Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңісті ұлықтау – қастерлі парыз - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңісті ұлықтау – қастерлі парыз

Көкшетауда облыстық ардагерлер кеңесінің V пленумы өткізіліп, онда үш мәселе қаралды. Негізгі баяндаманы жасаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл «Ақмола облысы ардагерлер ұйымының Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына дайындық барысы және жастарға патриоттық тәрбие беруді күшейту жөніндегі міндеттер туралы» ауқымды әңгіме өрбітті.

–Үш айдан кейін еліміз, ТМД халықтары, барлық ізгі ниетті адамзат екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтетін болады,–деді ол. – Айтулы мерекеге дайындық тәуелсіз елдер ынтымақтастығы одағы басшыларының 2017 жылғы 11 қазанда, Сочи қаласында өткен кеңесінде бастау алғанын білесіздер. Мұнда 2020 жылды Жеңістің 75 жылдығы деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл әлемдік деңгейдегі Жеңіс саналады. Жер жүзі фашистік қауіптен, әлемдік өркениетке, мұның ішінде неміс халқының өзіне де төнген қатерден құтылып, адамзаттың соғыстан кейінгі жаңаша даму кезеңіне жол ашылды. Мұндағы ауыр салмақты кеңес әскерлері көтеріп, дүние тіршілігіндегі бетбұрысқа тікелей араласқаны мәлім. Жалпы, Еуропаның 11 мемлекетін азат етуге 7 миллион, Солтүстік–Шығыс Қытай (Манчжурия) мен Солтүстік Кореядағы соғыс өртін сөндіруге 1,5 миллионнан астам кеңес әскерлері қатысты. Бұл шын мәніндегі Ұлы Жеңіс еді. Оны ұмытуға да, бұл ұғымға көлеңке түсіруге де ешкімнің хақысы жоқ. Осыған байланысты, штаб-пәтері
Москва қаласындағы «Тәуелсіз мемлекеттер ардагерлері ынтымақтастығының қоғамдық бірлестігі» құрылуы, оның құрамына ТМД мемлекеттері мен Латвия, Эстонияның 60 миллион ардагері бірлесуі көп жағдайды аңғартады. Қазақстан ардагерлері аталған ұйымның белсенді сапында екендігі баршамызды мерейлендіреді.
Облыстық кеңес төрағасы бұл сөздерді кейбір мемлекеттерде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мазмұнын әлсірету қадамдары көрініс беруіне, сондықтан, бейбітшілік пен патриоттық тәрбиені күшейту, идеологиялық саясаттың ықпалын қуаттандыру қажеттігіне қаратып айтқаны белгілі. Сондықтан, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өтудің мазмұны терең, жауапкершілігі зор болуға тиісті.
Бұл орайда, Ғ.Төлеғұл: «Жалпы Жеңіс күнін мерекелеудің тәлімдік дәстүрі бізде нық қалыптасқан. Жыл басы, 5 қаңтарда облыс әкімі Ермек Маржықпаев Жеңістің 75 жылдығын атап өтудің 49 тармақты іс-шарасын бекітті. Соғыс ардагерлерінің өшпес ерлігі, өлмес өнегесі жас ұрпақты тәрбиелеудегі таптырмас құрал, өрелі өнеге. Мәселен, Мәлік Ғабдуллин, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев сияқты біздің даңқты жерлестеріміз өз есімдерін тарихқа алтын әріптермен жазып кетті, өскелең ұрпақтарға мәңгі үлгі болып қалды»,–деді.
Ақмолалықтардың мақтанатындай жөні бар. Біздің 52 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанып, он ардақтымыз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Мыңдаған жерлесіміз орден, медальдармен марапатталды. Соғыс жаңғырығы әлі де сөнген жоқ. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, бұрын хабарсыздар қатарындағы Кенжебек Болтаевтың, Кирилл Демченконың, Иван Гвоздевтің, Тәжібаевтың денелері туған жерлерінде қайта жерленді.
Бұдан кейін баяндамашы ардагерлер ұйымының қызметіне тоқталды. Бүгінгі таңда Ақмола облыстық ардагерлер ұйымында 2 қалалық және 17 аудандық кеңес жұмыс істейді. Ал, 849 бастауыш ұйымдарына 112 мыңнан аса зейнеткер (облыстың әр жетінші тұрғыны), 40 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, 1000-ға тарта соларға теңестірілгендер, 4464 тыл еңбеккерлері, 900-дей Ауған соғысына қатысушылар, 61 Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқандар кіреді.
Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізіледі, олар ұдайы жергілікті атқарушы органдардың назарында тұр. Мысалы, былтырғы қыркүйекте облыс әкімі Е.Маржықпаев қабылдаған қаулыға сәйкес, қарттар айлығында соғыс және еңбек ардагерлеріне, мұқтаж адамдарға 482,904 миллион теңгенің көмегі көрсетілді, бұл 2018 жылдағыдан 36,1 миллион теңгеге артық. Сондай-ақ, 13332 адам тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді. Санаторлық-курорттық мекемелерде 1317 зейнеткер денсаулығын түзетті, бұл 2018 жылдағыдан 305 адамға көп.
«Ешкім де назардан тыс қалмасын» ұраны – кеңестің басты ұстанымы. Қандай да бір іс-шара өтпесін, аға ұрпақ өкілдерін барынша қамту назарда ұсталады. Қазан айында ғана облыстағы ардагерлер ұйымдары 1522 іс-шара, 209 «дөңгелек үстел» отырыстарын, 183 қайырымдылық сенбіліктерін, 824 концерт өткізіп, 29 мыңнан артық мерекелік дастархан жайды, 14 мыңдай азық-түлік жиынтығын табыстады және 541 зейнеткерді газет-журналдарға жаздырыпты.
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында алға қойған міндеттері ардагерлер көңілінен шықты. Әсіресе, мемлекеттік тілдің әлеуеті күшейтілетіні, сөйтіп, ол ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатыны қуантады. Биыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ұлы Абайдың 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы мерекеленеді. Жолдауды жүзеге асыру ісі қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер ұйымдарына да зор жауапкершілік жүктейді. Біз бұған тек өзіміздің ақыл-кеңестерімізбен ғана емес, нақты істерімізбен де тиісті үлес қосуға ұмтыламыз,–деді Ғ.Төлеғұл қорытынды сөзінде.
Баяндаманы талқылауға Атбасар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иван Комиссаров, облыстық қорғаныс департаменті басшысының орынбасары Ақдәулет Әлиев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Әсем Ілиясова, Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы Ыбырай Дуанбай қатысты.
Пленум сондай-ақ, облыстық ардагерлер ұйымдарында есеп беру-сайлау науқанын өткізу және облыстық кеңестің 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелерді қарап, тиісті қаулы қабылдады. Алқалы жиында қоғамдық жұмыстардағы табыстары үшін еңбек ардагері Сайлаубай Ыбыраев Қазақстан ардагерлері Орталық Кеңесінің «Құрмет белгісімен» марапатталды.
Пленумның жұмысына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова қатысты.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар