Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжін дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша бітірген жас маман Уәлихан Жұмаш облыс орталығынан отыз шақырымдай жердегі Нефтебаза кентіне мұғалім болып келді.
2019 жылдың күзінде осы кенттегі Шағалалы негізгі мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған жас маман қазір жаңа ортаға үйреніп, ұстаздықтың қыр-сырын меңгеруде.
Ж.Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжін, содан кейін А.Мырзахметов университетін ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған Индира Мағзұмова да өткен жылы отбасымен осы кентке көшіп келген еді. Жаңадан келген екі мұғалімге де «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде көтерме ақы төленіп, басқа да қажетті жағдайлар жасалды. Бұның өзі жас мұғалімдердің өз жұмыстарына белсене кірісіп, бар күш-жігерімен еңбектенуіне игі ықпалын тигізуде.
Суретте: жас мамандар У.Жұмаш пен И.Мағзұмова мектеп директоры, тәжірибелі ұстаз Бақытжан Ауқаровамен бірге кезекті оқу жоспарын талқылауда.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.