Ағымдағы жылдың 5 ақпанында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Біз – Жеңістің мұрагеріміз» атты эстафета басталған болатын.
Таяуда Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімде жақсы үрдіс жалғасын тауып, әскери бөлімнің саптық алаңында тағылымды іс-шара болып өтті. Аталмыш жиынға күштік құрылымның басшылары және Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тың еңбеккерлері мен сарбаздар қатысты.
Іс-шара барысында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов басқарған дивизияның Жауынгерлік Туының көшірмесін Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Шораев Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Асқар Файзулинге салтанатты жағдайда табыс етті.
Сөйтіп, Қостанайдан Көкшетауға жеткен бұл эстафетаның басты мақсаты Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру болып табылады. Жиында Ұлы Отан соғысының ардагері Әлімгерей Маженов сөз сөйледі. Тақырыптық кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.