Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауға футбол келді - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауға футбол келді

немесе «Оқжетпестің» қатарынан үшінші жеңілісі

Иә, Көкшетауға футбол келді. Бірақ, жылдағыдай үлкен футбол деп айта алмаймыз. Өйткені, өзге елдерді былай қойып, Қазақстанға да келіп қалған коронавирус миллиондардың сүйікті ойынына да әсер етпей қойған жоқ. Әлем стадиондарда жанкүйерлерсіз өтетін футбол матчтарына ерте көшкен. Енді ол бізге де келді. Көкшетауда Премьер-Лиганың екінші тур ойыны да жанкүйерлердің қатысуынсыз, тек футболшылардың өзара кездесуімен өтті. Трибуналарда бірде-бір адам жоқ. Мұндай жағдайда жанкүйерлер болмаса да, туған қабырғаңның өзі көмектесуі тиіс. Бірақ, ол бірінші ойында Шымкенттің «Ордабасынан» 1:0 есебімен, одан кейін 23-інші турдың ерте өткізілген ойынында Алматының «Қайратынан» 5:0 есебімен ұтылған «Оқжетпеске» бұл жолы да көмектеспеді. Сөйтіп, жерлестеріміз екі сырт ойынға қоса, өз алаңындағы ойында да Қызылорданың «Қайсарынан» 0:1 есебімен жеңіліп тынды.
Осылайша тым болмаса, өзімізде қауқар танытар деген үміт мүлдем ақталмады. Неге десеңіз, бұдан бұрын жазғанымыздай «Оқжетпестің» ойыны сол баяғысынша сылбыр. Мүмкін «коронавирусқа байланысты стадионға келе алмай, біздер үшін үйлерінде Қазақстан кәсіпқой футбол федерациясының репортажына телмірген жанкүйерлерімізді жерге қаратпайықшы» деген ой болған шығар. Бірақ, бұған биылғы деңгейлері мұрсат бермеді.
Бүкіл бірінші тайм бойы қонақтардың басымдылығы айқын сезіліп тұрды. Олар шабуылдап, біздің футболшылар қорғаныста жатып алды. Соның өзінде қақпаны голдан аман алып қала алмады. Ойынның оныншы минутында Элгуджи Лобжанидзе айып алаңындағы біздің қорғаушылардан сытылып барып, баспен допты қақпаға дәл түсірді. Бұдан кейін де қайсарлықтардың «Оқжетпеске» гол соғатын мүмкіндіктері болды. Қысқасы, қонақтардың біздің футболшылардан шеберліктері, оған қоса, жеңіске деген жігерлері әлдеқайда жоғары екені көрініп тұрды.
Екінші таймда әділін айту керек, «Оқжетпес» ойынды теңестіруге біраз күш салды. Дегенмен, жанкүйерлердің айызы қанатындай сәтті бір ойын өрнегін көрсете алған жоқ. Соған орай, есте қалатын бір қауіпті сәттерді де байқай алмадық. Ал, «Қайсар» болса, екінші голын соққысы келіп, біздің айып алаңын бұрынғыдай мазалап қоюды ұмытқан жоқ.
Сонымен, біздің команданың сылбыр қимылынан не түйдік? Биыл клуб құрамында осындай қысылған сәттерде ойын тізгінін өз қолына алатын үздік футболшылардың жоқтығы үш ойын бойы айқын аңғарыла түсуде. Командадан кеткен бразилиялық Данила Алмейда, тағы басқа футболшылардың орнына келген легионерлерден әзірше ешқандай мән жоқ. Тіпті, Премьер-Лигаға бірінші лигадан оралған Петропавлдың «Қызылжар», Ақтаудың «Каспий» командаларының өзі қарсыластар қақпасына алды екі доптан салып үлгерді. Ал, «Оқжетпес» өз қақпасына үш ойында жеті бірдей доп жіберіп алып, өзі бір гол салуға жарамай отыр. Бұл нені көрсетеді? Шабуыл өтінде ондай шалт қимылды ойыншының жоқтығын. Осындайда көңілге клуб басшылығы қайткенде де, былтыр өте жақсы ойынымен көзге түскен сол Алмейданы басқа жаққа жібермей, өзімізде алып қалуы керек еді деген ой келеді.
Бұл екі ортада Президенттің коронавирусқа байланысты елімізде төтенше жағдай жария-лау туралы Жарлығына сәйкес, жоғары топтағы Қазақстан футбол чемпионатының ойындары да уақытша тоқтатылып, белгілі бір уақытқа кейінге шегерілетін болды. Әзірше «Оқжетпес» турнир кестесінің ең соңғы орнында. Жағдай осылай қала бере ме, әлде үзілістен кейін команда ойынынан бір оң өзгеріс байқала ма, оны уақыт көрсетеді. Ал, бүгінгі күні біріншілікті осыншама сүреңсіз бастаған командаға жанкүйерлер өкпесі қара қазандай екендігі айтпасақ та түсінікті.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар