Бүгінгі күні Республика бойынша жарналар мен аударымдардың жалпы сомасы 246,9 миллиард теңгені құрайды. Ал, жүйесіз төлемдерге келсек, ағымдағы жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесіне қарыз адамдар саны 1530 салық төлеуші екендігі анықталып отыр.
– Лицензиясыз жұмыс істеген медициналық ұйымдарға тоқталып өтсеңіз. Олармен қандай жұмыстар атқарылды?
– Проблемалық мәселелер жоқ емес, бар. Мәселен, тексерулер барысында Қазақстан Республикасының Заңын бұзған 22 медициналық ұйым анықталды, яғни, олар лицензиясыз жұмыс істеген. Соның ішінде 14-і аудандардағы медициналық ұйымдар. Олардың ішінде Астрахан, Атбасар, Бұланды, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Біржан сал, Целиноград, Аршалы, Ақкөл, Шортанды, Қорғалжын, Ерейментау аудандары мен Авиценна-Бурабай, №1 қалалық емхана, көпсалалы облыстық балалар ауруханасы, көпсалалы облыстық ауруханасы бар. Заң бұзушылықтарға қатысты жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша оларға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қабылданды.
Сұхбатты жазып алған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар