Биыл Қазақстанда өтетін үшінші халық санағына республикалық бюджеттен 8,2 миллиард теңге қаржы бөлінгендігі белгілі болды. Халық санағының өзі екі кезең бойынша өтеді.
Алғашқысы, яғни, дайындық кезеңі 2020 жылдың 1-30 маусымы аралығын, ал, екінші негізгі кезеңі 2020 жылдың 1-30 қазаны аралығын қамтиды. Осы екі кезеңді қоса алғанда еліміз бойынша үшінші халық санағына барлығы 32,5 мың адамды жұмысқа тарту көзделіп отыр.
Халық санағы болғаннан кейін бұл жұмысқа қойылатын талап та жоғары. Оған қатысатын әр адам өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Көпшілікпен тез тіл табысып, оның үстіне планшетпен жұмыс істей білуі керек.
Халық санағына қатысатын қызметкерлердің осы жауапты жұмыстың маңызын айқындай түсетін арнайы куәлігі, көк түсті шарфысы мен сөмкесі болады. Осы кезеңде негізгі жұмысты атқаратын нұсқаушы-бақылаушылар мен интервьюерлерге кесімді жалақы төлеу көзделген.
Бұдан бұрын 2009 жылы өткен халық санағында Қазақстан Республикасы халқының саны 16 миллион 9 мың 597 адам болған еді. Ал, биылғы санақта халық саны 18 миллион 684 мың 570 адам болуы мүмкін деген болжам бар.
Ал енді он жылда бір өтетін осы ауқымды жұмыс біздің Ақмола облысында қалай жүргізілмекші? Осыған келсек, бүгінгі таңда біздің облыста да алдағы үшінші халық санағына дайындық жұмыстары ойдағыдай өріс алған.
– Бұл орайда, бірінші дайындық кезеңіне 30 нұсқаушы-бақылаушы, 199 интервьюер жұмысқа тартылады деп ұйғарып отырмыз. Ал, жұмыстың екінші негізгі кезеңіне 131 нұсқаушы-бақылаушы, 917 интервьюер қатысатын болады. Бұл мамандар халық санағы жұмысына халықты жұмыс пен қамту орталықтары арқылы іріктеледі. Жұмысқа зейнеткерлерді де тартуға қарсы емеспіз. Бірақ, осы санаттағы адамдардың да планшетпен жұмыс істеу қабілеттері болуы керек. Қазір облысымыздың аудандары мен қалаларында халық санағында қажет болатын осы кадрларды оқытып, даярлау ісі қолға алынып жатыр. Әр қызметкер санақ барысында кем дегенде 833 адамды жазып алуы керек. Тікелей үй-үйді аралап, халық санағын жүргізетін барлық адамдарға тиісінше еңбекақы төленеді. Мәселен, санақшылар, яғни, интервьюерлер жұмыстарын толық атқарған жағдайда дайындық кезеңінде 75 мың теңге, ал, негізгі кезеңде 95 мың теңге, нұсқаушы-бақылаушылар 114 мың теңге еңбекақы алады. Қазір осы халық санағына қажетті арнайы белгілерді, жалпылай айтқанда, символикаларды да әне-міне түседі деп күтіп отырмыз. Сондай-ақ, халық санағын жүргізушілерді планшетпен өзіміз қамтамасыз етеміз. Бұл жауапты жұмыс әуелде былтыр өтпекші болып, белгілі бір себептермен 2020 жылға шегерілгені белгілі. Осыған орай, біздің статистика департаментінің де алдында тұрған басты міндет облысымызда осы үшінші халық санағын барлық талаптарға сай, жоғары деңгейде өткізу болып табылады. 2009 жылғы халық санағында Ақмола облысында 737 мың халық болды. Қазір бұл көрсеткіш ішкі және сыртқы көші-қонның салдарынан бір мың адамға кеміп отыр. Нақты жағдайды алдағы халық санағы дәл және жан-жақты көрсетіп береді деген сенім бар,–дейді бізбен әңгімесінде Ақмола облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Ермек Есләмбекызы Мусина.
Қ.КӘКЕНОВ.