COVID-19 коронавирусының таралып кету қаупінен сақтану мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қаулысы шыққаны белгілі. Қаулыда «Ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын; сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатыла тұрсын» деп көрсетілген.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне орай, біздің облысымызда да адамдар көп шоғырланатын объектілердің жұмыстарына шектеу қою шаралары жүзеге асырылуда. Облыс орталығындағы «ЦУМ» сияқты ірі сауда орталықтары мен мейрамханалар өз қызметтерін шектеді. Дегенмен, азық-түлік, басқа да халық тұтынатын тауарлар сататын дүкендер мен сауда орындары бұрынғыша жұмыс істеуде. Қазір азық-түлік, басқа да күнделікті қажетті тауарлардың тапшылығы сезілмейді.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне орай, ҚМДБ арнайы Пәтуа қабылдады. Онда «Біріншіден, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді. Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда, бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды. Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады. Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни, аз топпен өткізген дұрыс» деп көрсетілген. Көкшетаудағы Науан хазірет атындағы орталық мешітке хабарласқанымызда, мешіттерде имам мен мешіт қызметкерлерінен кезекшілік ұйымдастырылғандығы, жұма намазы, басқа да намаздар мешітте өткізілмейтіндігі, мешіт жанындағы асханалардың да қызметінің тоқтатылғандығы туралы естідік.
«Сақтансаң – сақтайды» дегендей, осынау өмірге қауіпті жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу шараларына жұртшылық та түсіністікпен қарап, халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен ұйымдар, кәсіпорындар қалыпты жұмыс жасауда. Сәуір айының 15-іне дейін созылады деп жоспарланған төтенше жағдайға қатысты шаралар уақытша және жағдай бұрынғыдай өз қалпына келеді деген үміттеміз.
Қалкөз ЖҮСІП.