Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен жан еді - АРҚА АЖАРЫ

Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен жан еді

Даңқты диқан, Социалистік Еңбек Ері Ералы Бақтаевтың қызы Сайранмен мектепте он жыл бірге оқып, жан досына айналдым. Екеуіміздің бақытты балалық шағымыз есіме түскенде Үлгілі ауылын қатты сағынамын.

Біз мектепте оқығанда «Екі соқа» деген мысалдың мазмұнын мұғалімге жарыса айтатынбыз. Қазір ойласам, егістік алқабында жер жыртатын және күннің көзінде қаңтарылып тұратын екі соқаның сол кездегі диалогы оқушыларға ғана емес, үлкендерге де терең ой салады екен. Таңнан кешке дейін жер жыртып, жұмыс істеуден танбайтын соқаның жалтырап, түрленіп кеткен бейнесін елестетіп, еңбек етудің адам өмірінде де маңыздылығын білдік. Алайда, төгілген ащы тер мен адал еңбектің үлкен абыройға бөлейтінін бізге соқаның мысалынсыз-ақ көзі тірісінде көрсетіп кеткен Ералы Бақтаев ағамыз еді. Ол 1926 жылдың 17 шілдесінде Зеренді ауданының Үлгілі ауылында туған. Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталғанда 15 жаста болатын.
Соғыс жылдары ауылдастарымен бірге ұжымшардың қара жұмысына жегілді. Балдәурен шағында тағдыр салған қиындыққа қарамастан, еңбекті ту еткен жарқын өмірге бел шеше араласты. Механизатор курсын Лобанов селосындағы училищеде бітіріп, «Белсенді» ұжымшарында темір тұлпар тізгіндеді. Осы күні қалаға түрлі кәсіби мамандықты меңгеруге алып-ұшатын жастар жоғары оқу орнына түспей қалса жасып, тауы шағылып жатады емес пе?! Ал бүгін есімін әйгілеп, рухына тағзым етіп, жастарға адалдығы мен жауапкершілігін паш етіп отырған ел ағасында ондай кертартпалық жоқ еді. Керісінше, әкесі Шопайдан қонған тектіліктің, анасы Мағридан дарыған әдептіліктің нәтижесінде еңбекке ерекше құлшынысы артып, өмірінің соңына дейін ел ішіндегі ынтымақ пен ұрпақтар сабақтастығын сақтау, бабалар қалдырған дәстүрді дәріптеу, жастарды еңбекке баулу жолында аянбай тер төкті. Жұбайы Қапиза екеуі қыздарына саналы тәрбие беріп, жоғары білім әперді. Сайран Шымкент фармацевтік институтын бітіріп, провизор мамандығын алды. Содан бері көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәріханасында өз мамандығы бойынша 35 жыл еңбек етуде. «Қазтелекомда» бөлім басшысы болып қызмет ететін жұбайы Елемес Айтқожин екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты жандар.
Ұлы тұлғалар туралы тебіреніс әдетте жүріп өткен өмірбаянын өзінше өрнектеп, қал-қадірінше баяндап шығумен шектеліп жатады. Бірақ, дәл осы қағида қазақтың даңқты ұлы, еңбектің ерен үлгісін паш еткен Ералы Бақтаев ағама жүрмейді. Соңғы демі қалғанша саналы ғұмырын  туған еліне арнаған ел ағасы биыл 94 жасқа толар еді. Егер ортамызда болса, әлі де талай асуды бағындырып, ауыл төрінде алтындай жарқырап жүрер ме еді. Оның жарқын еңбек жолын шағын жазбаға сыйдыру әсте мүмкін емес. Десек те, елді адал еңбек етуге баулыған батыр ұлды Тәуелсіз Қазақстанның болашағына үлгі етпесек – бізге үлкен сын.
Даланы дүбірге толтырған Ералы Бақтаевтың есімін ел жатқа біледі. Ол бригада басқарған жылдары дәнді дақылдар алқабының әр гектарынан 20 центнерден өнім алынды. Ауа райы қолайлы болған жылдары гектар берекесі 30 центнерден айналды. Есімімен-ақ тұтас бір ұлттың қадір-қасиетін, өшпейтін өнегесін, мәңгілік дәстүрі мен салтын аңғартып тұратын тұлғалар сирек. Сол санаулы асылдардың қатарында жерлесіміз, көгілдір таулар мен өзен-көлдер өрнектеген Көкшетаудың мақтанышы, Социалистік Еңбек Ері, Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендері мен бірнеше медальдарды алған Ералы Шопайұлы да бар. Ел абыройына бөленген абзал азаматтың елдің ертеңі үшін төккен терін есіме алсам, ол қалдырған еңбектің жарқын үлгісіне көз салсам, мұқалмас жігерді, таусылмас күш-қуат тасқынын, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын алапат ынтаны байқаймын. Көзі тірісінде ел ағасы атанған абзал жан құт қонған киелі Үлгілі ауылы үшін даналықтың, даралықтың, адалдық пен тектіліктің мектебі болды.
Бүгінде дала төсіндегі дүбірге дүбір қосып, алқапты қызу еңбекпен көріктендіріп жүрген зеренділіктер қырықтан енді асқанда Еңбек Ері атанған азаматты өнеге тұтады. Ортамызда болмаса да, жарқын бейнесі әрбір үлгіліліктердің жүрегінде жаңғырып тұр. Кезінде Ералы Шопайұлының қанатын қатайтып, еңбекке баулыған киелі мекен бүгін де өз ерін іздейтіндей, сағынатындай. «Көктем гүлдің, басшы елдің бағын ашады», – дейді халық даналығы.
Ералы Бақтаев 1963-1983 жылдары трактор-егіс бригадасының бригадирі болып жүріп қарапайым мінезімен көпшілікке өнеге көрсетті. Көзі тірісінде жастарды жігерлі болуға тәрбиелеп, адалдық пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін айтып отыратын. Еңбек Ерінің әрбір соқпағы елеулі, әрбір адымы өзіндік тарих, жарқын бейнесі мәңгілік насихат, мәңгілік үлгі секілді. Жергілікті механизаторлардың еңбек етуіне мүмкіндік жасап, әрбір еңбеккердің жұлдызын жаға білді. Қай кезде де ауыл ақсақалдарымен санасып, солардың алғысын арқалап жүрген ардақты ағамыз 58 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл біз үшін онымен бірге бүкіл елдің туы құлағандай әсер еткені жалған емес. Рас, өмір өлшеулі. Бірақ, кім оны қалай сүретіні ерекше маңызға ие. Саналы ғұмырын адал еңбекке сарп еткен ағамыз шын мәнінде бақытты жан еді. Біреудің алдын кескенін тіпті көрмедік. Ералы ағамызбен бірге үзеңгілес Кәкімбек Тәжікенов, Тұрғын Жақыпов, Жаслан Кашаев, Совет Әлімбаев, Серғазы Шопаев, Мұқатай Ережепов, Иман Темірбеков сияқты өзге еңбек адамдарының да есімдері қатар аталады. Көне замандардан бері тартсақ, Тінібек би мен Аңғар бай шыққан киелі ауылдың кейінгі перзенттері де тарих алдында төменшіктемейді.
Ералы Бақтаевтай ерен еңбектің үлгісін қалыптастырып, тұтас бір тәрбиенің мектебін қалап кеткен ағамызбен мақтанады бұл ауыл. Ел үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен халқының аяулы ұлы ешқашан ұмытылмайды. Мұнша танымалдылық Ералы Бақтаевты көзі тірісінде асқақтатып жіберген жоқ. Мейірімді мінезімен-ақ небір тағдырды түзу жолға салғаны әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді. Талай жанның жанына демеу, көңіліне медет болып, өмірде аяғынан тік тұрып кетуіне атсалысты. Талай тұрмыста кездесетін түйткілдерді ақылмен шешіп, даналықтың, парасаттылықтың үлгісін көрсетті. Мұны біздің зеренділіктер күні бүгінге дейін үлгі етеді. Біз Ералы Бақтаевпен мақтанамыз, осындай ел ағасы біздің Үлігілі ауылында тұрып еңбек еткеніне қуанамыз.
Гүлнәр ЖАҚЫПОВА.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар