Бізге қалыптасып отырған қазіргі жағдайдың қауіп-қатерін жете бағаламауға болмайды.
Бүгінгі таңда бұл жұқпалы індетке ең көп шалдығу деректері еліміздің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркеліп отыр. 2020 жылдың 30 наурызындағы сағат 11.00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда 293 дерек, соның ішінде, 9-ы Ақмола облысында тіркелді.
Өңірімізде 4 жаңа дерек анықталып отыр. Оның үшеуі елімізде ең алғаш рет коронавирус жұқпасынан қаза тапқан Қосшы ауылының тұрғынымен байланыста болғандар.
1959 жылы туған ер адам мен 2016 жылы туған бала бұдан бұрын Көкшетау медициналық колледжіндегі каратиндік стационарда жатқан болатын. Одан кейін, 1978 жылғы әйел көпбейінді облыстық аурухананың провизорлық бөлімшесінде болған еді.
Төртінші дерек, Қоянды ауылының 1979 жылғы тұрғыны елордада коронавирус инфекциясын жұқтырғаны лабораториялық расталған науқаспен байланыста болған.
Аталған науқастардың барлығы қазіргі таңда Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансеріндегі жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды.
Бүгінде облыс стационарларында 97 адам жатыр.
Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің жұқпалы аурулар бөлімшесінде 9 науқас ем қабылдауда.
Провизорлық стационарларда жатқандардың саны – 35.
Карантиндік стационарларда (бақылауда) – 53 адам.
Үй карантинінде – 264 адам.
Құрметті ақмолалықтар! Мемлекетіміз халықты коронавирус пандемиясынан сақтау мақсатында барын салып тырысуда, осыған байланысты бірқатар алдын алу шаралары жасалып, шектеулер енгізілді, олардың бәрін қатаң сақтау қажет!
Барша азаматтарды мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға түсіністікпен қарауға және оларды бұлжытпай орындауға шақырамын. Табанды түрде талап етеміз, үйде отырыңыздар! Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар! Бірге барлық қиындықтарды жеңіп шығамыз!