Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұмысымызға жаңалық әкеліп еді - АРҚА АЖАРЫ

Жұмысымызға жаңалық әкеліп еді

Тынымсыз уақыт желмаядай желгенімен, оның керуен көшінде тіршілікке нәр берген игі жақсылар ұмытылмайды. Ақмоланың ақ адал, Ерейменнің ерен перзенті, көп жылдар бойы «Арқа ажары» газетінде журналистік, азаматтық парызын абыроймен атқарған қымбатты әріптесіміз Ілияс Қарағозин ағамыздың бұл фәни дүниеден бақиға көшкеніне 2020 жылдың 30 наурызы күні тура бір жыл толды. Аман болса, биыл 80 жасқа келіп, қаламдастары, ағайын, туыстарымен осы қуанышын бөлісіп жатар еді. Бірақ, әрқайсымызға өлшеп берілген тағдыр сызығы оған жеткізбегенімен, жарқын бейнесі жүрегімізде. Асыл азамат, оның болмыс-бітімі, шығармашылық мұрасы туралы төмендегі мақалалар соның айқын айғағы деп білеміз.

…Уақыт шіркінде тоқтау бар ма?!. Ардагер ағамыз, қарымды қаламдасымыз Ілияс Әшімұлының мәңгілік мекенінде тыныс тапқанына да бір жыл болып қалыпты-ау… Не айтуға болады… Ойыңа әр түрлі жайлар түседі, бірге қызмет еткен кездегі оқиғалар елес береді…

Мына бір әпсана ойға оралып отыр. Емен ағашы өзі жуан, жапырағы мол, тамыры кең жайылғанымен, әлдеқалай қатты дауыл соқса, бірден опырылып түседі. Ал кербез қайың ағашы өзі жіңішке, нәзік болғанымен, сол дауыл кезінде ығына қарай майысады да, жел басылған соң бойын тіктеп, ештеңе болмағандай жайқалып тұра береді ғой…
Ілекеңді мен өзім осы қайың ағашына теңер едім. Өмірде де қызмет барысында да небір қиыншылықтарға жасымай сол келеңсіз жайлармен күресе білген ағамыз еді, ол. …Өткен ғасырдың 1979 жылының шілде айының соңында Ілияс Қарағозин Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп, редакциямыздың жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. Жаңа басшымыз жұмысты ұйымдастыруда жаңалықтарды да ала келді деп айтар едім. Ең алдымен бөлімдердегі қызметкерлермен (бұрыннан таныс болса да) жеке әңгімелесіп, пікір алмасты. Жоспарларымызбен танысты. Өз ойларымызды ортаға салдық.
Одан кейін тоқсандық жұмыс жоспарымызға «апталық жоспар» деген жаңалық енгізді. Оның мәнісі мынада еді. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Бөлімдерден түскен материалдар арнаулы папкада жинаулы тұрады да, секретарияттағылар шетінен алып газет беттеріне тоғытып жатады. Кейде қайсы бір мақала кешігіп шығатын жайы да болады.
Міне осының алдын алуда «апталық жоспар» тиімді әдіс болды. Әр бөлім алдағы аптада қандай материал қайда барады, соны белгілеп береді. Жауапты хатшы осының бәрін басын қосып жоспарлап, басшыға бекіттіріп алады. Енді ол міндетті түрде орындалуы тиіс. Солай болды да.
Оған қоса, Ілекең бөлімдер әзірлейтін арнаулы беттердің уақытында берілуін бақылауға алды. Әр ай сайын рет-ретімен «Құралай», «Әдебиет беті», «Шолпан», «Өркен» сияқты арнайы беттер жоспарға сай жарияланып тұрды. «Сұр жебе» сын-сықақ мүйісі де айына екі рет газеттің сенбі күнгі санында төртінші беттен өз орнына жайғасқан еді.
Жауапты хатшының міндеті тек қана бөлімдермен ғана шектелмейтін. Шығармашылық, техникалық қызметкерлердің жай-күй, ахуалы, баспахана мен арадағы мәселелер де бір-бірімен астасып, оңтайлы шешімін тауып жатушы еді. Ұжым болған соң оның бер жағында, қыз-келіншектерден жасақталған корректорлар, машинка басу бюромыз бар, әр түрлі жағдайлар болып жатады. Міне, осының бәрінде де ешқандай әңгіме, дау-дамай тудырмай дегендей, мәселелерді Ілекең өзі жауапкершілігіне алып шешіп жататын. Редакциядағы лауазымды қызметімен қатар, Ілекең ағамыз шығармашылығын да астастыра жүргізіп отырды. Оның өлеңдері, әңгімелері, әзіл-оспақтары өз газетімізде, республикалық газет-журналдарда ұдайы жарияланып тұрды. Кітапты көп оқитын. Және бір қасиеті біздермен ой-пікірлерін бөлісіп отыратын.
Өзімнің пайымдауымша, Ілекең өз мамандығына жан-тәнімен берілген қаламгер деген пікірдемін. Отбасы жағдайына байланысты ол жауапты хатшы қызметінен өз еркімен босап, зейнеткерлікке шыққанға дейін бөлімдерді басқарды. Осы кезеңдерде өндіртіп көп дүние жазды. Астана Ақмолаға қоныс аударғанда бірнеше сериялық мақалалар жариялап, қала әкімдігінің жүлдесін иеленді. Халықтың қамын ойлап, толғанатын қаламгер екендігі осындайда аңғарылмай ма.
Мына бір жайға ерекше тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. 2017 жылдың күзінде газетіміздің шыға бастағанына 100 жыл толуына арналған мерекелік шараны атап өту үшін облыс орталығына жиналатын болдық. Осы хабар Ілекеңе жеткеннен соң оған тас түйін дайындала бастайды. Өзі сырқаттанып жүрсе де, дәрі-дәрмегін қамдап, су жаңа костюм сатып алып дегендей… (Әзіл үшін айтамыз да).
Көкшетауға Астанадан бір топ бұрынғы қызметкерлер барып, негізін қазақтың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллин қалаған басылымның мерейтойын өз дәрежесінде атап өттік. Сондағы Ілекеңнің қуанышы ерекше еді. Өте қатты риза болды. Елордаға көңілді оралды. Бұл жерде айтайын дегенім, Ілияс ағамыз өзінің бүкіл санаулы ғұмырын осы басылымға арнап, бір ғасырда бір келетін мерекенің куәгері болуы еді.
Ілияс ағамыз екі ғасырдың куәсі. Кешегі кеңестік кезеңді де, бүгінгі тәуелсіз еліміздің ілгері қадам басуын да көзімен көріп, ой елегінен өткізіп, қалам тартқан қаламгер. Әрине, қаламдас ағамыздың өмірден ерте озғаны өкінішті ақ. Арамызда болса, биыл 80 жасқа толғанын думандата тойлап, иығына шапан жауып, атап өтіп жатар едік. Бірақ, бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Көңілге бір демеу ететініміз, артында әкелерін ардақ тұтар ұрпақтары, оқырмандармен қауышар шығармалары қалды.

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
халықаралық Жамбыл
атындағы сыйлықтың иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар