Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы наурыздың 16-сы, сағат 08:00-ден 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді. Және де Мемлекет басшысының телевизиялық Үндеуінде айтылған аса қауіпті індеттен халықты аман сақтау мақсатында Ақмола облысында да жедел шаралар жүзеге асырыла бастады. Бұл мәселе облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың ұдайы бақылауында тұр.
Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, облыс орталығындағы бірқатар мекемелердің коронавируске қарсы профилактикалық шараларды жүргізуге дайындығын тексеру мақсатында журналистердің баспасөз турын ұйымдастырды.
Баспасөз туры аясында аталған ведомство және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен Көкшетау қалалық әкімдігінде болды. Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап қалалық әкімдік күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимге көшкен. Мекеменің кіре берісінде азаматтардың дене қызуы арнайы аппаратпен өлшеніп отырады. Көкшетау қалалық әкімдігі аппаратының басшысы Серік Құдабаев әкімдіктің бірінші қабатында және мәжіліс залында рециркулятор деп аталатын ауа тазартқыш құрал орнатылғанын айтты.
Бұдан кейін баспасөз туры өткен сенбіде маска өндірісін қолға алған «Тыныс» акционерлік қоғамында жалғасты. Қазіргі таңда кәсіпорында бір ауысымда 4 мың мас-ка жасап шығарылуда. №9 тігін цехының бастығы Медебай Қайырбекұлы маска жасау-мен әзірше екі ауысымда 55 адам айналысып жатқанын, алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру жоспарда барын айтты.
– Масканы өзімізде бар мақта-мата материалдан жасадық. Бұл медициналық маска емес. Оны жуып, бірнеше рет пайдалануға болады. Өзіміздің қызметкерлеріміз маскамен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Көкшетау автобус паркіне де маскалар жібердік. Алдымен, әлеуметтік мекемелерді қамтамасыз етеміз. Сосын дәріханаларға жеткізу мәселесін ойластырамыз, – деді цех бастығы.
Облыс орталығында коронавирустің алдын алуға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық шараларды алғашқылардың бірі болып қолға алған мекемелердің бірі – Көкшетау теміржол вокзалы. Вокзал бастығы Роза Арыстанқызының айтуынша, станциядан тәулігіне он пойыз өтеді. Пойыз жолаушылары жүріп өткен сайын вокзал дезинфецияланып, желдетіліп отырады. Сондай-ақ, жолаушылар қолдарын тазартып отыруы үшін вокзал ішінде екі диспенсер орнатылған. Және де коронавирус қаупі, одан сақтану шараларын вокзал қызметкерлері сәт сайын хабарлап отырады.
Бүгінде облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде, Көкшетау әуежайында да коронавирустің алдын алуға байланысты дезинфекциялық шаралар тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр деуге болады. Баспасөз туры кезінде Көкшетау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Қанат Ысқақов бірге болды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.