Тұрмыс-салт дәстүрлері
Балдыз қалың. Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді.
Қапқа салар. Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол-жоралғысымен, яғни, құдалық кәдесімен, үлкендерге арналған сый-сыяпатымен, той малымен келеді. Той басталды. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой- беделіне сай жасалатын жолды дәстүр.
Атбайлар. Мұның да екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар». «Атбайлардың» екінші түрі – кәде. Құда-құдағи келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.
Есік ашар. Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш, яғни, есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел-жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде-жорасымен, әдет-салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын-мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады. Ойын-тойсыз, әзіл-қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен-кіші бір жасап қалады.
Жігіт түйе. Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер-тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.
Өлі тірі. Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп, «өлі тірі», яғни, кәделі мал, жылқы жіберіледі. «Өлі тірі» деген өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызды жол-жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі тірі өткен соң, өлген күйеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.
Жарысқазан. Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп, оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген. Турасында көнеден қалған дәстүр ерекше өзгеріске ұшырамастан естен шықпауы тиіс. Қайта заман ағымына сай жаңадан қосылады.
Дайындаған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.