Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде әлемдік нарықта болып жатқан қүрделі жағдайдың әсеріне қарсы тұру, көктемгі су тасқынының алдын алу, өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық шаралары қаралды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда әлемде қалыптасып отырған қиын экономикалық жағдайға байланысты жуырда Үкіметке мемлекеттік бюджетті қайта қарастыруға тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, басы артық шығындардың бәрі қысқартылып, бюджет қаржысы тек маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы керек. Аппарат кеңесінде осыны тілге тиек еткен облыс әкімі 2020 жылдың бірінші тоқсаны аяқталуға жақын екенін, осы кезеңге мемлекеттен бөлінген қаражатты мақсатты игеріп үлгеру керектігін айта келе, 19 наурызда өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына дейін тиісті ведомство басшыларына бюджетті қайта қарауға тапсырма берді.
Сондай-ақ, Ермек Маржықпаев мемлекеттік сатып алу, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау қалай жүргізіліп жатқандығының жай-жапсарын да сұрап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алуы және жұмыспен қамтылуы тиіс екенін, ешбір мұқтаж отбасы сырт қалып қоймауы керектігін қадап айтты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советовтың айтуынша, 598 елді мекеннің тек 165-інде ғана қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл облыста қардың мөлшері бірнеше есе көп. Департамент бастығы апта соңына қарай ауа райының жеті градусқа дейін жылынатынын, соның салдарынан облысымызда су тасқыны болуы ықтимал екенін жеткізді. Осы ретте, облыс әкімі өз орынбасарларына және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдеріне аудандармен байланысқа шығып, су тасқынының алдын алу шараларын ширата түсуді қатаң тапсырды.
Аппарат кеңесінде облыстық ауыл шаруашылығы, мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармаларының басшылары өз салалары бойынша есеп беріп, биыл күзде облыс орталығында өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық шаралары да пысықталды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.