Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай, Макин орта мектебінде «Ауғанстанда жаны күйінген жандар» атты іс-шара өтті.
Шараға ауданның және ауылдың интернационалист жауынгерлері К.Шаужанов, Ю.Гостик, М.Досымбеков, Қ.Теміртасов және Ресейде тұратын жауынгеріміз Ю.Кулаев, ауылдық әкімдіктің бас маманы С.Федоренко қатысты. 11-сынып оқушылары қонақтарды «Жауынгерлік және еңбек даңқы» мұражайымен таныстырды. Мектеп директорының міндетін атқарушы Толыбай Рақымжанов ауған соғысы ардагерлеріне жылы лебізін арнап, Ауған соғысы жайлы бейнебаян көрсетілді. Ауғанстан жерінде 10 жылға созылған сұм соғыс мыңдаған адамдардың өмірін жалмады. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті.
Шара барысында оқушылар автоматты бөлшектеу және жинау секілді әскери оқу-жаттығу шеберліктерін көрсетті. Бірнеше оқушыға әскери тіркеу құжаттары табыс етіліп, оқуда озат, белсенді шәкірттер «Жас ұлан» қатарына қабылданды. Интернационалист жауынгерлер оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, соғыс кезінде бастан кешкен оқиғаларын әңгімеледі.
Мектеп оқушылары дайындаған шағын концерттік бағдарлама қойылып, оқушылар ән айтып, би биледі, Ауған соғысы туралы өлеңдер оқыды. Оқушылармен қатар, мектеп директорының міндетін атқарушы Толыбай Рақымжанов «Сәлем, қарындасым», қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәнсия Әбжанова «Тек алға» әндерін орындап, шара соңында қонақтар естелік суретке түсті.
Ниязбек ӘБЖАНОВ,
Макин орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.