Ақмола – республикадағы ірі астықты өңір. Диқандар қауымы өткен жылды жоғары табыстармен қорытындылады. Отан қамбасына жыл сайын 5 миллион тоннадан астам астық құюды дәстүрге айналдырған облыс егіншілері 2020 жылы да биік межелерге қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Жыл бойы жалғасатын диқандық кәсіпте агротехнологияның барлық тармақтары маңызды саналады. Соның бірі – қысқы қар тоқтату. Биыл облыстың барлық өңірінде қар қалың түсті. Қардың қалыңдығы 25-40 сантиметрден төмен емес. Яғни, ылғал қорын молайтудың мүмкіндігі жеткілікті. Бірақ, қыс айрықша мінез танытып тұрғаны да белгілі. Алай-дүлей боран жылымық күндермен алмасып, құбылып тұр. Бұл –
құлшынысты үдеткенімен, өзіндік қиындықтарын туғызғаны да анық. Ұлпа боранда тракторлардың ұзап кете алмайтыны белгілі.
Соған қарамастан, диқандар қауымы 677,4 мың гектар алқапта қар тоқтату жоспарын ойдағыдай орындап отыр деуіміз керек. Барлық 17 ауданда екі ізбен қар тоқтатылып, ақ ұлпа бұрымдар ирелеңдеп жатыр. Яғни, 680,4 мың гектардағы екі іздегі жұмыс 100,4 пайызға орындалды. Ал, Зеренді, Сандықтау, Есіл аудандарының механизаторлары жұмысты үшінші ізбен жалғастыруда. Бұл еселі еңбектің қайтарымы толымды болатынын айғақтайды.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.