Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың айбынын асырған арулар - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың айбынын асырған арулар

2020 жылдың 9 мамырында 28 миллионнан астам адамның өмірін құрбандыққа берген, осыдан отыз жылға жуық Кеңестер Одағы аталған елдің бүгінгі дербес мемлекеттерге айналған барша халқы 1941-1945 жылдардағы фашистік Германияны тізе бүктірген ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеді. Кезінде құрлықтың 1/6 бөлігін алып жатқан, 200 миллионнан астам адамы бар ұлы державаның аты да біртіндеп көмескіленіп барады. Сондықтан, Одақ күйрегеннен кейінгі дүние есігін ашқан ұрпақ жаңа әлемде, жаңа мемлекетте, жаңа идеология мен саяси жағдайда өмір сүріп жатыр. Бірақ, осынау бейбіт заманның бастарына бақ болып қонған бұдан 75 жыл бұрынғы ұлы Жеңістің арқасы екенін солардың жадына салып отыру, осы ұлы Жеңістен кейінгі туған менің замандастарымның парызы десем де болады. Өйткені, батыстан төнген қара тажал – фашистік қасіреттің бетін қайтарған майдангер ардагерлер қатары тым сиреп қалды. Қазіргі көзі тірілерінің өзі тоқсан жасты орталап, жүзді жағалап жүр.

Бүкіл ел, барша халық болып толарсақтан қан кешкен осы майдан даласына Қазақстаннан 1,2-1,4 миллион адам (тұрғындарының 30 пайыздан астамы) аттанса, солардың тең жартысы қаза тапты. Осы шайқасқа Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 2 ұлттық атқыштар бригадасы қатысты. Олардың сапындағылардың көбі орыс тілінен мүлде сауатсыз, әскери дайындықтан шала-шарпы өткен қазақтар болғандығын ескерсек, жоғарыдағы қаза тапқандардың санының неге көп екендігінің жауабы да табылып тұр.
Бірақ, соған қарамастан, қазақстандық жауынгерлер бұрынғы ата-бабаларының ерлік рухына лайық екендіктерін дәлелдей алды. Олардың 528-і, көбі қаза тапқаннан кейін, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ер азаматтарға бергісіз көзсіз ерліктің үлгісін көрсеткен пулеметші Мәншүк Мәметова, хас мерген Әлия Молдағұлова есімдері жалпақ жалғанға жария болды. Осы ержүрек аруларымыздың қатарына көп уақыт өтіп барып, ұшқыш Хиуаз Доспанованың есімі келіп қосылды. Үшеуі де өзім туып-өскен Батыс Қазақстан өңірінің тумасы болғандықтан, бұларды айрықша мақтан етемін. Ақжайықтың от кешкен арулары ретінде ерлік рухтары мәңгі ұрпақ жадында, ел есінде өшпестей жазылып қалса деп армандаймын. Соның жарқын көріністерінің біріндей, 2017 жылы Орал қаласында «Қазақ халқының ержүрек арулары» атты қоладан құйылған мүсіндік композиция тұрғызылды. Авторы – Қазақстанның 20-дан астам атақты адамдарының ескерткіштерін жасаған танымал мүсінші Нұрлан Далбай. Жасым егде тартуға айналған шағымда осы ескерткіштің тұғырлы тағанына гүл шоғын қойып тағзым еттім, ару қыздарымыздың қырдың қызыл қызғалдақтарындай құлпырар кездеріндегі өмір жолдары мен ерлік істерін еріксіз ой елегінен өткіздім. Сондықтан, осы мақалада өзімнің ақжарылқап жүрек сезіміме жол беруді мақсат тұттым. Сонымен…
Ұлы Отан соғысында хас мергендігімен ерекше дараланған Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Қобда ауданы Бұлақ ауылында туған. Әлия өмір сүрген отбасы Алматы, Мәскеу, Ленинград қалаларына үнемі қоныс жаңартып жүргенде, 1941 жылдың 8 қыркүйегінде Ленинград қаласының жау қоршауында қалуы басталды. Соның салдарынан Әлия оқып жүрген балалар үйі 1942 жылы наурыз айында Ярослав облысының Вятское селосына көшірілді. Осында мектептің 7-сыныбын бітірген ол Рыбинск авиация техникумына оқуға түсіп, арада үш ай өткенде өзін майданға жіберу туралы өтініш берді.
1943 жылы Мәскеуде мергендер даярлау мектебі ашылып, оның алғашқыларының сапына Әлия да қабылданды. Сол жылы 23 ақпанда қазақтың өрімдей қызы жауынгерлік ант қабылдап, құрбыларымен бірге мерген ретінде 54-ші атқыштар бригадасына (22-ші армия, Прибалтика майданы) жіберілді. Оның есебіне жазылған ресми деректерге жүгінсек, мерген қызымыздың оғынан жаудың 78 солдаты мен офицері жер жастанған.
Алайда, шайқастардың бірінде, қолынан жараланғандығына қарамастан, ол қолма-қол ұрысқа жауынгерлерді жігерлендіріп, өзі де осы қанды қырғында неміс офицерін жер жастандыра қаза тапты. 1944 жылдың 4 маусымында Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол небары он тоғыз жаста ғана еді. Қазіргі кезде Санкт-Петербургтің Нева даңғылының бойында қазақтың қайсар қызының ескерткіші асқақтап тұр.
Азан шақырып қойған есімі Мәнсия – Мәншүк Мәметова 1922 жылдың 23 қазанында Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Жасқұс ауылында туған. Үш жасынан Алматыда тұратын әпкесі Алинаның қолында тәрбиеленді. Ол Мәнсияны «Моншағым» деп қатты еркелетіп, ерекше жақсы көрді.
Соғыс басталғанға дейін Алматы медицина институтының екі курсын бітірген Мәншүк 1942 жылдың 13 тамызында Алматыда құрылған 100-ші қазақ жеке атқыштар бригадасының құрамына (кейін ол 1-ші атқыштар дивизиясы болып қайта құрылған) өз еркімен жазылып, 1943 жылы 15 қазанда Калинин майданына жол тартты. Мәншүк Псков облысындағы Невель қаласын азат ету ұрыстарына қатысты.
Орманды, батпақты жерлердің біріндегі шайқастарда жауынгерлердің алдына биіктікке бекініп алған жау әскерлерін қайткенде де түріп шығару жөнінде міндет қойылды. Жау жағы өздері үшін стратегиялық басымдығы бар биіктікті минометтерінен атқылауларын бір сәт тоқтатыпты. Алайда, қазақтың ержүрек қызы Мәншүк жараланғанына қарамастан, пулеметінен толассыз оқ бүркіп, кеңес жауынгерлерінің биіктікті басып алуына жол ашты. Тапсырма орындалды. Осы ұрыста, немістердің деректі мәліметіне сүйенсек, Мәншүк жаудың 72 солдатын жер жастандырған. Кескілескен осы қанды шайқаста батыр қызымыздың өзі де қаза тапты.
1944 жылдың 7 наурызында, Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Халқымыздың ержүрек қызының ескерткіші өзі азат еткен Невель қаласында бой көтерген.
Бүгінде халқымыздың мақтанышына айналған тағы бір айтулы ержүрек аруларымыздың бірі – Хиуаз Доспанова. Оның тағдыры жоғарыда аталған жерлестерінен мүлде өзгеше қалыптасты.
Ол 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысының Ганюшкино селосында туған. Сол жылдардағы партия қызметкерлерінің отбасылары сияқты олар да бір жерге тұрақтамай, үнемі қоныс жаңартумен болған.
1940 жылы Орал қаласындағы №1 орта мектепті алтын медальмен бітірген Хиуаз оқушы кезінен жергілікті аэроклубта да білім алып, аттестатымен бірге ұшқыш-парашютист куәлігіне де ие болған еді.
Мектепті бітірген жас талапкер білімін әрі жалғастыру мақсатында Мәскеуге жол тартты. Жуков атындағы әскери-әуе күштері академиясына құжаттарын тапсыруға талпынғанымен, қабылдаудан өтпеді. Сондықтан да, алтын медаль иегері ретінде бірінші Мәскеу медициналық институтына емтихансыз қабылданды.
Жазы жадыраған 1941 жыл да келіп жетті. Хиуаз туған жері Оралға оралуға жиналып жатқан-ды. Бірақ, аяқ астынан басталған соғыс оның бұл ойының күл-талқанын шығарды.
Күзге қарай жаудың Мәскеуді басып алу қаупі күшейген кезде, студенттердің барлығын қорғаныс бекіністерін салуға жұмылдырды. Сол жерде әйгілі ұшқыш Марина Раскованың басшылығымен әйелдердің авиациялық полкі жасақталып жатқандығын естіген Хиуаз аудандық комсомол комитетіне өтініш жасады. Ондағылар бірден қолына ұсыныс білдірген бір парақ қағазды ұстатып, М.Раскованың өзіне жолығуға кеңес берді. Оны Марина Раскованың өзі жылы шыраймен қабылдады.
1941 жылдың 8 қазанында Қорғаныс Халық Комиссариатының «Қызыл Армияның әйелдер авиациялық полкін құру туралы» бұйрығы шығарылды. Бұл полктегілердің бәрі – 115 адам 17-22 жас аралығындағы, көрсе көз тойғандай өрімдей жас қыздар еді. Оқу-жаттығу сабақтары жеделдетілген тәртіппен Энгельс қаласында өткізілді. Мұнда қыздарға түнде ұшу, бомба тастау, парашюттан секіру, жұлдыздарға қарап бағытты айқындау сияқты дәрістер берілді. 1942 жылдың көктемінде алғашқы лек оқу-жаттығу сабақтарын толық аяқтап, қыздар жеке-жеке эскадрильяларға жіберілді. Осылайша Хиуаз Доспанова 588-ші түнгі бомбалаушылар полкінің штурман-атқышы болып сапқа қосылды.
Әуе шайқасында табысқа жетудің басты талабы – штурманның ұшақты қалай басқаратындығына, жасаған есебінің дәлдігіне байланысты. Енді міне, Хиуаз – штурман-атқыш. Ұшқыштың бар қаруы екі пистолет қана. Бұл ұшақтарға пулемет көп кейін, 1944 жылы ғана орнатыла бастаған болатын.
Қыздар ПО-2 ұшақтарымен аспанға көтерілетін. Бұл өзі ашық екі кабинасы бар ағаштан жасалған биплан еді. Әуеде ешбір жарықсыз, бағдарды тек алдындағы аспаптар арқылы айқындайтын, түнде ғана ұшатын ұшақтар санатына жататын. Өйткені, күндізгі уақытта бұларды неміс ұшқыштары қарауылға бірден түсіре алатын оңай олжа саналатын.
Бұл ПО-2 аталатын ұшақтың тарихының өзі әріден, соғыстан көп бұрынғы уақыттан басталады. Оны алғаш 1927 жылы құрастырып жасаған конструктор Н.И.Поликарпов болатын. Ал, сипаттамасына келсек, оның салмағы 1100 кг, бомбасымен бірге 1400 кг, ұшу жылдамдығы сағатына 100-120 км, қону жылдамдығы – 60-70 км. Ұшу биіктігі 3800 метр. Аспанға көтерілу жолының ұзақтығы 100-150 метр. Барлығы 40 мыңға жуық осындай ұшақтар жасалды. Соғыс жылдарында бұл ұшақтар арқылы 100 мыңға жуық ұшқыштар даярлықтан өткізілген.
Түн қараңғысы жамылысымен күн сайын қыздар 5-10 рет әуеге көтерілетін. Осы түнгі ұшақтар ұшқыштары алдына барынша төмендеп келіп, алдын ала жасалған барлаудың нәтижесіне сай жаудың жинақталған техникасы мен күші орналасқан нысандарды бомбалау міндеті қойылатын. Көздеген жерлеріне жақындап келген кезде мотор үнін өшіріп, қалықтаған қалпында бомбаларын тастасымен, жоғары көтеріліп, көзден ғайып болатын. Сондықтан да, олардың көзсіз ерліктеріне ыза-кектері қайнаған немістер бұларды «аспан мыстандары» деп атаған. Әрбір ұшудың арасы сегіз минуттың шамасында. Кейде бұл ұшақ экипажы түнде аспанға 5-8 реттен, ал, қыста 10-12 реттен көтеріліп жүрді. Жаның сірі болмаса, мұндай батылдық пен ерлік жасауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермесі хақ.
Кеңес Одағының Батыры, «Түнгі мыстандар» эскадрильясының командирі өзінің «Боевые подруги мои» кітабында: «Доспанова всегда безошибочно выводила свой самолет на цель и также точно на свой аэродром»,–деп жазғанының өзі Хиуаздың ерлік жолдарының бір белгісі іспетті.
Соғыста Хиуаз партия қатарына өтіп, 300-ден артық жауынгерлік тапсырмалармен әуеге көтерілді.
1943 жылдың көктемінде өзінің командирі Юлия Пашковамен түнгі ұшу тапсырмасын орындап, аэродромға қонарында басқа бір ұшақпен соқтығысып қалды. Түн қараңғысын жамыла ұшудың айтып келмес апатының бір мысалы осындай. Ана ұшақтың ұшқышы қаза тауып, Юлия Пашкова операция үстелінде көз жұмды. Хиуаз ғайыптан аман қалды. Санитарлар оны госпитальға алып келгенде, өлі-тірісі белгісіз еді. Бірақ, әлі де кеудесінде жаны бар екендігін аңдаған дәрігерлер оны ажал аузынан арашалап қалу үшін бар білгендерін жасады. Бірнеше күн дәрігерлер кезекпен күзетіп шықты. Оның алғаш есін жиғандағы «Юлия қайда?» деген сұрағына, дәрігерлер қысқа ғана «Қасыңда жатыр, абыржыма…» деп сабырға шақырған жауап қайтарған-ды.
Алайда, Хиуаздың да тағдыры қыл үстінде тұрған-ды. Алған жарақаты асқынып, оның зардабы бойына тарау қаупі туды. Бірақ, госпитальдің бас хирургі батыл шешім қабылдап: «Жас қыздың аяғын кеспеймін. Отадан кейін тірі қалса, оның көрер жарығына обал жасаймын»,–деп бар білгенін жасап бақты. Хиуаз аяғынан тұрды. Оны Ессентуки госпиталіне жіберді. Емделіп жарасы жазылған соң ол өз полкіне қайтып оралды. Енді ол өздігінен ұшақ кабинасына отыра алмайтын, одан түсе алмайтын жағдайда еді. Сондықтан, әскери басшылар оның штурман ретіндегі жауынгерлік тәжірибесі мол екендігін ескере келе, штабтың байланыс бастығы етіп бекітті. Осылайша ол өзінің майдангер құрбыларына жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындауына жерден басшылық жасап отырды.
Хиуаз Доспанова өзінің полкінің құрамында Германияға дейін жетті. Жауынгерлік қимылдар барысында қыздар 30 мың тоннаға жуық бомба мен 26 мың тұтанғыш снарядты жау төбесінен сорғалатты. Ержүрек қазақ аруы, Орал өңірінің тумасы Хиуаз Доспанованың майданда көрсеткен ерліктері Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген жауынгерлік медальдармен атап өтілді.
Екінші дәрежелі Суворов орденді Қызыл тулы 46-шы гвардиялық Таман авиациялық түнгі бомбалаушылар полкіндегі қазақтың алғашқы және бірден-бір ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың жауынгерлік жолы осылайша аяқталды.
1945 жылы екінші топтағы соғыс мүгедегі Хиуаз Доспанова Орал қаласына оралды. Майдангер-коммунист ретінде оны қабылдаған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салин оған обкомның нұсқаушысы қызметін ұсынды. Арада бір жыл өткенде оны Алматы Жоғарғы партия мектебіне жіберді. Осында ол болашақ жары Шәку Әміровпен танысып, шаңырақ көтерді. Балалы-шағалы отбасына айналды.
Еңбек жолындағы дәрежесі де жоғары өрледі. Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы болды.
Алайда, нағыз кемеліне келген 37 жасында денсаулық жағдайына байланысты зейнетке шығуға мәжбүр болды. Бірақ, үй шаруасымен айналыса жүріп, бір мезгіл қаламға да қолын тигізуге уақыт тапты. 1963 жылы «Қазмембаспа» баспаханасынан оның «Халық үшін» деген кітабы жарық көрді.
Осыдан кейін оның есімі ұмыт қалды. Ал, бұл уақытта Ресейде соғыста аман қалған оның құрбыларына «Герой России» атағы беріле бастады.
Міне, тек осы кезде ғана Хиуаз Доспанованың есімі қайта жаңғырды. Бір топ депутаттар мен журналистер Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа хат жолдады. Соның арқасында Президенттің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен қазақтың алғашқы ұшқыш қызы Хиуаз Доспановаға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Осылайша КСРО жауынгерлік марапаттарының қатарында оның төсінде Қазақстанның Батыры Алтын Жұлдызы жарқырады. Ол бұл атақты көзінің тірісінде көріп кетті. Хиуаз Доспанова 2008 жылы 20 мамырда Алматы қаласында дүниеден өтті.
Атырау қаласында ержүрек ұшқыш, халқымыздың мақтанына айналған аруымыз Хиуаз Доспановаға 2010 жылы ескерткіш ашылды. Сол жылы «Эйр Астана» авиакомпаниясының Еmbraer 190 авиалайнеріне оның есімі берілді. Атыраудағы Спорт сарайы да осы даңқты ұшқышымыздың есімімен аталады.
Иә, қазақстандық майдангерлер Ұлы Отан соғысында ерліктің, жанқиярлық батылдықтың небір тамаша үлгілерін көрсетті. Бұған неміс әскерлері Мәскеуге таяқ тастам жер қалғанда гранат, винтовкамен жау жолына тосқауыл болған 28 панфиловшылардың, халқымыздың атағы айбарлы ұланы, өзі өмірден озған 1982 жылдан кейін тек 1990 жылғы 11 желтоқсанда ғана Кеңес Одағының Батыры атағын алған Бауыржан Момышұлының, қара құзғындар ұясы – Рейхстагқа ең бірінші болып Қызыл Туды желбіреткен, Баукең сияқты 1999 жылы 7 мамырда өзі өмірден өткен соң ғана «Халық Қаһарманы» атағы берілген Рақымжан Қошқарбаевтың ерліктері бүгінгі ұрпақтардың мәңгі жадында сақталар отансүйгіштіктің, батырлық пен батылдықтың өшпес өнегесі.
Оралдың облыстық газетінен 1942 жылы наурызда майданға аттанған журналист, әкем Құлжанның інісі, гвардия аға лейтенанты Сағи Құдайбергенов 1944 жылы 17 қазанда Кенигсберг қаласын жаудан азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Ол бүгінде Литва жері үшін Гижай поселкесіндегі бауырластар зиратында жатыр. Немерем Аманмен бірге 2017 жылы басына барып, гүл шоғын қойып, рухына тағзым етіп қайтқан болатынмын.
Міне, жетпістің бел ортасына таялған шақта майданда теңдессіз ерлік көрсеткен халқымыздың жоғарыда аталған арулары жайында өз ой-толғамымның соңғы түйінін осылайша түйіндеуді жөн көрдім.
Біздердің қатарымыз, біздерден кейінгі ұрпақтарымыз да алдыңғы аға-апаларымыздың соғыста жасаған ерліктерін ұмытпауды қасиетті парызым деп білуі керек.

Ғалым ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар