Жаңа жыл қарсаңында Шағалалы ауылында тұратын Жаңылбек Оқибектің баспанасы өртеніп, ауыр жағдайға душар болған еді. Осы елді мекенде өткен қайырымдылық шарасында бұл отбасына «Зекет» қорының көмегімен сатып алынған жаңа тұрғын үйдің кілті табыс етілгені жүрек тебірентерлік оқиға болды.
Ақмола өңіріндегі ардагерлер кеңесінің, діни ұйымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысқан шарада облыстың бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
–Зардап шеккен отбасына қайырымдылық жасауды жөн көрдік. Сөйтіп, қол ұшын созу туралы шешім қабылдадық. Осы игілікті іске ат салысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Бүгінгі күнге дейін осындай қайырымдылық шарасы аясында облыс аумағында тұратын 10 отбасы баспаналы болды. Биыл Қазақстан Республикасы Діни басқармасының 30 жылдығы аталып өтіледі. Осы орайда, мұқтаж отбасыларына қайырымдылық ретінде берілетін пәтер санын 30-ға жеткізгелі отырмыз, – деді Қуаныш қажы Сәбит тұрғын үйді табыс ету қуанышында.
Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ.
Зеренді ауданы.