Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана мен бала денсаулығы әрқашан басты назарда - АРҚА АЖАРЫ

Ана мен бала денсаулығы әрқашан басты назарда

Мереке қарсаңында республикалық Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына қайырымдылық шараларынан жинақталған қаржыға жаңа операциялық үстел сатып алынған болатын. Осыған орай, біз өңірімізде ана мен бала денсаулығына қаншалықты көңіл бөлініп жатқандығы туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовпен әңгімелескен едік.

Ана мен баланың денсаулығы – бұл дені сау ұрпақтың көбеюін қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі. Деректерге сүйенсек, облыс бойынша өткен жылы сәби өлімі 1000 балаға шаққанда 7 баладан келді.
Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасы нәрестелер мен балалар өлімінің деңгейіне әсер ететін бірнеше себептерді анықтаған екен. Бұл факторлар халықтың вакцина қабылдауға деген жауапкершілігінің жоқтығы, жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өтпейтіндігі, ауру белгілерін білмейтіндігі. Бұған қоса, аналардың көпшілігі жүктілік бойынша тіркеуге кеш тұрады немесе мүлдем тіркелмейді. Денсаулығына зиян келетін жағдайларда да жүктілікті тоқтатудан бас тартады.
Сүлен Ілиясовтің айтуынша, ана мен бала денсаулығын сақтау тұрғысында медицина мамандарының тапшылығы да кері рөл атқарады.  Дегенмен, кадр мәселесін шешу жолында тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
–Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының резервінен көпбейінді облыстық балалар ауруханасына 2 бөлмелі пәтер берілді, наурызда осы медициналық мекемеге тәжірибесі мол жаңа педиатр келеді. Сонымен қатар, 2020 жылдың 1 қаңтарында облысқа 67 жас маман келіп, оның 35-і ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты, – дейді бұл орайда басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Ақмола облысы әкімінің бастамасымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында қажетті медициналық мамандықтар бойынша 35 адам білім алуда. «Жалпы медицина» мамандығы бойынша жоғары медициналық білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің медициналық факультетіне 100 грант бөлініпті. 38 студент Ақмола облысы әкімінің стипендиясының иегері атанған. Олар оқу бітіргеннен кейін облыс аумағында үш жыл жұмыс істейді.
Сонымен бірге, медициналық ұйымдардың есебінен еліміздің жоғары оқу орындарында 16 студент білім алып жатыр. Ал, ауылдық жерлерге медицина және фармацевтика бағытында жұмыс істейтін жас мамандарды тарту үшін облыстық бюджет қаражаты есебінен 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Өткен жылы педиатрия және акушерлік-гинекология салаларында 500-ден астам медицина маманы біліктілікті арттыру мақсатында оқытылған және осы шара биыл да өз жалғасын табуда. Бұл іс-шаралардың барлығы тұтастай алғанда аймақтың денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттыруға оң әсер етуі тиіс.
–Мемлекеттік мекемелердің де заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі жыл сайын жақсарып келеді. Ол өз кезегінде салмағы жетіспей немесе шала туған нәрестелерді емдеудің және сауықтырудың мүмкіншілігін арттырады, – дейді Сүлен Ілиясов.
Сонымен қатар, нәрестелер өлімін азайту, нәрестенің туа бітті кемістіктерін анықтау үшін 304 миллион теңгеге 11 ультрадыбыстық қондырғы сатып алынған.  Жедел көмек көрсетіп, науқастарды тасымалдау үшін де 53 миллион теңге бөлініп, 10 жедел жәрдем көлігі медициналық ұйымдарға пайдалануға берілген.
2015 жылдан бастап көпбейінді облыстық балалар ауруханасында нәрестелер мен балалар өлім-жітімін азайту жөніндегі штаб жұмыс істейді. Онда жыл сайын жаңа туған нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балалардың, сондай-ақ, нәрестелер өлімі, кәмелетке толмаған балалар өлімі болатын аймақтардың статистикасы жүргізіліп отырады. Денсаулық сақтау басқармасы қазір жаңа технологиялардың енгізілуіне баса назар аударуда.  Барлық ауруханалар мен емханаларда тираж жүйесі қолданылады. Арнайы модель енгізіліп, халыққа түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады.
Сонымен бірге, «Дені сау балаларды тәрбиелеу» науқаны аясында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай ата-аналар арасында сәбилерді күту және тәрбиелеу үлгісіне байланыс-ты облыстық байқау өткізіледі және бұл сайыс жыл сайын дәстүрге айналмақшы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы әңгіме соңында әйелдер қауымын келе жатқан мерекелерімен құттықтап, отбастарына бақыт, дендеріне саулық тілеген игі көңілін де жеткізуді өтінді.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар