Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова: «Әдеп – мемлекеттік қызмет негізі» - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова: «Әдеп – мемлекеттік қызмет негізі»

2015 жылдың желтоқсан айында республика мемлекеттік органдарында алғаш рет әдеп жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бұл органға мемлекеттік қызметкерлердің этикалық қағидаттарды сақтауын бақылау міндеті жүктелді. Біз, осы орайда, Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділованы әңгімеге тартып, аталған жұмыстың ұйымдастырылуы және мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексі нормаларын бұзуға неліктен жол беретіндігі жөнінде айтып беруін өтінген едік.

– Айнагүл Балғожақызы, әдеп жөніндегі өкіл ретінде сізге қандай міндеттер жүктелген?
– Ең алдымен, мемлекеттік қызметкерлердің этикалық нормаларды сақтауын бақылау назарда ұсталады. Мен мемлекеттік қызмет заңдылықтарына қатысты мүмкін болған сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оны болдырмаудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруға міндеттімін. Мұндай келеңсіздік орын ала қалған жағдайда құқық бұзушылыққа барудың себебі мен шарттарын терең зерттеуге негізделген талдау жүргізіп, басшылыққа оны жоюға байланысты ұсыныс енгізуім қажет. Анықталған мәселелердің себеп-салдарын ашып көрсету мақсатында маған тиісті деректер мен құжаттарды сұрату құқығы берілген. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, оларды қорғау мен әділдіктің орнығуына бағытталған шаралар қолданылады. Бұған қоса, әдеп жөніндегі уәкіл өз өкілеттігі шеңберінде қажетті кеңестер бере алады.
– Өзіңіздің тәжірибеңізге сүйеніп, мемлекеттік қызметкерлер қызметтік этика, кодекс нормаларын неліктен бұзатынынан дерек бере аласыз ба?
– Мен мінез-құлық стандарттарын бұзатын мемлекеттік қызметкерлерді үш санатқа бөлер едім. Біріншісі – қайсыбір нақты жағдайды бағамдауда қолданыстағы заңдылық талаптарын жете білмейтіндер. Екіншісі – мұны білгенімен, іс жүзінде оны дұрыс қолдана алмайтындар. Және үшіншісі – заңдылық нормаларын білгенімен, оны қасақана бұзатындар. Соңғы мысал құқықтық нигилизм (құлықсыздық) ретінде бағалануы тиіс. Ендеше бұларға қатысты жағдай түсінікті. Ал, алғашқы екеуіне байланысты, олардың тарапынан құқық бұзушылыққа жол бермеуде әдеп уәкілі институты әбден қажет.
– Сіз атқарылған жұмыстардың нәтижесін қалай бақылап отырасыз?
– Әдеп жөніндегі уәкіл қызметтік этика нормаларының сақталуы, сондай-ақ, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал туралы мониторинг жасау мақсатында жарты ай сайын анонимді сұрау салу жүргізеді. Онда барлығы 14 сұрақ қамтылып, бұлардың әрқайсысында «иә», «жоқ», «үнемі емес» және «сіздің нұсқаңыз» деген жауаптардың бірі көрсетіледі. Ал, анкетадағы сұрақтар төмендегідей сипатта берілуде: «мен жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығы пікірлерімді әрдайым ескеріп отырады», «мен қызмет атқаратын ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал маған ұнайды», «мен жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығы маған деген шынайы көзқараста», «мен өзім жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығына сенемін» және басқалар.
– Облыстың қандай мемлекеттік органдарында анкеталық сұрау салу жүргізілді және оның қорытындылары нені айтады?
– Анонимді сұрау салу Көкшетау, Степногорск қалалары мен аудандар әкімдіктерінде, облыс әкімінің аппаратында, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, жер қатынастары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, ішкі саясат басқармаларында, мемлекеттік еңбек инспекциясында өткізілді. Бұл шараға 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер тартылды. Қорытындыларды талдау барысы «иә» деген жауаптың 35-тен 100 пайыз аралығында, ал, «жоқ» және «үнемі емес» сияқты жауаптар 0-ден 67 пайыз аралығында екендігін көрсетті. Анонимді сұрау салудың жинақталған ақпараты облыс әкімі аппараты басшысының қарауына жолданды. Дегенмен, сұрау салу арқылы түпкілікті қорытынды жасау мүмкін емес. Өйткені, мемлекеттік органдағы жағдайды бағалаудың шегенделген немесе тұрақты өлшемі жоқ.
– Мемлекеттік емес органдардың қызметкерлері әдеп жөніндегі уәкілге өтініш жасай ала ма?
– Әрине. Әр бейсенбі сайын мемлекеттік қызметкерлермен және басқа санаттағы азаматтармен қабылдау өткіземін. Қажет болған жағдайда телефон арқылы сөйлесуге болады. Бізде сенім телефоны жұмыс істейді. Әдеп жөніндегі уәкіл туралы қажетті ақпарат Ақмола облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылған.
Ағымдағы жылы 3 мемлекеттік қызметкер ресми түрде әдеп жөніндегі уәкілге өз өтініштерімен келді. Өткен жылы әртүрлі сұрақтармен және кеңес алу үшін 70-тен астам адам хабарласты, оның екеуі анонимді түрде.
– Әдеп жөніндегі уәкіл 2020 жылы қандай мәселелермен айналысады?
– Жұмыс ауқымы кең. Басты мақсат – мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, азаматтық қоғам институттары және мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекеттік қызмет заңдылығын бұзудың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа және Әдеп кодексін бұрмалаушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізу.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар