Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы
–Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
–Адамның басты қасиеті Адам боп қалуында шығар. Дегенмен, кісілік пен кішілікке не жетсін!?
–Ер азаматтың басты қасиеті ше?
–«Құлпытастың көз жасы» атты драмалық шығармамда басты кейіпкерім Жамалдың: «Еркегі сайқалданып кеткен мына заманда не ақыл-ес қалды дейсің?» –деп бір айтатыны бар еді. Ер-азаматтың басты қасиеті – ақыл мен парасат, жігер мен намыс!
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Әр адам өзінше бақытты! Менің бақытым – осы күйім, осы тіршілігім!
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
–Бала кезімде оқыған «Батырлар жырындағы» Қобыланды, Ертарғын, Алпамыс… Сонымен бірге Абай, Ұлпан, Ақан сері…
–Ең басты кемшілігіңіз қандай?
–Бәріне сене беретіндігім.
–Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– «Фейсбукте» пікір жазамын, кітап оқимын, немерелеріммен бірге болуға тырысамын, далада серуендеп жүремін.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
–Бұл өмірге екінші рет келмей-ақ қойған да жақсы шығар!
–Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
–Өз елімде, Қазақ елінде!
–Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
–Адамдарды адалдық жолына сала алсам ғой.
–Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
–Өзіме жалған бір жала жабылған кезде.
–«Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
–Жаратқан иемізге сену бұл. Соның мандайыңа жазғаны болады.
–Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?
–Барлық әлеуметтік желілер мен өзге де ақпарат құралдарында адам баласының айуандығы мен жамандығын, адамды аздыратын жайларды жария еткізбей, бірден өшіріп тастап отыратын құрал ойлап шығарар едім.
–Неден жиіркенесіз?
–Ер азаматының алдына түсіп, жолынан да, аузынан да қағып отыратын әйелден.
–Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
–Бекежан… Құлагерді құлатқан қарақшы.
–Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
–«Қазақтың өлген кісісінің жаманы жоқ» (Абай).
–Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
–Анамды ойласам.
–Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
–«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын…»
–Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
–Бір-біріне деген жанашырлық пен біріне-бірі болсын дейтін ниет жоғалып бара ма деймін.
–Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
–Осы күнгі ақындар мен жазушылардың бәрі де өздерін мықты санайды емес пе? Қайсыбірін айтарсыз?
–Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
–Еркін сезінетіндіктері ұнайды. Алайда, бүгінгі әдебиет тек өздерімен басталғандай, әдебиет енді түзелгендей ұшқары ойлайтындарын көрсетіп алады.
(«Қазақ әдебиеті» 20 наурыз 2020 жыл).