Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшенің Қымбаты - АРҚА АЖАРЫ

Көкшенің Қымбаты

Киелі Көкше топырағындағы бүгінгі тұлғалардың өнегелі өмір жолдары, елге сіңірген еңбегі, ақыл-парасаты, кісілік келбеті кейінгі толқын үшін өміршең өнеге. КСРО Сауда саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қымбат Мұстафина да саналы ғұмырында еліміздің өркендеуіне айрықша үлес қосқан адамдардың бірі.

Туған жері Біржан сал ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана, бірақ, ұлттық өнердің үлкен ұлағаты қалыптасқан Құдықағаш ауылы. Әкесі Қайыркеннің қызмет бабымен сол аудандағы Кішкентай деп аталатын ауылда өскен. Алдымен Кішкентай ауылының табиғаты туралы бір ауыз сөз сабақтай кетуге әбден болады. Ұсақ шоқылар жұмыр жердің бетіне шашыла түскен бір уыс асық тәрізді бытырай орналасқан. Етегі де, ұшар басы да мәңгі жасыл қарағай мен ақ қайыңға көмкерілген. Әлдебір шебер суретші кенепке шабыт үстінде сантүсті бояумен көшірген көркемдігі кемел сурет іспетті. Зайыры туған жердің тазалығы мен әдемілігі қойнауында өскен пенденің де көкірегіне сондай таза, әдемі болып құйылуы ғажап емес.
Әманда жан тазалығы мен ар тазалығын өмірінен де биік қоятын абзал адамдар болады. Қылдан таю, кісіге қиянат жасау, ала жіпті аттау оларға жат. Біздің кейіпкеріміз – Қымбат Қайыркенқызы да сұлулыққа, жан тазалығына ес білгелі іңкәр. Кішкентайдың кішкентай мектебін бітірген соң оқуы Макинка қаласында жалғасқан. Сегізінші сыныпқа дейін қазақ тілінде білім алса, жоғары сыныптарда орыс тілінде оқыған. Осы бір шәкірттік шақ туралы еске алғанда Қымбат Қайыркенқызының өзі әке ақылын тыңдағандығын айтар еді. Замананың құбылысына үнемі зер салып отыратын, көкірек көзі ояу әке қызына орыс тілінде білім алудың да түптің түбінде қажет болатындығын ескерткен. Тіл сындырсын деп үнемі тамыр орыстардың үйіне пәтерге орналастыратын. Әке қамқорлығының арқасында екі тілге бірдей болып өсті.
Мамандық таңдар сәтте сауда саласына көңілі құлаған. Осы бір арман жетектеп, ту сонау Новосібірдегі сауда институтына әкелді. Бұл 1968 жыл болатын. Мектепте жақсы оқыған, табиғатынан қабілет-қарымы мол Қымбат Қайыркенқызы жоғары оқу орнында жақсы оқыды. Еңбек жолын да ерте бастап еді. 19 жасында Целиноград қалалық өндірістік бұйымдар сататын бөлімде товаровед болып жұмыс істеді. Қолынан іс келетін, өзіне тапсырылған шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқаратын тындырымды қыздың ақ адал еңбегі басшылардың көзіне түспей қалған жоқ.
Бұл тұста сауда саласында жұмыс істейтін жергілікті ұлт өкілдері өте аз еді. Бар болса да, төменгі қара жұмыста. Ал, іс тетігін шешетін басшылық орындар басқаға бұйырған. 1981 жылы Целиноград орталық әмбебап дүкенінің коммерциялық директоры қызметіне тағайындалғанда, тәжірибесі біршама толысқан, сауда саласының жілігін шағып, майын ішкен мықты маман еді. Әмбебап дүкенінің директоры аурушаң адам болды да, Қымбат Қайыркенқызына екі қызметті қатар атқаруына тура келді. Жұмысбасты болып жүрсе де, табиғатынан қайсар, намысқой маман мойыған жоқ. Қиындықпен жағаласа жүріп, жетіле түсті. Кәсіби білімін жетілдірді. Бұрынғы бармен тоқырап қалу мінезіне жат еді. Соныдан соқпақ салуға талпынды.
Сол замандағы сауда саласында елді елең еткізген жаңалығын да айта кетелік. Целиноград қаласында орналасқан халық тұтынатын бұйымдар шығаратын зауыт-фабрикалардың басшыларымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуды жолға қойды. Сәл ғана таратып айтатұғын болсақ, бұл жаңалық былай өрілер еді. Әлгі зауыт-фабрикаларда дайындалып шығарылатын бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жергілікті өнімнің өтуіне септігін тигізетін талпыныс. Ал, қала тұрғындары мен жақын аудандардың адамдарының қолдары жетпей жүрген тауарлар ендігі арада сауда сөрелерінен табылмақ. Байыптап қарағанда, жергілікті өнеркәсіпті қолдап, екінші жағынан қасқалдақтың қанындай қат дүниеге сусап отырған, зәру болып жүрген тұтынушының қолына тиеді. Есесіне тауар айналымы артпақ. Осындай бұрын еш жерде қолға алынбаған шаруаны жүзеге асыруының арқасында және халыққа мінсіз қызмет көрсетіп, сауда мәдениетін жақсартып, барлық көрсеткіштер бойынша елімізде үнемі алдыңғы лектен табылғандықтан, республика бойынша талабы тас жарғандардың ғана уысына түсетін ауыспалы Қызыл Туға ие болды. Бірнеше жыл қатарынан осы биіктен табылды.
Кім білсін, қызмет баспалдақтарымен ертерек өрлеп кетер ме еді, коммунистік партияға мүше емес. Ол кезде партия қатарына қарапайым жұмысшылар ғана оңай өтетін. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Ефимович Морозовтың ұсынысымен, 1983 жылы Целиноград облыстық сауда басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Жұмысты төменгі сатыдан бастаған, сауда саласының тыныс-тіршілігін бүге-шүгесіне дейін жақсы білетін Қымбат Қайыркенқызы екі жылдың ішінде облыстағы сауда жұмысын өрге сүйреді десек, артық айтпағандық болар еді.
1985 жылы тағдырдың айдауымен дәм Көкшетаудан бұйырды. Өзіне ежелден таныс сауда саласы. Қатардағы қарапайым қызметкер емес, облыстық сауда басқармасының бастығы. Осы жерде жеті жыл елге еңбегін сіңірді. Бір қызығы, Целиноградта жүргенде мықтап ұстаған ауыспалы Қызыл Ту енді Көкшетауға ауды. Целиноградтағы әріптестері «Қымбатты Көкшетауға бекер жіберіппіз» деп әзілдеп те қояды.
Саланың жетістіктерін сабақтай берсек, әріге кетіп қалатынымыз анық. Тек осы жылдар ішінде Көкшетаудағы сауда орындарының атаулары «Самал», «Береке», «Салтанат», «Оқжетпес», «Сыбаға» тәрізді атауларға ие болып, қазақыланғанын айтсақ, кейіпкеріміздің жан дүниесіндегі ұлт намысы дейтұғын ұлық дүниені қапысыз аңғарар едік. Жаңалық та аз емес еді. Мәселен, облыс орталығындағы спорт тауарларын сататын дүкенде робот сөйлеп, жарнама жасап тұратын. Кейін өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдай алмай, әлгі робот әншейін темірге айналып қалды. Қаланың байырғы тұрғындары жақсы білуі керек, сол кездегі Максим Горький көшесінің бойындағы «Бурабай» дүкенінің ашылуы жағымды жаңалық болды. Бұл дүкенді заманында ресми бір сапарында Көкшетауға келген Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев та көріп, оң бағасын берген болатын. Ал, «Балалар әлемі» дүкенінің жанынан тігін цехын ашып, жергілікті жеңіл өнеркәсіпке сәл де болсын демеу болуы өзгеше өңді жаңалықтың өрнекті қыры еді. Мұндай оңмен сабақталған шаруа шашетектен. Бүгінгі күні оның бәрін мұрнынан тізгендей етіп айтып шығу міндет те емес. Ең бастысы, Қымбат Қайыркенқызының бойындағы қайткен күнде де еліме адал қызмет етсем, бір кәдесіне жарасам, өзіме тапсырылған жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқарсам деген ынтызар тілегін, ақ ниетін ұғу парыз.
Қалалық мәслихаттың төрайымы болып қаншама мәселе шешті. Халық қалаулысын сайлағанда, қала тұрғындары да Қымбат Қайыркенқызының қолынан іс келетініне күмәнданбаған болатын. 2007 жылдың желтоқсан айында облыс орталығындағы Максим Горький көшесінің бойындағы су құбыры жарылған кезде көпқабатты көптеген үйлердің жер төлесі суға толып қалды. Бұл ірі апат еді. Қаржы да тапшы. Міне, осындай қысылтаяң шақта Қымбат Қайыркенқызы бастаған қалалық мәслихаттың депутаттары Үкімет алдында мәселе көтеріп, 2 миллиард 740 мың теңге қаржы бөлуіне себепкер болды. Қазіргі «Нұрай» балалар бақшасы да өтпелі кезеңде қараусыз қалып, талан-таражға ұшыраған болатын. Міне, осы балабақшаның ел игілігіне жарауына еңбегін сіңірген де Қымбат Қайыркенқызы.
Сөз соңында халық үшін қисапсыз еңбек сіңірген Қымбат Қайыркенқызының бойындағы іскерлік қасиеттерді ғана емес, адами мінез, адамгершілік пейіл, жоғары пайым-парасатты да ерекше екшеп, аса бір разылық көңілмен айта кетуге болады. Бар тіршілігінде бойындағы білімі мен білігін, қажыры мен қайратын туған елінің тұғырын биіктетуге арнап келе жатқан абзал жанның өмірі өнеге, ісі мұра деп айтқымыз келеді.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар