Жерлестеріміз Қаратай Темірлан мен Әзиз Ғасымов грек-рим күресінен республикалық турнирде жүлделі бірінші және үшінші орындарды жеңіп алды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Семей қаласында Олимпиада, Әлем чемпионы, КСРО-ның еңбегі сіңген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесі үшін грек-рим күресінен республикалық турнир өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен 160 спортшы қатысып, боз кілемде күш сынасты. Облысымыздың намысын Жақсы ауданындағы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінің үш балуаны қорғады. Олардың арасында 72 келі салмақта Қаратай Темірлан турнир жеңімпазы атанды. Жерлесіміз бес кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Сондай-ақ, 63 келі салмақта сынға түскен Әзиз Ғасымов үшінші орыннан көрінді. Балуандарымызды тәжірбиелі бапкерлер
Юрий Мельниченко мен Артем Савицкий жаттықтырады.