Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыз жасауы: дәстүр ме, бәсекелестік пе? - АРҚА АЖАРЫ

Қыз жасауы: дәстүр ме, бәсекелестік пе?

Бабаларымыздан бүгінге жоғалмай жеткен салттық жоралғылардың бірі – ұзатылған қызға жасау беру. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген екен қазақ. Бірақ, бір ғажабы соңғы кезде бұл үрдіс салт-дәстүр жалғастығынан гөрі өзара бәсекелестікке айналып кеткендей. Қазақ көрпесіне қарай көсілуді қашан үйренеді? Осындайды көргенде бұл өзі салт па, әлде байлықты паш ету көрінісі ме деген ойға қаласың…

Иә рас, қыз жасауындай көздің жауын алатын не бар дейсіз ғой. Барған жері алдымен келіннің жасауы қандай екен деген сұрақ қоятыны бар. «Дүниесін дұрыстап әкелмепті» немесе «Соңынан келген екі көрпе ғана екен» деген сияқты орынсыз сындар жаңадан отау құрып жатқан екі жастың арасына сызат түсіріп жатады. Қандай жағдай болса да жас отаудың түтінін түзу түтетіп, жайлы отбасын құруға жәрдемдесу – ортақ іс. Бәрінен де бар жиған-тергенін сарп етіп, ол болмаса несие алып, қарызданып жататын ата-ананы айтсаңызшы. «Жеті жастан жисаң артылады, сегіз жастан жисаң жетеді» дейтін қазақы тәмсілдің бекерден-бекер айтылмағанын осындайда ұғасың.
Ләззат Томпышева қызы жеті жастан асқан сәттен бастап жасауын жинай бастаған. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық дегеннің бәрін ертерек алып, ырымдап қойған. Көрпенің тысын кестемен көмкеріп, қаншама еңбектенгенімді айтсаңызшы дейді қынжылып.
– Ырымдап қою деген жақсы үрдіс бар. Ойлағанымдай қызым жоғары білім алғасын тұрмысқа шықты. Бір өкініштісі, жеті жасынан бастап, жиғанымның барлығы жарамай қалды. Қызым ескі «мода» қазір мынадай ыдыс-аяқты ешкім апармайды деп менсінбеді. Жаңалауға тура келді. Қыз жасауын дайындауға 2 миллион қаражат жұмсадық. Бұл қыз ұзату тойынан басқа. Тойды ұйымдастыруға 3 миллион теңге кетті. Әрине өкінбеймін, ең бастысы, балалар бақытты болсын, – дейді Ләззат ағынан жарылып.
«Қолыңнан келсе, қонышынан бас» деген қазақ. Ләззат облыс орталығындағы ірі сауда үйінің бірінде есепші болып жұмыс істейді. Жалғыз қызы үшін барын аямайтыны да белгілі. Ал, қаражаты аз ауыл тұрғындары қайтпек? Міне, осыдан кейін кедей мен бай мәселесі туындап, өзара тұрмыстық теңсіздік туралы тақырыптың белең алатыны бар.
Біз тақырыпты тереңірек зерделеу үшін көнекөз, көпті көрген әжелерді де сөзге тартып көрдік. Солардың бірі – Көкшетау қаласының тұрғыны Зура Жантайқызы. Зура әжейдің отасқанына 55 жыл екен.
–Бір пәуіскеге ата-анам екі көрпе, екі жастық, ақ шымылдығы бар, азын-аулақ ыдыс-аяқ пен сырмақ төсеніш әкеп бергені есімде. Сырмақтан басқасының барлығын сандыққа салып әкелді. Сол сандықты әкем өз қолымен жасаған екен. Ал, анам болса көрпе-жастықтың тысын өзі кестелеген. Айтпақшы, сырмақ пен сандықты әлі күнге дейін анамның көзі деп сақтап келемін. Анау бір жылдары келін бала ескіліктің сарқыншағы деген желеумен шығарып, лақтырып тастағысы келіп еді, мен жол бермедім, – дейді апа қынжылып.
– Иә, Аллаға шүкір бұл күнде немерелеріміздің де қызығын көріп отырмыз, – деп әңгімесін әрі жалғады ол. – Таяуда кіші келінім үйдегі қыздың жасауын жасады. Құдай-ау, жабдықтың ішінде не жоқ дейсің, ине-жіпке дейін сатып алған. Оның қажеті қанша, ысырап қой дей бергенім де, дәулеттілері тіпті баспана әпереді, автокөлігін де сыйға тартады деп келін кесіп айтты. Қазіргі жастар айтқан ақылыңа құлақ аса ма? Болса, ілуде біреу болар. Меніңше, жастарға тұрмысқа қажетті азын-аулақ жабдық берген дұрыс. Қалғанын екі жас аман болса өздері тірнектеп жинап, үй болады. Сонда ғана олар әр заттың бағасын біледі. Ежелден ысырапшылдыққа бой бермес үшін халқымыз қызына санаулы төсек көрпесі мен ыдыс-аяғын ғана берген. Бұл үнемшілдіктің астарында үлкен тәрбиелік бар екенін түсінуіміз керек. Ал, ата-аналары дүниесін түгелдей алып берген, еш нәрсеге мұқтаж емес жұп мұны ұғына қоюы екіталай. Оңтүстік жақта қыздың киімін де қоса әкеледі. Құндыз тонның бірнешеуін аяқ киімнің сорт-сортын… Дәулетің жетіп тұрса ол да дұрыс шығар. Бірақ, ертеңгі күні өскелең ұрпақ соның қадірін дұрыс ұғынса жарайды ғой».
Зура әженің де сөзінде жан бар. Бірақ, әжей айтқандай шамалап апарсаң, ертеңгі күні осы мәселені келіннің бетіне басатындар бар екен. Бейресми деректерге зер салсақ, елімізде әрбір төрт ажырасушының үшеуінің басты «себебі» қыз жасауынан, оны даулаудан туындайды екен. Негізі, ысырапшылдық пен тәкаппарлық Алла сүймейтін іс. Біздің ұғынғанымыз, жасау – бақыттың бастауы емес. Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар