Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Толғандырған сауалдарымен келіп, өтініш-тілектерін айтты - АРҚА АЖАРЫ

Толғандырған сауалдарымен келіп, өтініш-тілектерін айтты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдікте жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдап, олардың өтініш-тілектерін заң аясында және қолда бар мүмкіндіктерге қарай шешу жағын қарастырды.

Бұл жолы қоғамдық қабылдауда болған тұрғындар өңiр басшысы алдында жол қатынасы, қар тазалау, кәсiпкерлiктi, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларға қатысты туындаған мәселелерді көтерді. Зеренді ауданындағы Симферополь ауылының тұрғындары Жәния Мақашова мен Қанат Әлібековтің айтуынша, ресейлік компания округ аумағында бастапқыда мал өсіремін деп жер телімін алып, оны басқа мақсатта пайдаланбақшы екен. Зеренді ауданының әкімі Бауыржан Ғайсаның түсіндіргеніндей, расында да «Турмалин» компаниясы жерді алуын алып, ангар салған. Алайда, кейін компания белгісіз себептермен бұл жоспарынан бас тартып, оның меншігіндегі жер «Обсидиан-В» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткен. «Обсидиан-В» компаниясы Жолдыбай 1 кенішінде метаморфтық қалдықтарды өндіру жұмыстарын қолға алмақшы. Осы мақсатта 2027 жылға дейін тау-кен жұмыстарына рұқсат берген мемлекеттік сараптаманың қорытындысы да бар.
Облыс әкімі жергілікті жерлерде бизнес құрылымдарының пайда болуы ауыл үшін маңызды екенін айта келе, бұл мәселені аудан басшылығына заң аясында қарастырып, нақты бір шешім шығаруды тапсырды.
Ал, Көкшетау қаласының тұрғыны, белгілі еңбек ардагері Ашот Мурзин (суретте) өзі сияқты зейнет жасындағы қариялардың емханаға көрінуіне, дәріханадан дәрі-дәрмек алуына және қоғамдық көліктерде жүруіне жеңілдіктер қарастыру қажеттігін айтты. Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары Ержан Дүйсембаев, Жанар Есмуратова және Бибайша Жарекеева ауыл тұрғындарының атынан су, жол мәселесін тілге тиек етті. Аудан әкімі Талғат Мұханбеджановтың айтуынша, 2020 жылы Жібек жолы ауылының көшелерін күтіп ұстау, қардан тазарту жұмыстары үшін 4,7 миллион теңге қаржы бөлінген.
Қабылдауға келген «Қайырымдылыққа сенім» қайырымдылық қорының төрайымы, екінші топтағы мүгедек Татьяна Спиглазова да өз кезегінде жүріп-тұра алмайтын бірінші топтағы мүгедектерді тасымалдау үшін арнайы реанимобиль қажет екенін айтты. Оның сөзінше, қалалық әкімдік қор орналасатын бөлме мәселесін жуырда шешіпті. Енді ол бөлме жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Облыс басшысы жөндеу жұмыстарын өзі бақылауға алатынын, ал, реанимобиль мәселесі жуық арада шешіле қойматынын, ол алдағы уақыттың еншісінде екенін байыппен айтып түсіндірді.
Бұдан бөлек, кәсiпкерлiктi, ауыл шаруашылығын дамыту, шалғай елді мекендерге қатынайтын жол мәселелерін шешу бойынша қабылдауда болған бірқатар тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын облыс басшысына тікелей қойды.
Соның бірі – Есіл ауданындағы «Новоприречное» серіктестігінің директоры Валерий Тюркин «Алматы-Бұзылық» автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу мәселесін көтерді. Облыс басшысы кәсіпкердің сөзін тыңдай келе, аталмыш жолды ауданға жұмыс сапары барысында өзі соғып көретіні туралы уәде етті.
Ермек Маржықпаев қабылдауға келген барлық азаматтардың өтініш-тілектері ескеріліп, заң аясында шешілетіндігін айта келе, тиісті орындарға азаматтардың арыз-шағымдарын бақылауға алуды тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар