Зеренді ауданында «Хрустальный колос – 2020» 34-ші қысқы облыстық спартакиадасы өтті.
Спорттық додаға облыстың 17 ауданынан, Көкшетау және Степногорск қалаларынан келген спортшылар қатысты. Көпшілік алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан спартакиадаға қатысушыларды құттықтай келіп, өңірімізден есімдері әлемге, республикамызға танымал көптеген спорт саңлақтары өсіп шыққанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысының Жолдауында тұрғындардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту міндеті қойылған. Осыған орай, ол спортшыларға дүбірлі додада сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев құттықтау сөздерін жолдап, 2020 метр қашықтықты шаңғымен жүріп өтті. Спартакиаданың алауын облыстық, республикалық жарыстарда Зеренді ауданының атын шығарып жүрген Эльмира Мұтағарова, Шәкерхан Диас және Жанжігіт Демеусін жақты.
Спартакиаданың ашылу салтанаты концерттік нөмірлер, фаер-шоу және мерекелік от-шашуға ұласты.
Шаңғы жарысында көкшетаулық шаңғышылар қарсыластарына дес бермей, алдыңғы орыннан көрінсе, сандықтаулықтар мен зеренділіктер екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Президенттік көпсайыс үлкен шеберлік пен дайындықты қажет ететін спорт түрі екені белгілі. Осы орайда, Степногорск қаласының көпсайысшылары жарысқа үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Қысқы спартакиаданы тамашалауға келген жұртшылықтың есінде қалар ең қызғылықты жарыс – отбасылық мәре сайысы болғандығын атап өткен жөн. Салауаттылықты насихаттап, дені сау, аяқ-қолы балғадай жас ұрпақты қалыптастыруға негіз болатын бұл сайыс тартымды ғана емес, өте тартысты да болды.
Барынша тартысты өткен сайыс нәтижесі екшеліп, бағалары беріліп, қорытындылана келе, жалпыкомандалық бірінші орынды Зеренді ауданының, екінші орынды Астрахан ауданының, үшінші орынды Аршалы ауданының командалары иеленді. Ал, қалалар бойынша Көкшетау бірінші, Щучинск және Степногорск қалалары екінші және үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.