Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Онлайн базар оңтайлы ма?.. - АРҚА АЖАРЫ

Онлайн базар оңтайлы ма?..

Жаһандану заманы алға ілгерілеген сайын заманауи технологиялар дами түсетіні белгілі. Бұрынғыдай «айшылық алыс жерлерден» хат-хабар күтіп отыратын күндер келмеске кеткен. Алыс-жақын шетелмен хабарласуды айтасыз, үйде отырып-ақ сауда жасауға болады. Мәселен, әлемнің кез-келген жерінен онлайн дүкендер арқылы қалаған киім-кешегіңізді, үйге қажетті заттарды сатып алуға болады.

Нарықта екі мыңға жуық интернет дүкен жұмыс істейді. Алайда, халықтың басым көпшілігі электронды сауда қиын деген байламда. Жалпы, осы онлайн базар оңтайлы ма? Күңгейі мен көлеңкесі қандай? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Бүгінде қазақстандықтардың 7 пайызы интернет сауданы белсенді пайдаланады. Бір қуанарлығы, олардың арасында ауыл адамдары көп екен. Бұл да болса, сандық технологияның дамып жатқандығының белгісі.
Зеренді ауданының тұрғыны Айжан Баймағамбетова онлайн сауда желісінің қызметін бес жылдан бері пайдаланып келеді. Әбден машықтанып алған.
–Дүкеннен, иә болмаса базардан күнделікке қажетті азық-түлік тауарларын ғана сатып аламын. Ал, киім-кешек, тіпті үйге қажетті тұрмыстық заттардың барлығына интернет арқылы тапсырыс беремін. Үйреніп алсаңыз оп-оңай. Бренд киім киюге мүмкіндік бар. Әйтпеген күнде базар толы қырғыз ағайындардың киімдері ғой. Тіпті, бренд дүкендерінде де солардың тауарлары самсап тұрады. Мен үш баланың анасымын. Жолдасым таксист болып жұмыс істейді. Бұрындары балаларға киім-кешек, үйге қажетті басқа да заттарды, яғни, көрпе-жастық, төсек- орын жабдықтарын арзан бағамен сатып алу үшін Алматыға баратынбыз. Қазір ондағы дүкендерден тапсырыс арқылы сатып алатын болдым. Екі-үш күнде жетеді, – дейді өзі.
Мұндай дүкендердің жұмыс принципі өте қарапайым: сайтқа кіресіз, ұнаған өнімді таңдайсыз, тапсырысты рәсімдейсіз, төлем жүргізесіз, жеткізу мекен-жайын анықтайсыз. Баса айтуы-мыз керек, мұндай бизнестің тиімді тұстары көп. Бастысы – уақыт үнемдейсіз. Тауардың сан алуандығын да атап өтуге болады. Кемшілігі – әр затты көзбен көріп, қолмен ұстап көру мүмкіндігі жоқ. Жасыратыны жоқ, бұл жаңашылдыққа жатырқай қарайтындар жоқ емес. Өйткені, алыпсатарға деген сенімсіздікті де жоққа шығаруға болмайды. Адамдарда әлі де болса, «Алдап кетсе ақшамнан айрыламын» деген ішкі қорқыныш бар. Содан болар, көпшілік дәстүрлі сауданы қауіпсіз санайды. Мәселен, кейде тапсырыстардың сапасы сын көтермейтіндей болуы мүмкін. Әсіресе, киімдердің өлшемі сәйкес келмей қалуы мүмкін. Егерде сатып алған тауар көңіліңізден шықпаса, оны заң бойынша 14 күн ішінде қайтарып жіберуге болады.
Интернет арқылы сауда жасау жүйесі дамыған елдердің көш басында Қытай тұр. Одан кейін бұл көшті АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония, Германия, Франция, Бразилия, Оңтүстік Канада, Ресей жалғастырған. Оның ең негізгі себебі, бұл елдерде интернет қолданушылары басым. Ал, бізде әзірге онлайн-сауда әр жылы 20-25 пайызға ғана өсіп отыр.
Соңғы кездері әлеуметтік ватсап желісінде бірінен соң бірі «Оптовые закупки» деген топтар пайда бола бастады. Ол арқылы адамдар «админнің» «ссылка» арқылы жіберген интернет сайттарынан көтерме бағамен түрлі заттарды сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бірақ, осы қызмет үшін 15-20 пайыз қосымша үстемақы төлейді. Көбіне-көп осындай топтар арқылы адамдар өзіне қажетті тұтынушылық заттарды сатып алуда. Бұл да болса онлайн базардың оңтайлы екендігін аңғартып отыр.
Қалай дегенмен де, алға ілгерілеудің бір белгісі, бұрынғыдай сауда үйлерінде ұзын-сонар кезекте тұрған адам, базарда қара нөпір халық жоқ деуге болады. Осыған қарағанда онлайн базардың болашағы зор сияқты. Ал, сіз интернет арқылы тауар сатып алдыңыз ба? Ой қосыңыз, оқырман!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар