Өкпе-реніш жер басып жүрген әрбір пендеге тән. Қалай дегенмен де, көңіл шіркін тым нәзік қой. Бәлкім содан ба, кім білсін, соңғы кезде өз-өзіне қол жұмсау деректері көптеп кездесуде. Әсіресе, жастар арасында. Бір анығы, суицид – тығырықтан шығатын жол емес.
Таяуда өңіріміздегі ордалы оқу орнының бір студенті алтыншы қабаттан секіріп, өз өміріне қол жұмсамақшы болған. Көрер жарығы бар екен, бала аман. Жастықпен жасаған білместігі ендігі өміріне еш сызат түсірмесе екен деп тілейміз. Ізінше әлеуметтік желіден тағы бір «Студент сабақ кезінде үшінші қабаттағы терезеден секіріп өлген» деген тақырыптағы хабарды оқыдық. Оқиға біздің қаламызда емес, өзге өңірде болған. Өкініштісі, бір қызғалдақ ғұмыр үзілді. Анау бір жылдары Көкшетау қаласындағы перзентханада әйел нәрестесімен бірге екінші қабаттан секіргенін естігенбіз. Періште қаққан болар, екеуі де аман қалған.
Болмашы нәрсе үшін де өмірден түңілуге бармыз. Өткен жылдың сәуір айында 23 жастағы Көкшетау қаласының тұрғыны тоғыз қабатты тұрғын үйдің төбесінен секіріп, өзіне-өзі қол жұмсамақшы болды. Жас жігіт бұл қадамға сүйіктісімен жанжалдасып қалғаннан кейін барған. Оны дер кезінде полиция қызметкерлері құтқарып қалды.
Осы орайда, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» атты повесі ойға орала кететіні бар. Жазушы адамның тағдыры оның ішкі жан дүниесінде жүретін ойлармен сабақтас екендігін шебер жеткізе білген. Бұл кітапта жан сезбес сырлардың тұңғиығынан шыға алмай қалған сормаңдайдың аянышты күйі баяндалады. Повесть желісі бойынша психиатриялық ауруханада жатқан емделушінің өзгелерден айырмашылығы ешкімге білдіртпей бір бейтанысқа хат жазады екен. Ол осылайша жан баласы сезбейтіндей өзіне бір өзгеше әлем жасап алады. Сөйтсе, оның бейтаныс деп жүргені өзі екен. Ақырында, сол тұңғиық сыр өзіне құрсау болып, ауру шырмауынан шыға алмай, өз-өзіне қол жұмсайды.
Ертеректе, есіңізде болар, ауылдағы үлкендер біреу-міреудің күйзеліп жүргенін көрсе, «Айналайын, қарғам, қатты уайымдама, жүрегіңе салмақ салма, ішіңе уайым түссе қиын болады» деп отыратын еді ғой. Сөйтсек, оның сыры тереңде жатыр екен-ау. Әлі есімізде әжелеріміз кешкі астан кейін міндетті түрде ыдыс-аяқты жуғызып, барлық ыдыстың бетін орамалмен, есік-терезені «бісмиллә» деп жауып жүретін. Себебін сұрасақ, «жын-шайтан аралап, жаман ауру белең алуы мүмкін» дейтін. Бертін білдік, әжелеріміз сақтықпен айтатын сол «жаман» ауру осы суицид екен.
Ақмола облысы суицид деректерінің тіркелімі бойынша елімізде алдыңғы орында көрінеді. Зерттеу нәтижесіне сай, толық емес отбасынан шыққан ер балалар, сондай-ақ, бала кезінде зорлық-зомбылық көргендер арасында суицид әрекеттері көп кездеседі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, өзіне-өзі қол жұмсайтындардың тізімінде Қазақстан әлем бойынша тоғызыншы орында тұрса, Орта Азияда алдыңғы қатарда екенбіз. Ал, 15-29 жас аралығындағы азаматтардың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша Үндістан, Солтүстік Корея, Зимбабведен кейін төртінші орынға жеткен. Жыл сайын әлемде 800 мың адам өзіне қол салудан көз жұмады екен. Сондай-ақ, әр 40 секунд сайын бір адам өз өмірін қияды. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының деректері бойынша, Қазақстанда сағатына бір адам суицидтен опат болады. Сонымен қатар, минут сайын қаншама адам өзіне қасақана зиян келтіреді екен.
Психолог Жұлдыз Бекахметова суицид оқиғасының жиiлеуiне әртүрлi себептер бар екендігін алға тартады. «Ең алдымен ол әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, психикалық ауытқу салдарынан болуы мүмкін. Кез-келген адам, әсіресе, жасөспірімдер қиналған сәттерде сөздерімен, іс-әрекеттерімен қоғамға белгілер бере бастайды. Жақсы оқыған бала нашар баға алуы немесе өзін қоғамға, отбасына керексіз сезінуі мүмкін. Сондықтан, мұндай белгілерді танып, бейжай қалмау керек» – дейді ол.
Психологтың пайымы дұрыс. Бәлкім біз соңғы кезде бір-бірімізге, айналадағы адамдарға онша-мұнша көп көңіл бөлмейтін шығармыз. Жанымызда жүрген жандардың жанайқайын естігіміз келмейді. «Қойшы, соны, ақымақ, өзі кінәлі» – дейміз. Ақылды адам шалыс басқан жанға мүмкіндік береді, демейді, қолдайды. Ендігі арада сол бір жаман қылығын қайталамаса екен деп жан жарасын емдеуге тырысады. Естілігіміз де осында.
Байқайсыз ба, көшеде сапырылысқан мың сан адамның ішінде жайдары келе жатқаны санаулы. Қалғандарының басын төмен салбыратып, өзді-өзімен сөйлесіп, күбірлеп әлденені айтып келе жатқанын немесе бір жаққа аяғы-аяғына жұқпай асығыс кетіп бара жатқанын аңғаруға болады. Шындығын айту керек, соңғы жылдары тіршілік тауқыметін көріп жүрген жандар көп. Еңбекақының күнкөрістен артылмауы, баспана тауқыметі, бұған қоса несие деген шырмауы көп шешілмейтін мәселе бар.
Осындайда қазақтың көрегенділігіне тағы бір мәрте көзің жетеді. Қазақ сәл қиындық бола қалса «бас аман болсын, бәрі болады» демеуші ме еді. Бұл дүниеде адамның өмірінен асқан байлық жоқ. Біз осыны ұға алмай жүрген сияқтымыз. Себебі, қазіргі таңда құндылықтардың өлшемі өзгерген. Өмірлік мақсатты көп ақша табуға жұмсаймыз, байлықты бақытқа балаймыз.
Елімізде тірлікке қажетті заттың бәрі бар. Дүкен сөрелерінде қат дүние жоқ. Ақшаңыз болсын, бәрін ала аласыз. Соғыс жылдары да біздің ата-әжелеріміз ашпыз деген емес еді ғой. Қарапайым қара халықтың арасында да ақшасы көп адамдар жетерлік. Қазір бізге ең жетіспейтіні – мейірім, жылулық, бір-бірімізге деген жанашырлық сезім.
Қатыгездік дегеннен шығады. Айтуға ауыз бармаса да, дәйекті деректер алдымызды орай беретіні бар. Қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында да осы қатыгездік кең етек алған. Сол кіп-кішкентай балдырғандардың өзі бір-бірімен бақас. Басқаша айтуға келмейді, біреуі анасының автокөлігімен, біреуі әкесінің қызметімен мақтанып, бір-бірінің көңіліне келетін сөздерді айтып, тұқыртып отырады. Өткенде бір апа өз немересінің өз-өзін тұншықтырып жатқанын байқап қалғанын жеткізді. Себебін сұраса, «өмір сүргім келмейді» деп жауап берген. Он жасар құлыншақтың өмірдің не екенін білмей жатып, өмір сүргісі келмеуінің себебі неде? Жасөспірімдер арасындағы суицид деректерін сөз еткенде бұқаралық ақпарат құралдарының әсері зор екендігін атап өтуіміз керек. Әсіресе, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін көрсететін роликтер, суицидті насихаттайтын деректер ғаламторда көп екен. Осы орайда, күні-түні телефонын қолынан тастамайтын балалардың нені көріп, кіммен сөйлесіп отырғандығын қадағалауымыз керек шығар. Біздегі мақсат – ойлы оқырманға осы мәселені жеткізу. «Сақтансаң, сақтайды» дейді емес пе?
Иә, ажал айтып келмейді. Айта кетуіміз керек, ислам дінінде өз өміріне өзі қол жұмсау кешірілмейтін күнәға баланған. Имамдардың айтуынша шариғат бойынша осындай әрекетке барған жандардың мәйітін бөлек қояды екен. Анау бір жылдары отағасынан айырылған бір қарт ана осындай әрекетке бармақшы болған. Бірақ, имамдар дер кезінде шариғат жолдарын түсіндіргеннен кейін қарт ана райынан қайтып, имандылық жолға түсіпті.
…«Өмір сүргім келеді!» деп толғанатын болайық. Шынымен де өмір баға жетпейтін қазына ғой! Ең бастысы, бас аман болсын!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.