«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында облыстық кәсіпкерлер палатасының жұмысы қаралды.
Аталмыш қоғамдық кеңестің мүшелері, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов ашып жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде облыстық кәсіпкерлер палатасы 2013 жылы құрылғанын, 2015 жылы тіркеуден өткенін, палатаның басшысы жиі ауысатынын атап өтті.
– Осы жылдардан бері палата өз жұмысы жөнінде қоғамдық кеңес алдында есеп бермеген. Бұл ұйым кәсіпкерлікті қолдау жолында екінші деңгейлі банктермен, мемлекеттік органдармен және өзге де институттармен бірлесе жұмыс істеп, шағын және орта бизнесті дамытуға үлесін қосуы тиіс. Дегенмен, бұл міндет дұрыс атқарылмағандықтан, кәсіпкерлер мәселесі туындауда,–деді қоғамдық кеңестің төрағасы. Облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Гүлден Хаметова «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының орындалуы және жобалық кеңсенің жұмысы жөнінде айтты. Бұл бағдарламаға екінші деңгейлі 8 банк пен кәсіпкерлер қатысқан екен. Шарада іске қосылған бірнеше жобалар жөнінде бейнефильм көрсетілді. Одан әрі облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының міндетін атқарушы Ақылбек Смағұлов палатаның жұмысы мен мәселелері жөнінде баяндап берді. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімін шетелге экспорттау үшін ветеринарлық сертификат алу, елді мекендердің бас жоспарын жасау, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне субсидия беру мәселесі туын-
дауда. Бұл жағдай ауыл шаруашылығын дамытуға кедергісін тигізіп отыр. Іс шара барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақмола филиалының басшысы Мұратбек Қаражігітов облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірге «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында атқарған жұмысы жөнінде айтып берді. 2019 жылы жобаларды жүзеге асыруға 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, толық игерілген. Тиімді жұмыспен қамту бағдарламасына 819 адам қатысқан. Оның ішінде Нұр-Сұлтан және Степногорск қаласының тұрғындары бар. 2020 жылы Шаңтөбе кентінің тұрғындарына да несие берілмекші. Бүгінгі күні несиені кері қайтару мәселесі оң шешімін тауыпты. Отырыс барысында кәсіпкерлердің сұрақтарына нақты жауап берілді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.