Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дүрлікпейік! Азық-түлік тапшылығына жол берілмейді! - АРҚА АЖАРЫ

Дүрлікпейік! Азық-түлік тапшылығына жол берілмейді!

Еліміздің сауда және интеграция министрлігі еліміздегі коронавирус жұқпасына орай жарияланған төтенше жағдай талаптарына сәйкес азық-түлік дүкендері мен базарлар өз жұмысын тоқтатпайтындығын хабарлады. Бұл орайда, «Азық-түлік және басқа да заттарды сататын шағын дүкендер, сондай-ақ, сауда ойын-сауық орталығынан тыс жерде орналасқан шағын және орта бизнес сауда нысандары иелерінің қалауы бойынша жұмыс істей береді» деп айтылды. Ал, жалпы, дүкендер мен базарлардың жұмыс уақытын қысқарту жөніндегі шешімді қала және облыс әкімдері қабылдайды.

Облыста бұл мәселенің мән-жайы қалай екендігін анықтау және сауда орталықтарының сөрелерінде азық-түлік тапшы деп редакцияға келіп түскен кейбір ақпараттарды тексеру мақсатын бірқатар сауда орталықтарын аралап көрдік.
Елімізде коронавирусты жұқтырған адамдар анықталған бірінші күні, яғни, 13 наурызда облыс орталығындағы сауда орталықтары мен базар дүкендерінде халықтың қарасы өте көп болды. Шет мемлекеттердегі төтенше жағдайларды ескергендері болуы керек, азық-түлік дүкендеріндегі ұзын-сонар кезектер сауда орталықтары жабылған кезде бір-ақ тарады. Бұл жағдай сенбі күні де байқалды. Халық азық-түлікті арбалап әкетіп жатқандығының куәсі болдық. Ұн, қант, макарон, күріш, сұйық май өнімдерін 5-10 келіден алып жатқан адамдарды көрдік. Орталықтағы «Рубин», «Орталық базар», «Орталық Смолл» сауда орталықтарында адам өте көп болды. Ішіне кіріп, шығуың бір мұң болды. «Көкше-Қамқор» әлеуметтік сауда орнындағы жеңілдікпен сатылатын азық-түлік сауда орындарында азық-түліктер лезде бітіп қалды. Дегенмен, жексенбі күні сауда орындарындағы әуре-сарсаң саябырлады.
Дүйсенбі санитарлық күн болуына орай, «Орталық базар» жұмыс істемеді. Дегенмен, азық-түлік сататын үлкен сауда кешендерін аралап көрдік. «Арбат» сауда үйінің азық-түлік сататын кешенінде сатып алушылар қатары аз. Анау айтқандай үлкен әуре-сарсаң бұл жерде білінбейді. Азық-түлік, жемістер мен көкөністердің сөрелері толық. Алайда, ет тоңазытқышы босап қалыпты. Сатушыны тілге тартып едік, «сенбі-жексенбі күндері халық көп болды, талап әкетті. Бүгін ет болмайды, ертең де белгісіз. Бірақ, жақын арада жеткізілуі мүмкін» деп қысқа қайырды. Баға жағына келетін болсақ, айтарлықтай бағаның көтерілгені байқалмайды, баға тұрақты.
Әуелбеков көшесінің бойында орналасқан «Смолл» дүкенінде де азық-түлік сөрелері толып тұр. Бірақ, ішінде сатып алушылар өте көп. Дені орта жастан жоғары, зейнеттегі адамдар. Арбаларын толтырып, ұн, сұйық май, қант, жұмыртқа, сүт, күріш, макарон секілді өнімдерді көптеп алып жатыр. Бір-екі адаммен сөйлесіп едім, «қазір халық коронавирусты айтып шулап жатыр. Оның үстіне елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ұзынқұлақтан азық-түлік дүкендері тауарсыз қалуы мүмкін дегенді естіп, азырақ азық-түлік алып жатырмыз. Кім біледі?!» деді зейнет жасындағы Құрманбай атамыз.
«Орталық Смолл» кешеніне дүйсенбі күні түстен кейін барғанымызда азық-түлік сөрелеріндегі макарон өнімдері, күріш, сары май, жұмыртқа, йогурт, айран, сүт өнімдері азайыпты. Адамдар аса көп емес, бірақ ұн, сұйық май және күнделікті күнкөріске қажетті азық-түлік өнімдерін көптеп алып жатқандарын байқадық. Бірақ, бұл кешенде азық-түлік қоры жеткілікті. Арбаларын нығыздап, әкетіп жатқан сатып алушылар болды. Алайда, сөрелер көз алдымызда қайта толтырылып жатты. Азын-аулақ пікірлер алайық деп едік, әкімшілердің ешқайсысы келіспеді. Тіпті, бос тұрған сөрелер түгілі, лық толы арбаларды да түсіруге рұқсат бермеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қаладағы сауда орталықтарының азық-түлік кешендерінде біразға жетерлік қор бар. Халықтың әуре-сарсаңға түсуі қажет емес. Жаһанды жайлаған жұқпаның елімізге келуі салдарынан азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыттары ғана шектелуі мүмкін, ал, тапшылық мәселесі болмайтын тәрізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар