Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғылымдағы тау көтерген толағай - АРҚА АЖАРЫ

Ғылымдағы тау көтерген толағай

Зайыры кез-келген елдің болашағын бағдарлап, ілгері даму жолында білім мен ғылымның орны бөлек екендігі әлмисақтан белгілі. Төрт құбылаңызға көз салып қарасаңыз, білімі берік, ғылымы қарыштап дамыған жұрт көш басында екендігі көрініп-ақ тұр.

Тәуелсіздік алғалы отандық ғылым мысықтабандап болса да алға жылжып келеді. Қаншама қиындық, қолбайлаумен жағаласа отыра. Қамқорлық кемшін түсіп жатса да. Осы саладағы табыс пен тағылымды таразы басына тартар болсаңыз, соңғы бес жыл ішінде отандық ғылымның табысы бар екендігін болжауға болар еді. Иә, ғылым бар, жаңалығы да аз емес. Тек сол жаңалықты өндіріске енгізіп, нәтижесін игілікке жарату қиын түйінге айналғалы қашан. Бұл орайда, ғылым мен нақты істі ұштастыра жүргізгендердің шоқтығы биік. Жерлесіміз Жанмырза Нұрмағанбетов осындай практик ғалымдардың бірі.
Әуел баста кез-келген адамның маңдайына қона бермейтін, пешенесіне жазыла қоймайтын абырой қалай бұйырды дейтін сауалға жауап беретін болсақ, Жанмырза Омарұлы еңбек жолын кәдімгі инженер-технолог болып зауытта бастаған. Құю цехында зауыт шығаратын бұйымдарды қалыптап, қара жұмыстың дәмін татқан. Мән-жайды қапысыз ұққаннан кейін өздері өндіретін бұйымдардың сапасын жетілдіруді ойлап, ғылыми-зерттеумен айналысқан.
Айтпақшы, өмір бойы жан жүрегінің қалауымен айналысып келе жатқан, өзі үшін де, қоғам үшін де аса пайдалы осы жолға қалай түсіп еді. Оқырман қауым кейіпкеріміздің жан дүниесін, парасат биігін, білімі мен білігін тану үшін сөз басын әріден сабақтайық. Степняк қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1967 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түскен. Жоғары оқу орнын құю өндірістерінің машиналары мен технологиясы мамандығы бойынша 1972 жылы тәмамдап шыққан. Сол кездегі Целиноград қаласында жылу жабдықтарын өндіретін зауыт болды. Міне, осы зауытта білімін тәжірибемен ұштастырды. Сондағы бір көкейге түйгені, өндіретін өнімнің берік сапасы. Ол үшін не істеу керек? Күндегі таптауырын жолды ғылыми жаңалықтармен жаңартқан ләзім. Төрт жыл ішінде осы бағытта тынбай ізденді. Ұғынғаны, ғылыми зерттеу жұмыстарын арнайы институттарда қолға алған дұрыс екен. Демек, жас ғалымның бұдан былайғы жолы осы бағытпен сабақталғаны ләзім. Жанмырза Омарұлы алға қойған асқаралы мақсатының биігіне табан іліктірмек болып, аспирантураға оқуға түскен. 1976 жылы Қарағанды химия металлургиясы институтына жұмысқа шақырту алған Жанмырза Омарұлы бұл ұсынысты қуана қабыл алды. Қазақ Ғылым Академиясына қарайтын аталмыш институттың аспирантурасында білімін байытты. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалым сол бір кезеңде айрықша өзекті болып, саналатын қоңыр темір рудаларын байытып, оның құрамындағы темірдің мөлшерін мейлінше көбейтіп, концентраттарды агломерация әдісімен кезектеу бағытында жұмыс істеді. Кандидаттық диссертациясын да осы тақырыпта қорғады.
–Қазақ елінің топырағы, оның қолат-қойнауы қазынаға тұнып тұр ғой,–дейді Жанмырза Омарұлы,–мәселен, Лисаковкадағы қоңыр темір рудасы. Қоры да сұрапыл. 3 миллиардтан бастау алып, 10 миллиард тоннаға жетеді деген болжам бар. Өкінішке орай, игерілмей жатыр. Мен қаузап зерттеген тақырып осы төңіректе болатын.
Жас ғалымның табанды еңбекпен зерттеген жұмысы жоғары бағаланып, өндіріске енгізілді. Қияпат шаруасы көп, кез-келген ғалым бел буып індетіп іздей алмайтын осы төңіректе Жанмырза Омарұлының абыройы асқақтады. Авторлық куәлік алды. Айтқандайын, жас ғалымның темірді өңдеу технологиясы Асселор Миттал Теміртау зауытында әлі күнге дейін қолданылады.
–Мен дайындаған технология әлі күнге дейін жұмыс істеуде. Әуел баста қанша тырысқанымызбен, темірдің құрамы 49 пайыздан аспады. Кейінгі зерттеулердің нәтижесінде 60 пайызға дейін көтерілді. Ендігі арада Лисаковск концентраттарына жаңа технология қажет. Бүгінгі таңдағы басты мәселе осы.
Сөз арасында Лисаковск рудаларын тиімді пайдаланып, тереңірек зерттеу мақсатында ғалымның Ресейдегі Урал технологиялық институтында өткізген ілкімді ізденіске толы жылдары жайлы да айта кетуге болады. Қазір бұл институт Ресейдің бірінші президенті Б.Ельцин атында. Міне, осы іргелі оқу орнында үш жыл еңбек етіп, өзі қолға алған тақырыпты тереңірек қамтып, ғылыммен шұғылданды. Үш жылғы жұмысының ізденіс нәтижесін докторлық диссертациясында пайдаланды.
Тәжірибесі толысқан ғалым Ақсу феррақорытпа зауытында агломерация жасайтын фабриканың іске қосылуына себепші болған адам. Бұл зауыт күні бүгінге дейін ғалымның жаңа технологиясы бойынша жұмыс істеуде. Бір айта кетерлігі, экономикалық тиімділігімен қатар, экологиялық пайдасы да зор. Оның үстіне зауыт жұмысшыларының қауіпсіздік мәселесі де шешілген. Таратып айтатын болсақ, зауытта төтенше жағдайлар күрт азайып, ауаға ұшатын зиянды заттардың мөлшері азайған.
–Бұрын хром рудаларының ұнтағынан агломерат алу мүмкін емес делініп келінген. Мен алуға болатынын тәжірибеде дәлелдеп, арнайы қондырғы жасап, пештерде балқытып көрсеттім. Осындай ізденісімнің арқасында Ақсу феррақорытпа зауытында агломерация жасайтын фабрика іске қосылды. Қазір фабрика жұмыс істеп тұр.
Бұл жерде өз міндетін мінсіз атқарып, табыстың тайқазанын қайнатқан ізденімпаз ғалым Ақтөбеге арнайы шақырту алады. Сөйтсе, бұл өңірдегі жоғары оқу орындарында құю өндірісін қапысыз игеретін мамандар бұрын-соңды оқытылмай келген екен. Енді осы олқылықтың орнын толтыру Жанмырза Омарұлына жүктелді. Металлургия кафедрасы ашылды. Түлектері жүз пайыз зауытқа орналастырылды. Талаптыларына Қарағанды қаласындағы аспирантураға түсуге кеңес берілді. Өзі жетекшілік жасады. Он ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарды. Жанмырза Омарұлы өзі ғана тыңға түрен тартып тынбай ізденген ғалым емес, әрі ұстаз да. Ғалым ғибраты Екібастұз қаласындағы Қаныш Сәтпаев атындағы инженерлік-техникалық институтта кеңінен мағлұм болды. Аталмыш оқу орнында ғылым жөніндегі проректор міндетін атқарды. Араға біраз жыл салып, Павлодар мемлекеттік институтының ректоры қызметін атқарды. Ректор болып жұмыс істеп жүрген кезінде бірнеше жаңа мамандықтар оқытыла бастады.
Кейіпкеріміздің пайымдауынша, өмірдің өзі күрес. Ал, бұл болса боз кілемнің үстінде шыңдалған, ең алғаш ірі жарысқа қатысқаны әлі күнге дейін жадында. Қырғызстанда өтіп еді. Халықаралық самбошылар чемпионаты. Ауыл баласы әуелі бір жылдай еркін күреспен шұғылданған. Кейін көркем гимнастикаға қатысты. Спорттың осы түрі өте пайдалы болды. Кейін Қарағанды қаласында оқып жүрген кезінде самбо күресі қызықтырған. Бір жылдың ішінде топ жарды. Әуелі қаланы ұтты, кейін облыстық жарыстарда маңдайы жарқырады. Әдіс-айласы молайып, тәжірибесі толыса келе, республикалық жарыстарда атой салды. Халықаралық самбо күресінен өткен дүбірлі додаларда бірінші орынды шаппай алатын деңгейге жетті. Самбодан КСРО спорт шебері атанды.
–Менің өне бойы өзімді-өзім жинақы ұстап, кез-келген істі аяғына дейін жеткізіп, қиындықпен қасарыса күресуімнің ең басты себебі осы күреспен айналысқандығым,– дейді Жанмырза Омарұлы,–күрес мені шынықтырды, шыңдады. Өмірде де, ғылымда да қиындық толып жатыр. Күреспесең кімді жеңесің, күресу керек.
Тіршіліктің ақ бас толқындарының ағысында кетіп қалмай, өршелене алға ұмтылған жерлес ғалым бір пенденің пешенесіне толық жазыла бермейтін толымды табыстарға қол жеткізді. Тәубе деуге болады. Бүгінде туған жеріне оралған. Білім мен ғылым жолында табан аудармай, қырық жылдан аса жемісті еңбек еткен білімдар ғалым білім беру ісінің құрметті қызметкері. 170-тен аса ғылыми еңбегі жарық көрген. Олардың бірқатары республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған. Ғалымның монографиялары мен әдістемелік құралдары ғылыми ортада жоғары бағаланып, сұранысқа ие болып жүр.
Өмірі – өнеге, еңбегі – қоғамға пайда. Әлі де жылдар бойы жинаған ғылым жүгін туған елінің түтінін түзу ұшыруға жұмсасам дейді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар