Көкшетау қалалық емханасы қызметкерлерінің бастамасымен және еріктілер ұйымдарының қолдауымен облыс орталығы аумағында егде адамдар мен кембағал жандарға медициналық мекеме тарапынан берілетін тегін дәрі-дәрмектерді жеткізіп беру шарасы жүзеге асырылуда.
Игілікті іс 19 наурыздан бері жалғасып келеді. Осы аралықта бұл шараға 25 ерікті жұмылдырылып, олар екі жүзге жуық мекенжайға тиісті дәрі-дәрмектерді жеткізіп берді. Сонымен бірге, осы шараны ісе асырып жүрген жастар қауымы мемлекеттік мекемелердің ардагерлері мен ересек тұрғындар тарапынан зор алғысқа ие болып, ризашылықтарына кенелуде.
Аталған шараның басты мақсаты адамдардың дәріханалар мен емханаларда көптеп кезек күтіп шоғырлануына жол бермеуге және әлемді дүрліктірген коронавирус жұқпасының таралуының алдын алу үшін медициналық қызметкерлерге қол ұшын созуға бағытталып отыр. Осындай игілікті шараларды қолға алған жастар қауымына ересектер қауымы дән риза.
Ы.ШАМШИЕВА.